Жердің кілті — аспанда ма?..
Биыл 12 сәуір күні адамзаттың тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 50 жыл толады. Ал былтыр әлемнің бірінші ғарыш айлағы Байқоңырдың құрылғанына 55 жыл толды. Талай ғасырлар бойы аспан әлеміне көңілі де, қолы да жетпеген адам баласы қал-қадірінше оны зерттеуге, тануға, қазір тіпті өзге ғаламшарларды игеруге, сонда барып қоныс тебуге де тырысып келеді. Қол жетпеген жерге қиял жетеді. Ғарыш әлеміне қатысты әңгімелер, аспан денелерін, Жұлдыздар мен Күн мен Айды, Юпитер мен Сатурнды, Марс пен Шолпанды қолмен ұстап көрмеген бізге ертегідей көрінеді. Бірақ әр ертегіде бір шындық болатыны секілді, қазір әлем ғалымдары бас қатырып айтып жатқан Күннің өз ресурсын тауысуы, адам баласының болашақта Марс пен Айға көшіп баруы, т.б. секілді қиял-ғажайып әңгімелерінде шындықтың дәні болуы мүмкін. Осы және басқа да қызықты әңгімелер Ақтөбедегі облыстық планетарий директоры Қорлан Бөлековпен сұхбатымызда:
Қажеттіліктен туған құрал
— Ертеде уақытты секундтап көрсетіп тұратын сағат болмаған уақыттарда адамзат Жердегі мезгілді аспанға қарап болжаған. Ел арасынан шыққан жұлдызшылар Ай мен Күннің, Жұлдыздардың өзгерістеріне байланысты ауа райының қалай өзгеретінін білуге әрекет жасады. Қысқасы, Жердегі барлық тірліктің, уақытты өлшеудің кілті аспанда болған. Үйдегі жалғыз сағат тұрып қалса, уақыт білу қандай қиын болса, аспанды бұлт торлап, көктегі денелер көрінбей қалған мезгілдерде ауа райын болжау, яғни тіршілікті соған сай ұйымдастыру сондай қиын болған екен. Осыдан адамзат үшін уақыт көрсетуге, ауа райын болжауға керекті құралдардың қажеттігі туды. Біздің дәуірімізге дейінгі екі ғасырдан астам уақыт бұрын ежелгі грек ойшылы Архимед «Аспан сферасын дайындау туралы» шығарма жазып, онда судың көмегімен жұмыс жасайтын планетарий туралы айтыпты. Бұл механизм Күннің, Айдың, ғаламшарлардың қозғалу жүйесін бақылауға арналған.
1664 жылы неміс ғалымы Олеарийдің жетекшілік жасауымен диаметрі 3,10 метр болатын әлемдегі ең үлкен астрономо-географиялық глобус жасалды. Оның сыртқы жағында Жер бетінің, ішкі жағында аспан денелерінің бейнесі бедерленген. Бұл өз заманының ең алғашқы планетарий болды. 1924 жылы Германияның Иена қаласындағы «Карл Цейс» фирмасынан неміс өнертапқышы профессор Бауэрсфельдтің құрастыруымен оптикалық ПЛАНЕТАРИЙ аппараты жасап шығарылды. Үш жылдан соң Мәскеу қаласында КСРО-дағы ең алғашқы планетарийдің ашылуы болды. Ол әлемдегі он үшінші планетарий болатын. Бұған дейін Германияда он, Вена мен Римде бір-бірден планетарийлер ашылған.
Ал 1967 жылы қаңтар айының үшінші жұлдызында Ақтөбеде Қазақстандағы тұңғыш стационарлық планетарийдің тұсауы кесілді.
— Қазір әлемде қанша планетарий бар?
