Денсаулық

Балаларды абайлайықшы

Кішкентай бала инфекция жұқтырса, өміріне қауіп төнеді, медициналық көмекке жүгінеміз. Ал вакцинация инфекцияның алдын алады. Мәселен, көкжөтел —балалар арасында кең таралған инфекция. Көкжөтелге шалдыққан баланың өкпесі қабынып, миы зақымдалады. Ал күл ауруы тыныс, жүрек, жұмсақ таңдай және бұлшық еттің салдануына әкеледі. Ауру асқынса, бала өліп кетуі мүмкін.

Сіреспе жұқтырған бала екпе алмаған болса, соңы өліммен аяқталады.

Қызамық — кең таралған инфекция. Туа пайда болған қызамықты нәресте жүктілік кезінде анасынан жұқтырады. Әсіресе жүктіліктің алғашқы үш айында қауіпті. Көп жағдайда әйел түсік тастайды. Баланы босанғанның өзінде ақыл-есі кем болып туады.

Қызылша ауруының асқынуы көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар мен 20 жастан асқан ересектерде кездеседі. Асқынулардың кең таралған түрі — құлақ ортасының қабынуы (отит), бронхопневмония, мойын лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит, соқырлық.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 3079 баланың ата-аналары екпе салдырудан бас тартқан. Оның ішінде бірде-бір екпе алмаған балалар саны — 2185 (71%).

Ата-аналардың екпеден бас тарту себептері әртүрлі. Мәселен, діни  ұстанымы бойынша 1603 бала егілмесе,  БАҚ арқылы негативті ақпарат алғаннан 132 бала екпе алмаған.

Екпеден бас тартқан ата-аналар арасында вакцинаның маңыздылығы мен тиімділігін түсіндіру жұмыстары жүреді. Осындай шараның нәтижесінде биыл 34 бала екпе алған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button