Білім

Олимпиада жүлдегерлері марапатталды

Кеше жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Марапаттау шарасына Қазақстанның барлық өңірлері онлайн форматта қосылды. Алдымен тікелей эфир арқылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім додасында өз облыстарының намысын қорғаған дарынды оқушыларды жеңістерімен құттықтады.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жетістікке жеткен облыс оқушыларын құттықтап, медальдар мен дипломдар табыс етті.

— Баршаңызды облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің атынан білім бәйгесінде жеткен жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Бүгінгі күні жастардың жан-жақты, терең білім алуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Облыс бюджетінің 70 пайызға жуығы білім саласына бағытталып отыр. Бүгінде сіздер Ақтөбенің абыройын асқақтатып, республикалық деңгейдегі олимпиадада жоғары көрсеткіш көрсеттіңіздер. Біз мұны ел Тәуелсізідігінің 30 жылдығы қарсаңында білім саласының дамуына қосқан үлестеріңіз деп білеміз. Бүгінгі республикалық олимпиаданың қорытындысында Ақтөбе облысы команда бойынша үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейі «Ең үздік оқу орны» атағына ие болды. Енді сіздердің алдарыңызда үлкен міндет тұр. Мектепті бітіріп, еліміздің дамуына елеулі үлес қосады деген сенімдеміз. Алар белестеріңіз көп болсын, — деді Бұлбұл Елеусінова құттықтау сөзінде.

Жыл сайын республикалық олимпиада барлығы 16 жалпы білім беретін пән бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында өткізіледі.

Биылғы жылғы олимпиаданың ерекшелігі —  елдегі пандемияға байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтап, «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасына сүйене отырып, прокторинг жүйесін қолдану арқылы онлайн форматта өткізілді.

Олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған 77 оқушы республикалық кезеңге жолдама алып, 40 оқушы (8 алтын, 7 күміс, 25 қола) жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Исламбек Балмағамбетов республикалық олимпиадада жүлделі екінші орынды еншілепті. Тарих пәнін сүйіп оқитын шалқарлық оқушы болашағын да осы ғылыммен байланыстырады.

— Жалпы олимпиада төрт кезеңнен тұрады. Барлық сыннан сүрінбей өтіп, қорытынды кезеңде күміс жүлдеге ие болдым. Биыл — өзім білім алып жатқан Әліби Жангелдин атындағы орта мектептің 60 жылдық мерейтойы. Осы орайда білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма ризашылығымды білдіргім келеді.  Қазір электронды интернет желісінің қарыштап дамыған заманы. Онлайн форматта да республикалық олимпиадаға қатыстық. Бұл бізге жаңа мүмкіндіктер ашты, — дейді И.Балмағамбетов.

Биылғы оқу жылында республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңіне 1 миллионға жуық бала қатысқан. Оның ішінен аудандық кезеңге 100 мыңға жуық оқушы өтсе, облыстық кезеңге 12 мыңнан астам оқушы жолдама алған. Республикалық кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен 1500-ден астам қатысушы бақтарын сынаған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button