Білім

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті: заман талабына сай білікті мамандар даярлайды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — білім саласында және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол бірден-бір жоғары оқу орны.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — Қазақстан жоғарғы оқу орындары басты рейтингісі бойынша көшбасшы, мемлекетіміздің тарихында бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «Қызметтер мен өнім сапасы саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының дипломанты атанды. Біздің университетіміз — Халықаралық университеттер Ассоциациясының мүшесі және Еуразиялық университеттер Ассоциациясының ұйымдастырушысы. Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан ЖОО-лары арасында тұңғыш болып Болон қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды, ИСО 9000:2000 халықаралық стандарттар талабы негізінде сапа мененджмент жүйесіне сай (СМЖ) халықаралық сертификаттаудан жемісті өтті және IQNET Халықаралық сертификаттау жүйесі сынды ең ірі әлемдік сертификаттау орталығының куәлігін иеленді.

Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 47 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университетте кәсіби білім беру  көпсатылы жүйесі бойынша 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алып жатыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ құрамындағы Химия және химиялық технология факультетінің орны бөлек. Факультеттің қалыптасуы мен дамуына ҚазКСР ҒА академиктері Ә.Бектұров, Б.Бірімжанов, Д.Сокольский, М.Усанович, М.Козловский сияқты ғалымдар орасан зор үлес қосты. Қазіргі уақытта факультет 3 мамандық бойынша бакалавр, 8 мамандық бойынша магистрлар мен PhD докторларын даярлайды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Факультеттің жаңа оқу ғимараты ҚазҰУ қалашығында орналасқан. Факультет құрамында 6 ірі кафедра, 2 ғылыми-зерттеу институты, 3 факультеттік зертхана бар, олар жаңа заманауи құрал-жабдықтармен және аспаптармен жабдықталған. Факультетте 150-ден астам оқытушы қызмет етеді, олардың 50 – ғылым докторы, 90 – ғылым кандидаты, 15 – PhD. Олардың арасында ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, «Ғылым бейбітшілік үшін» атты НАТО халықаралық сыйлығының, Қ.Сәтбаев, Д.Қонаев, Е.Букетов атындағы, «Тарлан», «Жастар» сыйлықтарының, «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері бар.

Химия және химиялық технологиялар факультеті химия саласының бүкіл ел экономикасының дамуын қамтамасыз ететін ғылым ордасы. Заманауи тиімділігі жоғары технологияларды дамыту біздің ғалымдар әзірлеген жаңа материалдарды пайдаланумен байланысты. Факультет студенттері тек ғылыми мекемелерде ғана емес, химия, мұнай химиясы, фармацевтика, металлургия өнеркәсіптерінің кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтеді.

Бүгінде факультет Қазақстанның химия-технологиялық мамандықтарының арасында алдыңғы қатарда және рейтингі ең жоғары. Түлектері ғылыми, өндірістік және басқару салаларында, бизнесте жетекші орынға ие. Факультет студенттері элиталы кәсіби білім алу үшін және олардың өмірі қызықты және маңызды оқиғаларға толы болу үшін барлық жағдай жасайды.

Оқу орны тұралы толық мәлімет алу үшін «6В05301-Химия», «6В-07201-Фармацевтикалық өндіріс технологиясы», «5B011200 – Химия» және «7М05301-Химия» секілді мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің пікірін білген дұрыс болар.

Лаура Ақмырзаева, «6В05301-Химия» мамандығының екінші курс студенті:

Бала кезімнен химия пәніне қызықтым. Сондықтан болашақ мамандығым осы химиямен тығыз байланысты болғанын қаладым. Сапалы білім алу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдадым.  Алдыма қойған мақсатым жүзеге асып, «Химия және химиялық технологиялар» факультетінің грант иегері атандым. Университетке келген алғашқы күннен-ақ бойымды мақтаныш кернеді. Ұстаздардың біліктілігі, оқып жүрген студенттердің бір-біріне қарым-қатынасы, бауырмалдығы, университет қалашығының әдемілігі, кітапхана қорының үлкендігі секілді артықшылықтары өте-өте көп. Одан бөлек, университет қабырғасында әртүрлі ұйымдар жұмыс істейді.  Ұйымдар студенттер үшін оқудан тыс қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал тигізеді. Оқу жылы басталғаннан университетте әртүрлі кештер, сайыстар өтеді. Бұлар студенттер өмірін қызықты естеліктерге толтырады.