— Әлемде 4 мыңға жуық планетарий жұмыс жасайды. Яғни өте аз. Оның елу пайызға жуығы — Америкада, 40 пайызы — Еуропа елдерінде, он пайызы — Жапонияда, 1 пайызы ғана ТМД елдерінде, соның ішінде Ресей мен Қазақстанда. Ресейде — 40, Қазақстанда 3 планетарий жұмыс жасайды. Бірі — Алматы қаласындағы оқушылар сарайындағы астрономия үйірмесі есебінде тұрған планетарий. Екіншісі — ЮНЕСКО-ның шешімімен халықаралық астрономия жылы болып жарияланған 2009 жылы «Бөбек» орталығының жанынан балаларға арналып ашылған обсерваториядағы планетарий. Үшіншісі — Ақтөбедегісі. Үшеуінің ішінде біздің планетарий ғана заңды тұлға ретінде тіркелген.
— Планетарий аппараты қайдан әкелінді?
— Ақтөбе планетарийінің ашылу тарихы қызық. Алпысыншы жылдардың ортасында Ақтөбе өңірінде астық бітік шыққан екен. Сол жылы жергілікті еңбеккерлер Германияға астық жөнелтіп, немістер сыйға сый жасамақ ниетпен ақтөбелік диқандарға керемет оптикалық аппарат ұсынады. Қорапқа салынып, сыртына немісше жазылған, бұрын-соңды көрмеген аппараттың не екенін ешкім біле алмайды, осылайша ол қоймада екі-үш жыл жатып қалады. Бір күні қызметкерлердің бірі оның керемет аппарат екенін біліп, сол кездегі облыстың бірінші хатшысы Николай Журинге бұл аппаратты халық игілігіне пайдалану туралы ұсыныс жасайды. Дереу Мәскеу планетарийінен мамандар шақыртылып, планетарий құрылысын жүргізіп, аппаратты орналастырады. 1967 жылдың 4 қаңтарында планетарийдің алғашқы директоры Николай Зафирис жиналғандарға бірінші лекциясын оқыды. Зафирис сол жылдан бастап өмірінің соңына дейін, 2001 жылға дейін планетарийді басқарды. Планетарийдің бұл жерде орналасуының үлкен мәні бар. Сол кездері бұл жерде саябақ, аэродинамикалық клуб, балабақша, т.б. балаларға арналған нысандар көп болған, осы маң тұтастай балаларға лайықталып жасалған, соларды толықтыру ниетімен планетарий де осы тұсқа орналастырылған. Қазір ол нысандардың бірде-бірі жоқ. Айналаның барлығында түрлі құрылыстар салынды, планетарийдің өкпесі қысылып тұр…
Ақтөбеде Қазақстандағы тұңғыш сандық планетарий салынады!
Былтыр әлемнің бірінші ғарыш айлағы Байқоңырдың құрылғанына 55 жыл толған-ды. Ал биыл адамзаттың тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 50 жыл толады. Соған байланысты өткен жылы Ақтөбеде планетарийлердің шығармашылық қызметкерлерінің «Жұлдызды 50 жыл» атты халықаралық конференциясы өткізілді.
Осы конференцияда Ақтөбе планетарийлері үшін жағымды жаңалық айтылды. Енді Ақтөбеде соңғы үлгідегі сандық планетарий салынатын болады:
— 1960 жылдары ақтөбелік диқандарға Германия тарапынан сыйлық ретінде берілген механикалық планетарий аппаратын әлі күнге дейін пайдаланып отырмыз. Ол Иена қаласындағы «Карл Цейс» оптикалық аппарат шығаратын зауытта жасалған. Бірақ әлемде технология саласы күн сайын жаңарып, сандық жүйеге көшіріліп жатқаны белгілі. Біз де дамуға бет алдық. Былтыр облыс әкімі Елеусін Сағындықов қабылдап, облыста жаңа сандық жүйедегі планетарий салынатынын айтып, қуантты. Осы планетарийді жөндеп, екі қабатты етіп жасаймыз деген жоспарымыз болды, алайда оған ескі ғимараттың іргесі жарамайтын болған соң, құрылысты ескі ғимараттың жанынан жүргізуге бел байлап отырмыз. Жаңа планетарийдің залына 150-те тарта адам сыятын болады. Қазіргі ескі планетарий залдың қақ ортасында орналасқан, көп орын алып тұр, әрі ол аспан денесін әу бастағы жасалған жоба бойынша ғана көрсете алады, оны өзгерте алмайсың, барлық лекциялар да соған лайықталып жасалады. Ал жаңа, сандық жүйедегі планетарийдің артықшылығы — ол ешқандай орын алмайды, залдың қабырғаларында, яғни көкжиекте орналасады, әрі компьютер арқылы әрбір лекцияға лайық жаң жоба жасауға мүмкіндік болады. Ескі планетарийдің диаметрі — 8 метр, жаңа планетарий диаметрі 10 метр болады. Әлемде диаметрі 22-25 метр болатын үлкен планетарийлер бар, оларға 500-ге жуық адам оңай сыйып кетеді. Әзірге біз үшін 150 адамдық залдың өзі үлкен олжа болғалы тұр.
