Денсаулық

Жұқпалы аурудың алдын алады

Жұқпалы аурулардың белгілі бір түрлерінің алдын алудың тиімді жолы — профилактикалық егу. 70-жылдардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша бүкіл әлемде табиғи шешекке қарсы егу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде әлемде шешек толығымен жойылды.

Сондай-ақ Еуропа аймағында және біздің елімізде полиомиелит сияқты қауіпті ауру да  екпенің арқасында жойылып отыр.

1998 жылы вирустық гепатитке қарсы, 2005 жылдан бастап қызамыққа қарсы және 2008 жылы Хиб-инфекцияға қарсы вакцинация енгізілді.

Балалар мен ересектерді күлге қарсы жаппай егу нәтижесінде Ақтөбе облысында 1998 жылдан бастап бірде-бір адам бұл індетпен ауырмаған.

Қазақстанда вакцинация әрбір адамға қолжетімді. 2013 жылы ҚР ұлттық күнтізбесіне өзгертулер енгізіліп, баланың қорқынышын азайтатын, сонымен қатар вакцинадан кейінгі реакцияның пайда болу қаупін төмендететін (АбКДС+Хиб+ВГВ+ИПВ) вакцина енгізілді.

Профилактикалық мақсатта жұқпалы 20 ауруға қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. 2014 жылдан бастап пневмококк инфекциясына қарсы 1 жасқа дейінгі балалар  вакцина алады.

Бүгінгі күні облыс бойынша профилактикалық екпелермен қамту — 95%.  Дегенмен әртүрлі себептерге байланысты ата-аналардың өз балаларына екпе жасатқызудан бас тарту фактілері орын алып отыр. Балаларды екпемен толық қамтымау жұқпалы ауруларға сезімтал адамдар санының көбеюіне әкеледі, яғни ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне әкеп соқтырады. Бұл жағдай мектеп, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жұқпалы аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін.

Профилактикалық егулер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылғы 13 маусымдағы №361 бұйрығымен бекітілген «Халыққа профилактикалық егуді жүргізу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Профилактикалық егу жүргізу алдында жалпы практика дәрігері немесе педиатр медициналық тексеру жүргізеді. Егер қарсы көрсетілім болмаса, егуге рұқсат етіледі. Болуы мүмкін жағдайлар түсіндіріліп, айтылады.

Қазақстанда мемлекеттік тіркеу рәсімінен өткен вакциналар қолданылады. Ең заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген республикалық иммунобиологиялық зертханада вакциналардың сапасы бақылаудан өтеді. Осыдан кейін ғана мемлекеттік тіркеу рәсімі жасалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button