Жаңалықтар

Қазақстанның монополияға қарсы саясатының даму тарихы

7 маусым — Монополияға қарсы орган қызметкерлері күні

1991 жылы 7 маусымда еліміздің алғашқы монополияға қарсы ведомствосы Қазақ КСР Мемлекеттік комитеті құрылды. Жаңа ведомство «Бәсекелестікті дамыту және монополистік қызметті шектеу туралы» Қазақ КСР Заңын тиімді іске асыруды қолға алды.

Бірқатар өзгерістерден кейін 1994 жылы Қазақстан Республикасының монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті Баға жөніндегі комитетпен бірігу жолымен қайта ұйымдастырылды және ұзақ уақыт бойы Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитет болып жұмыс істеді.

1994-1999 жылдары республикада экономикалық дамудың бірнеше жалпы мемлекеттік бағдарламалары, оның ішінде «Үкіметтің реформаларды тереңдету және экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы» қабылданды. Осы бағдарлама шеңберінде монополияға қарсы қызмет және бәсекелестік саясат саласында сауданы монополиясыздандыруға, жүк тасымалдауға, сыртқы саудаға, т.б. бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыру көзделді. Бұл шаралар Үкіметтің бәсекелес ортаны дамыту және монополистік қызметті шектеу жөніндегі шаралар кешенін одан әрі жүзеге асыруды көздеген алғашқы қадамы болды.

2003 жылы бірнеше қайта құрудан кейін ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болып қайта құрылды.

2014 жылы құрамына Статистика агенттігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі кірген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі құрылды. Яғни бәсекелестік саясатты белсенді дамыту үшін айқындаушы жыл болды.

2015 жылы бәсекелестік практикаға Yellow Pages Rule қағидаттары енгізілді, оның мәні салауатты бәсекелес ортаны қолдау үшін мемлекеттік компаниялардың еншілес құрылымдар құруын шектеу және бизнес бар экономика салаларына мемлекеттің араласуына жол бермеу болды. Бұдан басқа заңнамалық өзгерістер арқылы монополияға қарсы органның рөлі күшейтілді. Енді мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын (50%-дан астам) заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерін кеңейту және өзгерту үшін монополияға қарсы органның алдын ала келісімін алу талап етіледі. Сондай-ақ жыл сайын жүргізілген талдаулардың нәтижелері бойынша монополияға қарсы органның бәсекелес ортаға берілуі тиіс квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесін қалыптастыру құқығы көзделді.

«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Елбасының сөйлеген сөзі маңызды оқиға болды, оның шеңберінде ҚР Тұңғыш Президенті әлемдік геосаяси және экономикалық дағдарыс жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды. Осы жоспардың қадамдарының бірі (53-ші) ретінде сол кездегі Мемлекет басшысы монополияға қарсы қызметтің жұмыс тұжырымдамасын өзгерту және оны ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес келтіру қажеттілігін айқындады. Бұдан басқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында монополияға қарсы қызметті күшейтудің маңыздылығын және еркін әрі салауатты бәсекелестікке жағдай жасау шеңберінде реформалар жүргізу қажеттігін атап өтті. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасын ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес келтіру бойынша екі кезеңдік тәсіл туралы шешім қабылданды.

Бірінші кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оған «Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының нормалары имплементацияланған ҚР Кәсіпкерлік кодексіне қол қойды, сондай-ақ монополияға қарсы реттеуді ырықтандыруға, қолданыстағы монополияға қарсы заңнаманың нормаларын оның мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып, үздік әлемдік практикаға сәйкес келтіруге, бизнес субъектілерінің өсуін ынталандыру және ірілендіру мақсатында әкімшілік кедергілерді және бизнеске әкімшілік жүктемені төмендетуге бағытталған жаңалықтар көзделген.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Президентке тікелей есеп беретін жаңа Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды. Жаңа Агенттіктің негізгі міндеті — бәсекелес орта құру, бұл экономиканы мемлекет иелігінен алуды, бәсекелестік алаңды өзгертуді, барлық кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндіктер жасауды, нарықтарды монополияландыруды тоқтатуды білдіреді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «бәсекелестік елдің ұлттық идеясы» болып айқындалды.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №176 Қаулысымен «7 маусым — Монополияға қарсы орган қызметкерлері күні» болып жарияланды.

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) — өз құзыреті шегінде тиiстi тауар нарықтарында бәсекелестiктi қорғау және монополистік қызметтi шектеу саласында басшылық ететін, сондай-ақ тауар биржалары саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық бөлімшесі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button