Жаңа планетарий — Қазақстандағы тұңғыш сандық планетарий болады. Былтыр Ресейдің Нижний Новгород, Украинаның Донецк қалаларында тұңғыш сандық планетарийлер ашылды.
Астрономия пәні неге оқытылмайды?
— Бұл — орны толмай жүрген ғылым. Мектептерде ілкіде 11-сыныпта аптасына бір рет пән ретінде оқытылған бұл ғылым қазір пән ретінде мүлде жоқ. Ресейде де бұл мәселе шешімін таппады. Ғалымдар айтысып-тартысып, ештеңе шығара алмады. Былтыр, халықаралық астрономия жылы бұл мәселе жөнінде бізде де біраз пікір айтылды, бірақ нәтижесіз… «Астрофизика» деген ұғым 7-сыныптан бастап физика, география пәндерінде айтыла бастайды, бірақ ол, меніңше, аздық етеді, — дейді Қ.Бөлеков.
Рас, қазір интернеттен барлық ақпаратты оп-оңай тауып алуға болады. Күн жүйесіндегі аспан денелері туралы, ғаламшарлар, т.б. туралы деректер интернетте шаш-етектен.
— Бірақ олардың барлығына бірдей сенуге болмайды. Өйткені астрономия саласы туралы зерттеуді нағыз мамандар, ғалымдар жазбаса, бұл сала туралы білгені аз адамның жазуы оңай емес, — дейді Қ.Бөлеков.
«Қарыз кітабы»
Қазақ ұлттық энциклопедиясында: «Күнтізбе, календарь (латынның «calendarivm» — қарыз кітабы деген сөзінен шыққан) — ұзақ уақыт мезгілін есептеудің аспан денелерінің көрінерлік қозғалысының ауық-ауық қайталану ерекшелігіне негізделген жүйесі, анықтамалық басылым», — деп көрсетілген. Ежелгі Римде әрбір айдың бірі күні «календы» деп аталған деседі. Сол күні қарызға алғандар несиеқорларға төлем төлеп отырған. Соған сәйкес календылары көрсетілген «Қарыз кітабы» болған көрінеді.
… Әр дәуірде әр халық өзінше күнтізбе жасауға тырысты. Олардың түгелге жуығы аспан денелерінің қозғалысымен байланысты болды. Аспан денелерінің қозғалысына негізделген күнтізбелер үш топқа бөлінеді, олар — Күн күнтізбелері, Ай күнтізбелері және аралас күнтізбелер.
— Белгілі фантаст-жазушы, ТМД астрономия-геодезия қоғамының толық мүшесі Жүніс Сахиевтің шығармаларына сүйеніп айтар болсам, күнтізбе атаулының ең көнесі — Ай күнтізбесі. Ол біздің эрамыздан бірнеше мың жыл бұрын пайда болған. Вавилондықтардың, қытайлықтардың, еврейлер мен үнділердің күнтізбелерінде бұл ерекше орын алады.
