Тарих

Ізденістің іздері

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қаһарман қыз Сапура» атты шара өтті.

Тарихта «Көрінбейтін Көктемір» аталып кеткен ел-халқының азаттығы үшін күрескен батыр қыз Сапура Мәтенқызының ерлігін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен шараға ҚР Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Ахмет Құбай, Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп-гимназиясының мұғалімдері мен осы мектептің 9-сынып оқушысы, «Дарын» республикалық ғылыми жобалар байқауының үшінші орын иегері қатысты.  

Әлия Жалғасбаева №55 орта мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Берік Сатмағанбетов пен тарих пәнінің мұғалімі Қуат Ережеповтің жетекшілігімен  Сапура Мәтенқызының өмірі мен ерлігі жөнінде ғылыми жұмыс жазып жүр екен. Республикалық додада осы жұмысы үздік деп танылып, жүлделі орынға ие болған.

— Сапура Мәтенқызы туралы ең алғаш газет беттерінен оқыдым. Кейін осы тақырыпқа қызығып, өзімнің ғылыми жұмысымның негізі етіп алдым. Іздене бастағанымда батыр қыз туралы мағлұматтардың тым аз екендігіне көзім жетті. 2020 жылдың қаңтарында жетекшілерім Берік, Қуат ағайларымның нұсқауымен жұмысымды жаза бастадым. Мақсатым — жастарға, өз қатарластарыма өлкемізден шыққан батыр қыздың ерлігін насихаттау және жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарына өз үлесімді қосу болды. Материалдарды интернет желісінен, мұрағаттардан іздедім. Тарихшылармен, ғалымдармен кездестім. Тарихшы Ләйлә Бекмаханованың еңбектерін ақтардым. Әлі де іздене беремін, — дейді Әлия Жалғасбаева.

Шара барысында Сапура Мәтенқызы туралы шағын фильм көрсетіліп, батыр қызға арналып жасалған пилон-стела  таныстырылды. Пилон-стеланың эскизін ҚР Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Ахмет Құбай жасаған. №55 орта мектеп-гимназиясының технология пәні мұғалімі мүсіншінің идеясы бойынша пилон-стеланың макетін жасады.

Сапура Мәтенқызының ерлігін насихаттауға қатысты іс-шаралардың басы-қасында жүрген Ислам Бітіковтің айтуынша, бұл макет Қобда ауданы әкімдігіне таныстырылып, болашақта аудан орталығына ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс айтылатын болады.

Мектептің технология пәні мұғалімі ұялы телефон қоятын шағын заттар да жасапты. Оған QR-код орнатылған. Осы код арқылы ғаламтордан Сапура Мәтенқызы туралы мағлұматтар оқуға болады.

Тарихи-танымдық шара соңында музей директорының орынбасары Бақытжан Қалнияз музей басшылығы атынан №55 мектеп-гимназиясының ұжымына Алғыс хат тапсырды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button