Білім

Маңызды марафон мерейі

«Нұр Ақтөбе» ауданында орналасқан №60 орта мектептің ашылғанына биыл 5 жыл толады. Осы жылдар ішінде білікті басшы Абзал Тажимишевтің бастамасымен бала тәрбиесіне қатысты біраз игілікті іс атқарылды.  

Соның бірі —  «Ең үздік ата-аналар» марафоны. Аталған шараның «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт», «Шынықсаң, шымыр боларсың», «Біз таза қаланы таңдаймыз!», «Білім ордам — гүлді ортам» секілді кезеңдерінің оқушылар үшін тәлім-тәрбиелік мән-мағынасы зор екені анық.

Кешегі сенбіде мектеп басшылығының ұйымдастыруымен марафонның «Біз таза қаланы таңдаймыз!» кезеңінде сенбілік жасадық. Сенбілік барысында қолдарына тырма, күрегін алып, сайланып шыққан әр сыныптың ата-аналары мен оқушылары бірге жүріп, өзіне белгіленген аймақты тазалап, оның ішінде мектеп айналасын, мектеп жанындағы көп қабатты үйлердің айналасын қоқыстан тазарту жұмысына ұйымшылдықпен атсалысты. 6 «м» сыныбының ата-аналары да  оқушылармен бірге сенбілікке саналы түрде қатысты.

— Бұл — біріншіден, шектеу шаралары кезеңінде балалардың бір сәт таза ауаға шығуына  мүмкіндік берсе, екіншіден, жас ұрпақты еңбекке, тазалыққа, бірлікке баулу. «Еңбек, бәрін де жеңбек» демекші, ұйымшылдықтың арқасында  санаулы уақытта-ақ тазалық жұмыстары тиянақтылықпен тындырылып-ақ тасталды. Өмір сүріп жатқан өңірді тазалау —  біз үшін үлкен мәртебе. Қуана-қуана көмектестік, — дейді 6 «м» сыныбының ата-анасы Гүлден Сержанқызы. Сынып жетекшіміз Қалқа Құлынтаева ата-аналармен үнемі ауызбіршілікпен, ынтымақтаса жұмыс жасайды. Балаларымызды шығармашылыққа, өнерлі болуға, бірлікке баулиды.

Иә, біз таза қаланы таңдаймыз! Марафон енді «Білім  ордам — гүлді ортам» кезеңіне жалғасып, таза қаламыз гүлді қалаға айналмақ. «Біз әрқашан біргеміз!».

 Амангүл САБЫРОВА,  

№60 орта мектептің 6 «м» сыныбы ата-аналар комитетінің төрайымы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button