Ай ширектерін жақсы түсініп алған адам баласы уақыт өте келе Күнге назар аударды. Одан кейін пайда болған Ай-Күн күнтізбесі біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы мыңжылдықта Ежелгі Қытайда, Ежелгі Грецияда, т.б. елдерде қолданылды.
Біздің дәуірімізге дейінгі 46 жылы Римде жоғары билікті өз қолына алғаннан кейін он жыл өткенде Юлий Цезарь патша сол кезге дейін қолданылып келген Рим күнтізбесіне өзгерістер енгізуді қолына алды. Кейін бұл күнтізбеден де кемшіліктер табылып, 1592 жылы Рим папасы Григорий ХІІІ төңірегіне қызметшілері мен жұлдызшы ғалымдарын жинап, арнайы комиссия құрады. Комиссия көптеген күнтізбе жобаларын қарай келіп, Италияның белгілі математигі әрі дәрігері Луиджи Лилио Гараллидің күнтізбесін қабылдайды. Ол кейін Григорий күнтізбесі атанып кеткен. Бұл санат бойынша әрбір 400 жылдағы айырмашылық 2 сағат 55 минутқа тең болады. Ал әрбір жылда қосылатын 26 секунд тек 3600 жыл өткенде 1 тәулікті құрайды. Біз қазір осы күнтізбе бойынша өмір сүріп келе жатырмыз, — дейді Қ.Бөлеков.
Ең дәл күнтізбе — Майя күнтізбесі?!.
Жүніс Сахиевтің айтуынша, күнтізбе атаулыдағы ең дәл күнтізбені Майя патшалықтарындағы абыз-астрономдар жасаған:
«Дәл күнтізбе жасауда Христофор Колумб заманына дейін мыңдаған жылдар бұрын бүгінгідегі Орталық Америкадағы Юкатан жарты аралын жайлаған Майя тайпасының ежелгі үндістері алдарына жан салмайды. Олар ерекше дамыған өркениетті көптеген патшалықтан тұрған.
… Аймақ тропиктік аймақ болғандықтан, жыл алты ай құрғақ, алты ай нөсерлі. Осыған байланысты Майя патшалықтарындағы абыз-астрономдар неше ай, неше күн нөсер, неше күн құрғақ болатынын дәл білуге тырысты. Олар төрт қырлы, екі сатылы платформаның үстіне тұрғызылған киіз үй пішінді мұнараларындағы күннің қысқы, жазғы тоқырауы және күн мен түннің көктемгі, күзгі теңелуіне сай жасаған терезелері арқылы жұлдызды аспанды үнемі бақылап-қадағалап отырған. Соның нәтижесінде тіршіліктеріне төнетін ауа райы қауіптерінен дер кезінде сақтанған. Абыз-астрономдардың күнтізбесіндегі жыл 365 немесе 366 күннен тұрды, ол 13 күндік атпалар мен 20 күндік айларға бөлінді. Бұл күнтізбе атаулыдағы ең дәл күнтізбе еді…» — деп жазады ол.
Сол замандағы ең дәл күнтізбе Майя тайпасының күнтізбесі болған деген пікірлер жиі айтылады. Майя тайпасының абыз-астрономдары он сегіз мың ғаламның құпиясын білуге, шама-шарқы жеткенше болашақты болжауға тырысқан және олардың астрономиялық жорамалдары дәл орындалған деседі. Шетелдік тарихшылар сол заманның өзінде өркениеті қарыштап дамыған ерекше тайпаның әрбір ісіне, әрбір сөзіне мән береді. Олар Майя тайпасының күнтізбені 2012 жылдың 12 айының 12-інші жұлдызына дейін ғана жасағанына сүйеніп, сол күні, яғни 12.12.12 жылы ақырзаман болады деп есептейді. Тарихшылардың тағы бір тобы сол күні Күн жүйесінде әлдебір өзгеріс болып, Жер жаңа дәуірін бастайды, әлем жаңарады деп топшылайды…
Марсқа көшеміз!..
