Жаңалықтар

Лайықты  марапат

Өзенге батып бара жатқан баланы құтқарып қалған ақтөбелік  жасөспірімдер марапатталды.

Дүйсенбі күні облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Асқар Төлешов Айбар Серік пен Бимырза Манасқа департамент бастығының атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстап, жасөспірімдердің жасаған істерін ерлікке бағалады.

2016 жылы дүниеге келген баланы судан құтқарып қалған ақтөбелік екі жігіттің  ерлігі туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кеткен болатын. Оқиға 28 мамыр күні болған. 17 жастағы Айбар Қарғалы өзенінің жағасында серуендеп жүріп, кенеттен суға батып бара жатқан баланы байқайды. Жас жігіт еш ойланбастан суға секіріп, баланы жағаға алып шығады. Осы жерде көмекке шақырған айқайды естіген 15 жастағы мектеп оқушысы Бимырза да оқиға орнына келеді. Олар су жұтып қойған балаға жанама жүрек массажын жасап, жасанды түрде тыныс алдырған.

Көп ұзамай оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері келіп, баланы облыстық балалар ауруханасына алып кетеді. Бала қазір дәрігерлердің қарауында, жағдайы жақсы екендігін айтады құтқарушылар.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button