Денсаулық

149 науқас. 25 айыппұл. 683 вакцина

Темір ауданында да вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін екі кезеңнен тұратын екпені 683 азамат алған.

— Қауіпті жұқпалы ауруларды жоюдың немесе алдын алудың ең тиімді жолы — вакциналау. Вирусқа қарсы иммунитеттің түзілуі вакцина салғаннан кейінгі 2-ші кезеңнен соң 3-4 аптаға созылады. Ол көбінесе коронавируспен ауырып, сауыққан адамдарда кездесетін елеулі асқынулардан сақтай алады. Адамдар неғұрлым көбірек вакцина салдырса, біз коронавирустың таралуын соғұрлым тезірек тоқтатамыз. Яғни вакциналау 60 пайыздан жоғары болған жағдайда «ұжымдық иммунитетке» қол жеткізуге болады. Ол дегеніміз — қоғамда вирустың таралуын төмендетіп, адамдардың сырқаттану қаупін болдырмау. Қазіргі таңда 11 мамырға дейін еліміз бойынша 1698893 адам вакциналанды. Ал Темір ауданы бойынша 10 мамырға дейін вакцинаның 1-ші кезеңін 1410 адам қабылдаса, 683 тұрғын 2-ші кезеңді толығымен алды. Аталған адамдардың арасында вакцинадан кейінгі асқыну, жағымсыз жағдай тіркелген жоқ, — дейді Темір аудандық емхананың меңгерушісі Қаным Балғазина.

Сондай-ақ ол профилактикалық егу — медициналық қарсы көрсетілімі жоқ адамдарға жасалатынын, коронавирус инфекциясына вакцинаның тегін салынатынын атап өтті. Бұл медициналық қызмет Шұбарқұдық кенті Қызылжар  шағын ауданында орналасқан аудандық емханада жүргізіледі.

Вакцина алғандардың бірі:

— 2016 жылы күрделі ота жасатқанда, немере апама бауырымның 75 пайыз бөлігін беріп, донор болғанмын. Сондықтан вакцина алуға келгенде уайымдағаным рас. Бірақ мамандар ешқандай кедергі жоқтығын айтты. Содан өз еркіммен вакцина алу туралы шешім қабылдадым. Шүкір, ешқандай кері әсерін байқамадым. Барлық медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, — дейді Темір аудандық білім бөлімінің қызметкері Эльвира Атыраубаева.

Өлкедегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталсақ, жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырған 149 адам тіркелген. Былтыр ауданда барлығы 188 азамат осы кеселге шалдыққан-ды. Бүгінгі таңда Шұбарқұдық кентінде орналасқан провизорлық стационарда — 8, ал Кеңқияқ ауылдық ауруханасында 3 адам ем алып жатыр. Ал науқастармен жақын байланыста болған 71 адам үй карантиніне алынған.

Темір аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қайрат Аяпбергеновтен білгеніміздей, биылғы 11 мамырға дейін жергілікті мобильдік топтың мүшелері мен полиция қызметкерлері карантиндік шектеу шараларын бұзу бойынша 32 фактіні (мониторинг топпен — 13, полиция бөлімімен — 19) анықтап, әкімшілік құқықбұзушылық туралы 26 құжат толтырған. Барлығы 3427475 теңгеге 25 айыппұл салыныпты.

— Қауіп сейілген жоқ. Сондықтан темірлік жерлестерді бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға және әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын. Және түрлі мерекелік және отбасылық іс-шараларды өткізуге және көпшілік орындарға баруға тыйым салынғанын естеріңізге саламын, — деп сөзін қорытындылады Қ.Аяпбергенов.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button