— Рас, Майя тайпасының күнтізбесіне байланысты шетелдік астрономдар «2012 жылы Күн сөнеді» деген болжам айтып жүр. Мен бұған сенбеймін. 2007 жылы да «Күн жүйесіне бір алапат апат келе жатыр», — деген пікірлер айтылған болатын, апат болған жоқ, Күн мен Жер орнында тұр ғой. Шүкірміз.
Күн өз ресурсын 5 миллиард жылдан кейін тауысады, яғни 5 млрд. жылдан кейін Күн сөнеді, температурасы артып, өз-өзінен жарылады да, жер бетін күйдіріп жібереді. Бірақ адамзат өркениеті күн сайын дамып келеді. Бар-жоғы 50 жылдың ішінде ғарышқа ұштық. 5 млрд. жылда адам тағы не нәрсе ойлап табатынын бір Алла біледі. Мүмкін, қазіргі күйімізден өзгеріп, судың астында жүзіп жүретін тіршілік иесі болармыз…
— Мүмкін Күннің ресурсын бітірмейтін бірдеңе ойлап табатын шығармыз?
— 5 миллиард жылға дейін Жерде тұра бермейтін шығармыз.
— Қайда барамыз?
— Ол уақытта адамдар басқа планетаға көшеді.
— Көшуі мүмкін дейсіз ғой?
— Мүмкін емес, дәл солай. Өйткені адам саны жыл сайын көбейіп келеді. Осыдан 20-30 жыл бұрын әлемде 5 млрд. адам болған болса, міне, қазір алты миллиардпыз. Барлығымызға бірдей бір Жер жетпейді ғой. Қазір басқа ғаламшарларды игеру мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Америкалықтар Марсты игереміз деп «Марс-500» бағдарламасын жасап, қытайлар Айды зерттеу үстінде. Марс пен Жердің арасы үш айлық жол. Барып қайтуға алты ай уақыт керек. Сонда алты ай бойы адам әуе көлігінің ішінде қалай өмір сүреді? Яғни алдымен ұшу аппаратының жылдамдығын арттыру керек, екіншіден, оның ішін Жер бетіндегі тірлікке лайықтап, адам ағзасын бейімдеу қажет. Жоба өте күрделі, оған бір елдің шамасы келмеуі мүмкін… Жүніс Сахиевтің осы тақырыпта жазылған еңбектерін оқып отырып, ертегі әлеміне тап болғандай боласың. Ертеде ұшақ болмаған уақытта ұшатын кілем туралы ертегі айттық. Кейін өмірімізге ұшақ енді. Қазір елімізде 250 ғарышкер бар. Сахиевтің қиял-ғажайып еңбектеріндегі Үркер шоқжұлдызын зерттеуге сапар шеккен Ақшағыл деген кейіпкерге ұқсап, әр адам болашақта өз ұшағымен көрші ғаламшарларға түске дейін ұшып барып келе беретін заман туатын шығар, бәлкім…
Әлде Айға қоныстанамыз ба?..
Жалпы, адам баласы басқа ғаламшарларға ұшып баруды армандап, қолы жетпеген соң түрлі аңыздар шығарды, қанша ғылыми-фантастикалық дүниелер жазылды. Күн жүйесінде адам баласы барып, қоныстануға үміттенген ғаламшарлар — Ай, Марс, Шолпан, Ганимед пен Ио. Соның ішінде Жерге ең жақыны — Ай. Ай — Жердің жалғыз табиғи серігі. Ғылымға жүгінсек, ай қараңғы, суық шар, оның Күн сәулесі түсетін, Жерге қараған беті ғана бізге көрінеді. Айға қарай алғашқы ғаламшараралық кеме 1959 жылы аттанған. Бірақ бұл да, бұдан кейінгі сапарлар да сәтсіз болды. Тек арада он жыл өткеннен кейін адам баласының табаны тұңғыш рет Айдың бетіне тиді. Айдың беті суреттерге түсіріліп, тіпті онда адамдарды қоныстандыру ниетімен халықаралық астронавтика федерациясында Ай бетіне салынатын үйлердің жобасын жасауды қадағалайтын комитет те құрылыпты. Ал не суы, не атмосферасы жоқ Ай бетінде адамдар қалай өмір сүрмек?
