Жастар

«Ағаш ек! Үй тұрғыз! Ұрпақ өсір!»

Өткен сенбіде рухани-адамгершілікке тәрбиелейтін «Анаға тағзым» орталығының алды жаңа көшеттермен толықты. Халықаралық отбасы күніне орай ақтөбелік  жас отбасылар 50 түп сирень мен алма ағашын екті.

Ағаш егу акциясы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Киелі табиғат» экологиялық жастар жобасы аясында өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында  жастардың бойында экологиялық мәдениет қалыптастырып, елді мекендерді санитарлық көгалдандыру мәселесіне ден қойған болатын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ағаш егу шарасына 30 жас отбасын шақырдық. Бұлардың барлығы облыстық деңгейде түрлі шараға қатысып жүрген үлгілі отбасылар. Аталмыш акцияны облыстың барлық аудандарында да қолға алу жоспары бар, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елеусіз Нұрғалиев.

Ағаш егуге келген жас отбасылардың бірі — Нұрсұлтан мен Ботагөз. Екеуі де қаламыздағы №30 мектепте жұмыс жасайды. Отбасын кұрғандарына 5 ай болыпты.

— Дана бабаларымыздың ертеден келе жатқан «Ағаш ек! Үй тұрғыз! Ұрпақ өсір!» деген ұлағатты сөзі бар ғой. Егер расымен мән берсек, бұл сөздің астарында терең ой жатыр. Бұған дейін өзім де, келіншегім де түрлі ағаш егу акцияларына қатыстық. Бүгін алғаш рет екеуміз бірге сирень ағашын егіп жатырмыз. Болашақта осы жер үлкен баққа, балаларымызбен бірге келіп демалатын орынға айналсын деген тілегіміз бар. Отбасы күні құтты болсын! Өзіміз секілді жас отбасылардың барлығына бақыт тілейміз, — дейді Нұрсұлтан Қуанышбай.

Ал Оразбековтер отбасы ағаш егуге балаларымен бірге келген. 2003 жылы шаңырақ көтерген Анарбек пен Айнаш бүгінде төртінші сәбиін тағатсыздана күтіп жүр. Отбасының отанасы Айнаш мұндай шараның балалардың отбасына, туған өлкесіне деген сүйсіпеншілігін арттыратынын айтады.

— Бұл акцияның ең алдымен экологиялық тұрғыда маңызы зор. Сондай-ақ балалар үшін де естелікке толы күн. Бізден басқа қаншама ата-ана балаларымен бірге ағаш егіп жатыр. Қандай әдемі көрініс! Жастайынан ата-анасымен бірге тал егіп, оған су құйған бала жаман болмайды. Сондықтан мұндай акцияларға балаларымызбен бірге қатысуға тырысамыз, — дейді Айнаш Оразбекова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button