Мәдениет

Музейдің табиғат залында 366 экспонат бар

5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің табиғат залында облыстың физикалық-географиялық ерекшеліктері, жер бедері, қазба байлықтары, ауа райы, сирек кездесетін тірі табиғат ескерткіштері, жануарлар мен өсімдіктер әлемі, экологиясы туралы материалдары қойылған. Геологиялық және палеонтологиялық заттардың жиынтығы жеріміздің әлденеше миллиондаған жылдарға созылған табиғи дамуының айғағы іспеттес.

Музейдің табиғат залының бір бөлімі облыстың экологиясына арналған. Жыл сайын 5 маусым күні әлем Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтеді. Ол 1972 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлығына сәйкес, еліміз 5 маусымда Эколог күнін атап өтеді. Қоршаған ортаға зиян тигізетін де айналаны қорғайтын да, оны көріктендіретін де  — адамдар. Қоршаған ортаның кейбір факторларының адам денсаулығына зиянды екені баршаға белгілі. Музейдің экологияға арналған экспозициясында ҚР Конституциясы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бап, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының материалдары Арал теңізінің зардабын тартып отырған (Шалқар, Ырғыз, Байғанин, Темір, Мұғалжар) аудандардың экологиялық апат аймағына жататындығы жөніндегі мәліметтер мен фотоматериалдар қойылған. Табиғат залында 366 экспонат бар.

 Майра БУХАНОВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button