Жүніс Сахиев Ай бетіне ел орнатуды көздеген ғалымдардың ғылыми дәйектемелеріне сүйене отырып, мынадай қызықты деректерге сөз береді.
Оның айтуынша, тіршіліксіз, меңіреу әлем дейтін Ай ақырындап өз несібесін бере бастайды. Айдың ешқашан Күн сәулесі түспейтін полярлық бүйіріндегі қат-қат мұзды тазалап, ауыз суға айналдыратын құралдарды пайдалансақ, су алуға болады-мыс. Ал ауаны оттегіге бай Ай топырағынан бөліп алуға болады екен. Жарты миллион қашықтықтағы Айға Жерден құрылыс материалдарын қалай тасимыз? Сахиевтың айтуынша, ғалымдар зерттей келе Айдың ақ ұнды, сарғыш-қоңыр құмды көзге елестететін топырағы таптырмайтын құрылыс материалы болатынын дәлелдепті. Одан бетон құюға, сылақ жұмыстарын да жүргізе беруге болады деседі.
Айдың бір күні біздің бір аптамызға, бір түні де сондай, жеті күнге созылады екен. Таң мезгілінде Ай температурасы минус 200 градусқа, талтүсте плюс 150 градусқа жететін көрінеді. Мұнда жел соғу, жаңбыр жауу, найзағай ойнау деген болмайды, тып-тыныш дүние, қарақұрт, жылан, шыбын-шіркейлерден қорықпайсыз, өйткені ондайлар мүлде атымен жоқ…
Айда травматолог дәрігердің қажеті шамалы. Өйткені қанша құлап, қанша жерге домалап түссеңіз де, еш жеріңіз ауырмайды-мыс. Тіпті таудан төмен қарай құлағанда да, Жердегідей гүрс етпей, жайымен қалықтап ұшып барып төменге түсесіз. Мұнда ауыр көтеру де аса үлкен проблема емес. Өйткені Жердегі 70 килограмм салмақ Айда небәрі 11,5 килограмм тартады. Яғни Айда жүк тасу ешқандай қиындық келтірмейді екен…
Фантаст-жазушының бұл деректері, шынында, оқыған адамды түрлі ойға жетелейді.
Ұлттық күнтізбе
Ертеде жазу-сызуы жоқ уақытта біздің де ата-бабамыз аспанға қарап, уақытты болжап, түрлі аңыз әңгімелер, ертегілер құрастырып, аспан денелеріне сүйене отырып, ұлттық күнтізбе жасап шығаруға тырысқан. Талай уақыттың тезінен өтіп, қазақтың тұрмысы мен жер ыңғайына бейімделген жүйелі күнтізбе, тіпті 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін халықтың күнделікті тұрмысында қолданылып келгендігі туралы деректер де бар. Жыл шіндегі мезгілдерді дәлірек білу үшін қазақ жұлдызшылары мен есепшілері тоғыс есебін, Ай тоғысын қолданған. Айдың Үркер жұлдызы шоғырымен тұспа-тұс келіп, Үркерді көлегейлеп өтіп отыратынын аңғарған. Оны Ай мен Үркердің тоғысуы деп атаған.
Ай мен Үркер шоқжұлдызы бір жылда 13 рет тоғысады. Қазақ жылды 30 күні бар 12 айға бөлген. Артық қалған 5,5 күнді («кібісе» жылдары алты күн) ешбір айға қоспай «бес қонақ» деп атап, ерекше мән беріпті деседі. Ол наурыздың 17-20 күндеріне сәйкес келеді. Бұл күндер ауа райының ең жайсыз кезеңі деп есептелінген. Күн күнтізбесінің отаны саналатын Ежелгі Мысыр тұрғындары да жыл ұзақтығын дәл 365 тәулікке тең деп ойлап, оны әрқайсысы 30 күндік 12 айға бөлген, артық қалған 5 күнді ешбір айға қоспай, құдайға құлшылық ететін күндерге жатқызған.