Қорыта айтқанда, әлемнің үздік 200 университеті қатарына жататын оқу орнын таңдағаныма еш өкінбеймін, керісінше, еліміздің алдыңғы қатарлы университетінде оқитындығымды мақтан тұтамын.

Несібелі Мақсатқызы химия және химиялық технологиялар факультетінің 2-курс студенті:

— Мамандық және оқу орнын таңдау жолында көп ойландым. Бір білгенім, менің мамандығым тек ғылым мен байланысты болу керек, себебі дәл ғылымдарға менің қызығушылығым көп болатын. Ата-анам мамандық пен университет таңдауды өз еркіме берді. Жарты жыл бойы мен таныстарымнан қаладағы университеттер туралы, мамандықтар туралы сұрастырып жүрдім. Университет таңдағанда да еш қиналған жоқпын. Нағыз білімді уақыт сынағынан өткен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ғана алуға болатынына сенімді болдым. Содан соң мен химия және химиялық технологиялар факультетінің «Химия» мамандығына оқуға түстім. Оқып жүргеніме бір жарым  жыл болды. Маған оқытушылар құрамы да, білім беру деңгейі де ұнайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті сексен жылдан астам тарихы бар, білікті профессорлар мен ұстаздар ұжымы қызмет ететін, шетелдік университеттермен тең дәрежелі серіктестікке ие, Қазақстанның түкпір-түкпірінен білім нәрімен сусындау үшін келген ең білімді, ең дарынды, озат студенттердің ордасы. Университет қабырғаларында студенттерге сапалы білім беріледі, сондай-ақ студенттерге өздерінің табиғи дарыны мен қабілеттерін шыңдау үшін алуан түрлі мүмкіндіктер бар.  Біздерге қойылатын талап университет студентінің Кодексіне сәйкес абыройлы студент атағына кір келтірмей, білім нәрімен сусындау. Сөз соңында ҚазҰУ-де шынымен де барлық армандар жүзеге асады дегім келеді.

Дилафруз Рахматуллаева, химия және химиялық технологиялар факультетінің студенті:

— 2015 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы, Гвардейский қалашығында  №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектепті үздік тәмамдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «5В060600 – Химия» мамандығына оқуға түстім. Оқудың алғашқы күндерінен бастап, оқу барысында берілген тапсырмаларды дер кезінде тиянақты орындап, өз ісіме жауапкершілікпен қарап, ұқыптылығымды танытуға тырыстым. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға қатысып, студенттік өмірдің қызықтарын көрдім.

Ал 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап ғылым жолында тәжірибелік жұмыстар атқара бастадым. Оперативтік жұмыс барысында ғылымға деген қызығушылық арта бастады. «Медициналық және биологиялық импланттарға антибактериалды жабындарды көп қабатты құрастыру» тақырыбы аясында көптеген ғылыми жұмыстар жүргізілді. Университет қабырғасында ғылыми мақалалар жазып, студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты ғылыми конференциясына бірнеше (2016, 2017, 2018 жылдары) рет қатыстым, жүлделі орындарға ие болдым. Сонымен қатар 4-ші Халықаралық Ресей-Қазақстан ғылыми практикалық конференцияға Ресейге сапар шегіп, зерттеу жұмысымды баяндадым.

Ғылыммен айналысуға бел буып, оқуымды ары қарай жалғастырамын деген шешімге келдім. Қазір 2019 жылы «Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы» кафедрасының магистранты болып оқуымды жалғастырып жатырмын .

