Мәдениет

Мәдениеті өскен ел — өркениетке көшкен ел

21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні қарсаңында Өнер орталығында осы сала қызметкелеріне құрмет көрсетілген әдемі шара өтті. Өңірімізде болып жатқан түрлі мәдени шараларда көрерменнің,  тыңдарманның, оқырманның игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан  мәдениет және өнер қызметкерлері бұл жолы — өздерінің төл мерекесі күні өз әріптестері үшін ән салып, би биледі, жыр айтып, күй тартты.   

Өңірдің мәдениетін, кәсіби өнерін, ұлттық тарихи-мәдени мұрасын  дамыту мен нығайтуда облыс тұрғындарына 481, оның ішінде 472 мемлекеттік мәдениет ұйымы қызмет көрсетіп отыр. Олар: 236 кітапхана, 194 клубтық мекеме, 18 музей, 2 мемориалды кешен, 2 саябақ, 2 театр, филармония  және тағы басқа мекемелер. Саладағы  мәдениет қызметкерлерінің жалпы саны — 3174 штаттық бірлік.

«Мәдениеті  өскен ел — өркениетке көшкен ел» атты шараға облыс әкімінің  орынбасары Бұлбұл Елеусінова да қатысып, мәдениет және өнер мекемелері — музейлер мен кітапханалар, театрлар мен филармония, халық шығармашылығы мен мәдениет үйлері, қалалық, ауылдық клубтардың қызметкерлерін, шығармашылық және халықтық ұжымдарды құттықтап, ризашылығын білдірді:

Баршаңызды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Бүгінде облысымызда мәдениет және өнер мекемелерінің шығармашылық бағытта дамуына, қолайлы жағдайда еңбек етуіне, үлкен белестерді бағындыруға облыс әкімдігі тарапынан барынша қолдау көрсетіліп отыр. Әлемде орын алған пандемия мәдениет саласына да өзінің кері әсерін тигізгені белгілі. Жоспарланған мәдени-көпшілік шаралар, гастрольдік іссапарлар, халықаралық фестивальдер форматын өзгертуге тура келді. Бұл кезде де сіздер халыққа жоғарғы деңгейде қызмет көрсеттіңіздер.

Ақтөбе — ағайынды Жұбановтардың, Тахауи Ахтановтың, Нұрпейіс Байғаниннің, басқа да белгілі тұлғалардың туған жері. Бүгінде осындай киелі жерде туып, білім алып, туған жердің мерейін көтеріп жүрген Димаш Құдайбергенді де мақтанышпен айтамыз. Мұның барлығының астарында тынымсыз еңбек пен ізденіс жатыр. Сіздердің еңбектеріңіз лайықты бағасын алып келеді. Біз, жергілікті атқарушы орган, сіздердің жаңа идеяларыңыз бен тың жобаларыңызды әрдайым қолдауға дайынбыз, — деді ол.

Шара барысында мәдениет және өнер қызметкерлері бірнеше номинация бойынша марапатталды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ермұқан Қыдырғали, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы өнер және тарихи-мәдени бөлімінің басшысы Жанар Мақсұтова, Шалқар аудандық №5 мектеп-лецейінің оқытушысы Сайлаубек Елманов, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің әртісі Төребек Мұстафин, облыстық «Алақай» қуыршақ театрының актрисасы Әлия Салитовалар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Тағы бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлері ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, облыс әкімінің және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында құзырлы министрліктің ұйымдастыруымен өткен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына-2021» онлайн фестивалінің үздіктеріне де құрмет көрсетілді. Онлайн фестивальдің 51 номинациясының ішінен Ақтөбе облысы 4 номинация бойынша жеңімпаз болды:

Облыстық тарихи-өлкетану музейі — «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей», С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың көрмелік-бұқаралық жұмыс (коворкинг) орталығының кітапханашысы Талғат Тілеулесов, ақпараттық-сервистік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Ақтоты Салиевалардың жобасы — «Үздік кітапханалық онлайн жоба-2021», «Шаттық» вокалдық ансамблі (Ақтөбе облыстық зағиптар қоғамы мәдениет үйі) — «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы – 2021», С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Г.Нәренқызы «Үздік облыстық маңызы бар балалар мен жасөспірімдер кітапханасы қызметкері» атанды. Сонымен қатар «Рухани қазына-2021» онлайн фестивалінің облыстық кезеңінің үздік деп танылған мәдениет мекемелері мен қызметкерлері марапатталды.

Тағы бірқатар қызметкер «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм  және ақпарат қызметкерлерінің  кәсіптік одағы» құрмет грамотасымен, «Еңбек даңқы» төс белгісімен, аталған кәсіподақтың облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мерекелік кеш өнер адамдарының ән-күйімен жалғасты. Бұл шарада қазақ камералық хоры, «Мегастарс» би  ансамблі, Ойыл аудандық Мәдениет үйінің «Көкжар жұлдыздары» халықтық вокалдық тобы, «Аққу» би ансамблі, басқа да ұжымдар, әншілер, бишілер өнер көрсетті.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button