Жалпы, Сүмбіле жұлдызының күншығыс көкжиектен көтерілу мерзімі аралығын есептеуден Күн күнтізбесі, айдың Жерді айнала қозғалуы мен ширектерінің ауысуын есептеуден Ай күнтізбесі пайда болған. Сүмбіле жұлдызын бұдан жүз мың жыл бұрын Ежелгі Египет аймағын мекен еткен халықтан шыққан жұлдызшы, есепшілер-абыздар да бақылап зерттеген.
— Қазақ халқының жұлдызшылары да аспанның ең жарық, ең әдемі жұлдызы — Сүмбіленің туар мезгілін мұқият қадағалай отырып, мезгілдің соған сай қайталанып отыратынын аңғарып, Сүмбіле туған кезде ауа райының қалай өзгеретінін алдын ала білуге әрекет жасады. Бұл туралы Жүніс Сахиев «Қазақ күнтізбесі» деген шығармасында айтады. Есеп арқылы жұлдызшылар Сүмбіле туған кезде күздің аяқ шені жақындайтынын, қысқа ертерек қам жасау керек екенін ескертіп отырған. Сол кезден бастап адам санасында жыл ұғымы да туа бастаған. Халық арасындағы «Таразы туса, таң суыр, Сүмбіле туса, су суыр» деген сөз осыдан шыққан, — дейді Қ.Бөлеков.
Жалпы, қазақ тіліндегі космонимдердің аздығы, астрономия ғылымының қазақ оқырмандар үшін тек аударма тіліндегі ғылым болып отырғандығы осы саланың үлкен мәселесіне айналды.
— 2001 жылы планетрийге басшылық қызметке келгенімде қаладағы барлық кітапханаларды аралап, қазақ тіліндегі еңбектердің мүлде жоқ екендігіне көзім жетті, табылған бір-екі мақала да аударма болып шықты. Қазір бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатырмыз. Қазақтың ертедегі аңыздарындағы, ертегілеріндегі, бүгін кейбірін өзіміз пайдаланып жүрген Темірқазық, Ақбозат, Көкбозат, Жетіқарақшы, Үркер, Үркердің қызы Үлпілдек, Шақпақ, Көгалдай, Үшарқар, т.б. терминдердің тектен-текке айтылмағанын, әрбір атаудың астары бар екендігін білуге тырысуымыз керек, — дейді Қ.Бөлеков.
Күн тұтылды
Қаңтардың 4-жұлдызында осы жылдың алғашқы Күн тұтылуы болды. Жергілікті сағат 14.00-15.00-аралығында Күн бетінің 70 пайызын Ай дөңгелегі жапты. Ауа райының қолайсыздығынан оны көру мүмкін болмады.