Физикалық химия, катализ және мұнай химия кафедрасы отандастық және шетелдік белгілі өндіріс және оқу орындарымен серіктестік байланыста, мысалы,  «Конденсат» АҚ компаниясы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК», «ORGANIC» тәуелсіз мұнай өнімдерін сараптау орталығы, Carlsberg Kazakhstan сыра өндіруші компаниясы, «РауанНалко» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС«Алматы Су». Сонымен бірге Новосибирск мемлекеттік техникалық университеті, Қытай мұнай университеті, Кайзерслаутерн техникалық университеті, Оңтүстік Кореядағы Кванджу ғылым және технология институты. Бұл байланыстар білім алушыларға іс-тәжірибе өтуге және де жан-жақты ғылыми зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысымды «Тігіс материалдарының бетіне бактерияға қарсы жабындарды жағу шарттарын зерттеу» тақырыбы бойынша қарастырудамын. Бұл жобаның перспективасы мол, өте өзекті мәселелерді қарастырады деген сенімдемін.

Балнұр Балтабаева, университет магистранты:

— Магистратураға түсу — кез келген адамның өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Бұл кезеңде қателіктерге жол беруге болмайды және таңдауға жауапкершілікпен келу керек, өйткені сіздің мансабыңыз бен ғылыми қызметіңіз осыған тікелей байланысты. Айта кету керек, университеттің өзін таңдауға да ақылмен қарау керек. Барлық жерде өз межесі бар және ол әртүрлі, сондықтан егер сіз үнемі белсенді жұмыс істеп, дамығыңыз келсе, онда тиісті білім беру мекемесіне ұмтылу керек.

Әрине, кезінде менің де университет таңдау туралы өзіндік түсінігім бар еді. Бірақ мен дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін, өйткені қазіргі таңда мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарының бірінде оқып жатырмын. Жоғарыда айтқан сөздерімді дәлелдеу үшін бірнеше мысал келтіргім келеді.

Біріншіден, университет өз білім алушыларын жаңа технологиялармен қамтамасыз етеді, бұл қолайлы жағдайда зертханалық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Менің мамандығым химиялық зерттеу жұмыстарымен тікелей байланысты болғандықтан, мен тек осындай қызметті тиісті жағдайда жүргізуім қажет. Ғылыми мәселеге қатысты нақты түсінік туындап, диссертациялық жұмысты қолайлы жағдайда орындауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, әлемдік індетке байланысты туындаған мәселелер салдарынан біздің бүгінгі жағдайымызды атап өтуге болады. COVID-19 вирусының таралуына  байланысты көптеген мекемелер мен оқу орындары онлайн оқытуға көшті, ал біздің университет өз жұмысын әдеттегі режимде жалғастыруда, бұл өз кезегінде бізге оқытушылардың аузынан қажетті ақпаратты игеруге мүмкіндік береді. Себебі, коммуникация қандай да бір ақпаратты алу үшін ажырамас бөліктердің бірі.

Үшіншіден, әрине, мықты оқытушылар құрамы. Жоғары білікті мұғалімдер өз істерін біледі және көп жағдайда оларға сене аласың. Олар қажетті ақпаратпен сусындадып, олқылықтардың орнын толтыруға тырысады. Олардың әдістері жауапкершілікті, ұйымшылдықты, пунктуалдылықты тәрбиелеуге көмектеседі, бұл болашақта міндетті түрде қажет болады.

Соңында менің ҚазҰУ магистратураға түсудегі таңдауым саналы болғандығын және үмітім ақталып жатқандығын нық түрде айтқым келеді. Алған білімім алдағы уақытта жұмысқа орналасуға және ғылыми тыныс-тіршілікті жүргізуге қызмет ететініне сенімдімін.

Қазақстан Республикасында пайдалы қазбалардың, соның ішінде мұнай, көмір және уранның ауқымды қоры бар екендігі белгілі. Еліміз түсті металдарға да бай: Менделеевтің периодтық кестесіндегі 117 элементтің 99-ы Қазақстанда кездеседі. Осының бәрі көмірсутекті және минералды шикізатты талдау және өңдеумен айналысатын химиктер мен химик-технологтарды даярлауды қажет етеді. Сонымен қатар экономиканың кез келген саласына жаңа технологияларды әзірлеу және енгізу жұмыстарын химия және химиялық технология саласының мамандарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Яғни әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті даярлайтын мамандар әрқашан еліміздің экономикасында сұранысқа ие деп сеніммен айтуға болады.

 Е.Әубәкіров, химия ғылымдарының докторы, профессор,

С.Наренова, техника ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.,

Р.Ысқақова, химия ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button