Жаңалықтар

Жер саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметті онлайн алу

Жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен, осы жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалары бекітілген. Осы қағидаларға сәйкес, жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы, электронды цифрлы қолтаңбаңыз (ЭЦҚ) болған жағдайда «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүргізіледі. 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы туындаған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік бар.

Жер саласына қатысты мемлекеттік қызметті алу үшін электронды түрде өтініш толтырғанда өтініш білдірушілер сол қызмет түрін көрсететін жергілікті атқарушы органды дұрыс таңдай білмеуі, қандай да бір мемлекеттік органның көрсететін қызметін ажырата алмауы жұмысқа айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Демек, өтініштердің құзыретіне сай емес басқа мемлекеттік органға түсуі жиі кездеседі. Осы олқылықты болдырмау мақсатында, келесі түсіндірмені жадыңызда ұстағаныңыз жөн.

Жер саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтің бір түрі — жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру. Осыған қатысты мысал келтірейік.

Яғни Сіздің өзіңізге тиесілі жекеменшік құқығында немесе жалдау құқығында жер учаскеңіз бар. Оның бастапқыда берілген нысаналы мақсаты: «саяжай үшін». Сіз ол жерге құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін нысаналы мақсатын «саяжай құрылысы үшін» өзгерткіңіз келеді. Сіз бұл қызмет түрін алу үшін электронды цифрлы қолтаңбаңызбен elicense.kz порталы арқылы жүгінуіңізге болады. Порталда өтініш толтырылып, қажетті электронды құжаттарды тіркеп, барлық жұмыстар жүргізілгеннен кейін, облыстық, қалалық, аудандық жергілікті атқарушы органдардың тізімдері көрсетілген пернеде мемлекеттік қызметті көрсетуші ретінде жергілікті атқарушы органды таңдау қажет. Осы тұста ҚР Жер кодексінің 49-1-бабына сәйкес, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жер бойынша өтінішін беретіндігін ескеріңіз. Яғни жер учаскеңіз қаланың аумағында орналасқан болса, қалалық жергілікті атқарушы орган — Ақтөбе қаласы әкімінің аппаратын таңдайсыз. Көп жағдайда тұрғындардың электронды қызмет түрін алғанда, қателік осы тұста кездесіп жатады.

Сондай-ақ «Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту» қызметін алу барысында да кездесетін қателік — мемлекеттік қызметті көрсететін мекемені дұрыс таңдамауы. Осындай жағдайларға жол бермеу үшін elicense.kz порталы арқылы қызметті алу барысында жерге орналастыру жобасының титулдық парағына мұқият назар аудару қажет. Жобаның жоғарғы оң жақ бұрышында жобаны бекітетін мемлекеттік мекеменің атауы көрсетіледі, өтінішіңізді сол көрсетілген мекемеге жолдауыңыз қажет.

Мекеме дұрыс таңдалып және келісуге ұсынылған жерге орналастыру жобасы, құжаттармен толық болған жағдайда, жерге орналастыру жобасы төрт жұмыс күні ішінде бекітіледі. Дұрыс толтырылып, жолданған өтініш Сіздің уақытыңызды үнемдейді.

Жер саласында көрсетілетін қандай да бір мемлекеттік қызмет түрін алуда сұрақтар туындаса, Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының 54-15-54 телефон нөміріне хабарласып, кеңес алуыңызға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button