— Австрия математигі әрі астрономы Иоганн Кеплер 1906 жылы «Жаңа астрономия» деп аталатын кітабында ғаламшарлардың қозғалысы туралы бірнеше заңдар ұсынды. Сол заңдардың барлығы да Күннің орталық дене екендігін және барлық ғаламшарлар Күнді әртүрлі қашықтықта эллипс пішінді орбита бойымен қозғалатынын дәлелдеді. Біздің Жеріміз де басқа ғаламшарлар сияқты Күннің серігі және Күнді толық бір айналып шығу үшін 365 тәулік қажет екен. Сонымен, біздің Жеріміз Күнді эллипс бойымен қозғалып, бірде Күнге жақындап, жарты жылдан кейін алыстап мәңгі қозғалып жүреді және өз осімен де 24 сағаттық уақытта бір айналып шығады екен. Ал табиғи серігі Ай Жерді бір айда толық айналып шығады. Жер бетіндегі бақылаушы үшін Ай жаңа ай, толық ай және ескі ай деген пішіндермен көрінеді, ескі ай мезгілі мен жаңа ай мезгілінде Ай Жер мен Күннің аралығында болып, жарықталынбаған беті бізге көрінбейді де, біз ол мезгілді «өліара ай» деп атаймыз. Содан кейін, Күн батар мезгілде Айдың оң қол жақ беті жарықталынып, оны «орақ» пішінінде көреміз де, «жаңа ай» туды дейміз. Осыдан бастап 14 тәулік өткенде Ай Күнмен толық жарықталынып «толған ай» кескініне енеді, яғни ол дөңгелек пішінге ие болады. Бұл кезде кеңістіктегі Күн, Жер және Ай бір түзудің бойына сәйкес келіп, Ай Жердің көлеңкесіне енсе, «Ай тұтылды» деп сөйлейміз. Ал егер Ай өліара кезінде Күн мен Жерді қосатын сызыққа келсе, оның дөңгелегі Күннің бетін жауып көрінуі мүмкін, осы құбылысты «Күннің тұтылуы» дейді. Айдың Жерді айналу жазықтығы мен Жердің Күнді айналу жазықтығы сәйкес келмеуіне байланысты, біз жердің әртүрлі аймағында Айдың жер бетіне түсіретін көлеңкесін толық көретін орында болсақ, «Күннің толық тұтылуын» көреміз, басқа жағдайда «Күннің жартылай тұтылуы» болады. «Жартылай тұтылу» кезінде Ай дөңгелегі Күн дөңгелегінің қандай бөлігін жабатынын пайызбен көрсетеді, — дейді планетарийдегі «Үркер» үйірмесінің жетекшісі Сағынбай Досекенұлы.
Биыл Күн төрт рет жартылай тұтылады — 4 қаңтарда, 1-2 маусымда, 1 шілде мен 25 қарашада. Айдың толық тұтылуы екі рет — 15-16 маусымда, 10 желтоқсанда көрінеді.
Әлемдік олимпиада — Ақтөбеде!
Планетарий жанынан ашылған «Үркер» астрономиялық үйірмесіне қазір қала мектептерінің оқушылары ерекше қызығушылықпен келеді. Олар аймақтық, республикалық, тіпті халықаралық астроолимпиадаларға, астрофестивальдарға қатысып тұрады.
Өткен жылы Азия мен Тынық мұхиты жағалауындағы елдер кіретін Азиялық-Тынық мұхит олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің ұйытқы болуымен Индонезияның Папуа провинциясында халықаралық астрономиялық олимпиада өтті. Оған Қазақстаннан бес бала барды. Бесеуі де жүлделі оралды.
— Бұл — әлемде осындай деңгейде болып тұрған алтыншы дода. Жетіншісі биыл біздің елімізде, Қазақстанда, Ақтөбе қаласындағы планетарий базасында өткізіледі. Индонезиядан осы олимпиаданың эстафетасын алып келдік! Бұл олимпиада Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады, — дейді Қ.Бөлеков. Бұл біздің планетарийдің республикалық қана емес, әлемдік деңгейде астрономиялық мекемелер арасында да өзіндік орны бар екендігін көрсетеді…
P.S.
2011 жыл Ресейде космонавтика жылы деп жарияланды. Бұл жыл біз үшін де ғарыш саласындағы үлкен жаңалықтарға толы болғалы тұр. Жоғарыда айтылған мерекелі даталарды былай қойғанда, биыл қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 65 жасқа, Талғат Мұсабаев 60 жасқа толады.
Осы мерекелерге орай, облысымызда түрлі астрономиялық шаралар ұйымдастырылмақ. Ғарышкерлер күні қарсаңында Ақтөбеде түрлі апталықтар мен декадалар өткізіледі. Екі ғарышкерді Ақтөбеге шақырып, кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Биыл аймақтық «Астро-2011» астрономиялық олимпиадасы да Ақтөбеде өткізіледі. Жетінші Азиялық-Тынық мұхиттық олимпиадасы да осында өтеді. Қысқасы, бұл жыл Ақтөбе үшін, Ақтөбе планетарийі үшін «жұлдызды» жыл болғалы тұр…
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



