Денсаулық

Үш вакцинаның да тиімділігі жоғары

Брифинг

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте 

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды баяндады.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша, 13 мамыр күні 102 адам індет жұқтырған. Оның 77-сі ауру белгілерімен болса, қалғаны — симптомсыз.

— Бүгінде аурушаңдықтың өсу деңгейі 1 пайызды құрап отыр. Жалпы облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан 10 240 жағдай тіркелген. Оның 1,9 пайызы сырттан әкелінген. 17,5 пайызы ауру адаммен қарым-қатынаста болса, 80,4 пайызы — жергілікті жағдайлар. Қазіргі таңда үй карантиніне 3843 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. 

Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес облыс сары аймақта екені белгілі.  Бұл жағдай түбегейлі өзгеруі де әбден мүмкін. Сондықтан барынша сақтық шараларын сақтауға шақырамыз, — деді ол.

Бүгінде мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметі өкілдерінен түскен мәліметтерге сәйкес, анықталған құқықбұзушылықтар үшін  48 524 165 теңге көлемінде 386  айыппұл салынған. Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, қорытындысында 47 объектіге  айыппұл салынған.

— Соңғы тәулікте пневмония бойынша 19 жағдай тіркелді. Жалпы пандемия басталғалы коронавирус инфекциясына шалдыққан 8842 науқас жазылып шықты. Қазір облыстағы инфекциялық стационарларда 544 адам ем алуда. Оның 383-і Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында. Жан сақтау бөлімшесінде 40 адам ем қабылдауда. Өкпені жасанды желдету аппаратына 7 науқас қосылды. Карантиндік стационарларда 15 адам бақылауға алынды. Олар  Мәртөк және Қарғалы аудандарында. Бүгінде инфекциялық кереует жүктемесі 36 пайызды құрап отыр, реанимациялық кереует жүктемесі — 30 пайыз. Коронавирус инфекциясын тестілейтін 11 зертханамыз жұмыс істеп тұр. Жалпы бүгінгі күнге дейін 555 195 ПТР-тест тапсырылған. Соңғы тәулікте 3748 зерттеу жүргізілген, — деді Бекболат Ізбасаров.

Брифинг соңында әлеуметтік желі арқылы түскен тұрғындардың сауалдарына жауап берілді. Көпшілікті вакциналауға қатысты сұрақтар толғандырды.

«Ақтөбеліктер арасында қандай екпе түрі сұранысқа ие?» деген көрермен сұрағына Бекболат Ізбасаров:

— Әрине, елімізге ең бірінші болып және көп мөлшерде «Cпутник V» вакцинасы келді. Сондықтан сұраныс көп. Алайда бүгінде беріліп жатқан үш вакцинаның қай түрін болмасын тиімділігі жоғары деуге болады. Кез келгенін алуға болады. Өңірімізде екпе алуға барлық қолайлы мүмкіндіктер қарастырылып жатыр, — деді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button