Білім

Екі отбасының қуанышы

Шалқар қаласындағы №6 орта мектебі өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енді. Педагогикалық ұжымы да игілікті істерде үнемі оқ бойы озық келеді. Аталған мектепте биылғы Соңғы қоңырау салтанатты шарасы санитарлық талаптарды ескере отырып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Мектеп директоры Жаңабай Мусиннің сөзінше, биыл бұл білім ошағын 42 түлек тәмамдағалы отыр. Оның бесеуі — «Алтын белгіге», екеуі — «Үздік аттестатқа» үміткер. Барлығы 617 оқушысы бар мектептің үстіміздегі жылы да білім, өнер бәйгелерінен топ жарған оқушыларының қатары сиремепті. Ұжымның педагог кадрларының біліктілік санаты бойынша 24 педагог-зерттеуші, 16 педагог-сарапшы және 13 педагог-модератор, 21 жоғары санатты мұғалім, 14 бірінші санатты және 13 екінші санатты педагогтер жұмыс істейді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түлек.kz бағдарламасы аясында бұл білім ордасында бірқатар игілікті істер атқарылған.

Шарада мектеп ұжымының атсалысуымен жалғызбасты ана Жаңылсын Асыловаға бір бөлмелі пәтердің және сегіз баланың анасы Самал Пұсырмановаға баспана алуына көмек ретінде осы мектепті тәмамдаған кәсіпкердің демеушілігімен 2 млн 500 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Бұл құрметке ие болған ата-аналар мектеп ұжымына шексіз алғыстарын білдірді.

Салтанатты шара барысында ұстаздар мен ата-аналар қауымы өз лебіздерін білдіріп, дәстүрлі соңғы қоңырау соғылып, түлектердің қоштасу вальсі биленді.

 М.МЫРЗАЛИН.

Шалқар қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button