Спорт

Өңірде қазақ күресін дамыту мәселелері талқыланды

Өткен аптада Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы және «Қазақ күресі» ассоциациясының бас директоры Абат Имамбаев, «Қазақ күресі» ассоциациясының басқарушы директоры, Ербол Мырзабосынов, ҚР қазақ күресінен бас жаттықтырушысы Ерлан Естек өңірдегі спортшылармен кездесу өткізді. Шараға Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Басқосуда алдымен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының құрамына кіретін жергілікті федерациялардың және қазақ күресін дамыту бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бұдан кейін сөз сөйлеген Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы және «Қазақ күресі» ассоциациясының бас директоры Абат Имамбаев алдағы уақытта өңірлерде қазақ күресін дамытуға барынша күш салынатынын жеткізді.

Біздің Ақтөбе облысына келгендегі мақсатымыз — ассоциация жұмысын одан әрі жетілдіріп, өңірлердегі маңызын арттыру. Сондай-ақ қазақ күресін дамытып, жас спортшыларды патриоттыққа баулу да біздің негізгі бағыттарымыздың бірі екенін айта кеткен жөн. Сондықтан осы өңірдегі федерация филиалдарымен ынтымақтастықты арттырып, жоспардағы жұмыстарды жүзеге асыратын боламыз, — деді ол.

Ал «Қазақ күресі» ассоциациясының басқарушы директоры Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, биыл қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізілмек. Мәселен, қазір бұл тәжірибе Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта бағдарлама жобасы бекітілгеннен кейін басқа да мектептерге методикасы ұсынылатын болады.

Биылғы жылдан бастап еліміздің әр өңірінде «Қазақ күресі» ассоциациясының филиалдары ашылады. Оларға жас спортшылар, жасөспірімдер, балалар қабылданады. Осылайша алдағы уақытта бұл спорттың бұқаралық спорт түріне айналуына барлық жағдай жасалады.

Өздеріңіз білесіздер, «Қазақ күресі» ассоциациясы өткен жылы ақпан айында құрылған болатын. Бұған дейін қазақ күресін үш ұйым дамытқан. Қазір ассоциация халықаралық және республикалық аренада жұмыс жасауды мақсат етіп отыр. Біздің өңірлерді аралаудағы мақсатымыз  — қазақ күресін дамытуда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, сондай-ақ спортшыларға қандай жағдай жасалатынын білу, — деді Е.Мырзабосынов.

Кездесу барысында ақтөбелік спортшылар облыста қазақ күресін дамыту үшін қандай бастамаларды қолға алу керектігін, сондай-ақ бұл бағытта қандай мәселелер бар екендігін ортаға салып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Облысқа жұмыс сапарымен келген топ кездесуден соң олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептері мен жоғары спорт шеберлігі мектебінің жұмысымен танысты. Аталған спорт мектептеріндегі қазақ күресі, самбо, киокушинкай каратэ бөлімшелерін көріп, спортшылармен тілдесті.

Бүгінде облыс бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығына спорттың 15 түрі еніп отыр. ММА, грепплинг, панкратион, кикбоксинг, ушу секілді спорт түрлеріне деген ақтөбелік жастардың қызығушылығы зор. Қазіргі таңда өңірде 10 мыңға жуық жас спорттың осы түрлерімен шұғылданады. Ал қазақ күресімен айналысатын 4 мыңнан астам спортшы боз кілемде белдесіп жүр.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button