Жаңалықтар

Грант алып, кәсіп ашты

Нәтижелі жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп отырғандардың бірі, Шалқар ауданының тұрғыны — Ақбаян Есенсейітова. 

Ол осыдан екі ай бұрын аталған бағдарлама аясында арнайы курс аяқтап, 583 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, бүгінде шаштараз ісін бастады.

— Жоба аясында арнайы курстан өтіп, теориямен қатар практикалық тәжірибе жинадым. Бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, грант ұтып алдым. Жалпы, бала кезімнен шаш қиюға икемім бар. Осы білетін ісімді кәсіп көзіне айналдырғаныма қуаныштымын. Қазір қай жерде болмасын, шаштараз орталықтары керек. Шаш қиюмен қатар қыз-келіншектердің шашын бояп, түрлі шаш үлігісін де жасаймын. Бағалары қолжетімді деп ойлаймын. Мәселен, шаш қию жұмысы 700-1000 теңге аралығында.

Қазір шаштараз көп. Тұтынушылардың талғамы да әрқалай. Қазір бұрынғыдай емес, балалардың өзі ерекше үлгіде шаш қидырады.

Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың берері көп, — дейді кәсіпкер.

Ақбаян әзірге аудан орталығындағы ғимараттың бірінші қабатынан бөлме жалға алып отыр. Алдағы уақытта 6 пайызбен жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейту жоспарында бар. Бүгінде ол шаштараз кәсібінің қыр-сырын меңгеруге ниет еткендерге арнайы курс та оқытады.

Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Қайрат Смағұловтың айтуынша, былтыр «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында республикалық  бюджеттен Шалқар ауданы бойынша шағын несие алу үшін  81 адамға 290,4 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқу курсын 197 адам бітірген.  Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қайтарымсыз гранттарға 84 адам ие болған.

 А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button