Басты жаңалықтар

Түйетөбедегі тағзым

Биыл да ақтөбеліктер жылдағы дәстүрмен Түйетөбеге барып, солақай саясаттың құрбаны болған ата-бабаларын еске алып, марқұмдардың рухына Құран бағыштап, тағзым етті. Қалалық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер және ата-әжелер, жастар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.  

Түйетөбе зұлмат жылдары жазықсыз атылғандардың жерленген жері ретінде белгілі. Бұл жердегі 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіш белгіні екі сарбаз күнұзақ күзетіп тұрды. Күні бойы медициналық жедел жәрдем көлігі мен полиция қызметкерлері де осы жерде кезекшілік етті. Түйетөбе басында біз де біраз адаммен тілдестік.

Сексеннің төртеуіндегі ақсақал Қайыржан Көппағамбетов жыл сайын Түйетөбеге келіп, әкесін еске алып, рухына Құран бағыштайтынын айтады.

Менің әкем де 1937 жылы 19 қазанда ұсталып кетті. Он күннен кейін әкемді атып тастаған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінен тиісті құжаттарын алғанмын. Әкемді халық жауы деп айыптап, «Татарстан тыңшысы» депті. Себебі менің әкем Татарстанда діни медреседе үш жыл оқыған екен. Ауылға келген соң, Ойыл ауданы Ащықара ұжымшарында мешіт салған. Мен соның жалғыз баласымын. Әкем кеткенде мен іште қалыппын. Алланың бергеніне шүкір, өзімнің 11 балам, отыз шақты немерем бар. Жақсы өмір сүріп жатырмын. Ендігі жерде асыра сілтеу болмасын. Алдағы уақытта тек бейбітшілік заман болсын. Соғыс болмасын. Жаман ауру өзімен өзі кетсін! — дейді Қайыржан ақсақал.

Денсаулық сақтау саласының ардагері, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Роман Рахиев те бірнеше жылдан бері осы жерге келіп, құрбан болған азаматтар мен марқұм туыстарының рухына Құран оқытатынын айтты.

Тағзым ету — тәрбиелік мәні бар игілікті іс. Бұл жерге келетін себебім, нағашы атам — Қарабұтақ өңіріне белгілі Бақытжан Әзірмәмбетов сегіз жылға сотталып, Сібірге айдалып, содан қайтпай қалды. Сол кезде шешем алты-жеті жаста болыпты. Әкемнің екі ағасы да — осы жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандары. Жекелей тоқталсам, Абыл Маханов Ахмет Жұбанов ұйымдастырған халық театрында жұмыс істеген, домбырашы болған. 1936 жылы Темірбек Жүргеновтің басқаруымен, Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен Қамбар Медетовтермен бірге Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігіне қатысқан. Содан қайтып келгеннен кейін, ұсталып, осы Түйетөбеде атылған. Тиісті құжаттары бар. Ұрпағы да қалмаған. Әйелі мен баласы аштық жылдары қайтыс болған. Абылдың туған інісі Қани Маханов  Ырғыз халық театрында домбырашы болған. Ол да 1937 жылы сотталып, он жыл Якутия жерінде Колыма шығанағында жазасын өтеген. Бәрі де жазықсыз, солақай саясаттың құрбандары болған. Осы жерге келген жұрттың бәрі  ата-баба рухына Құран бағыштап, тағзым етіп жатыр. Ол не үшін керек? Жас ұрпақ мың өліп, мың тірілген ата-бабасы құрбан болған қасіретті жылдарды есте ұстап, ұмытпауы керек. Себебі олқайталанбас үшін керек. Ел Тәуелсіздігіне де биыл 30 жыл. Егемен еліміздің жастары әлі де іздеушісі жоқ, шаң басқан материалдарды іздейді, зерттейді деп сенемін, — дейді Роман Рахиев.

Тарихтан білетініміздей, қолдан жасалған қиянат кезінде Ақтөбе өңірінде 8000-дай адам саяси қуғын-сүргінге тап болып, олардың 2000-нан астамы ату жазасына кесілген екен. Олардың мүрдесі осы Түйетөбеде жатыр.

Түске дейін Түйетөбеге келушілер қарасы көбейіп, жеті нан таратылып, Құран оқылып жатты.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button