Туляремиядан сақтан!

Туляремия — жедел инфекциялық ауру. Инфекция ағзаны улап, дене қызуын көтеріп, бубон үлгісіндегі лимфаденит және әртүрлі органдарды зақымдайды. Аурудың қоздырғышы — туляремия бактериясы. Кез келген жастағы адам бұл індетпен ауыруы мүмкін.
Табиғатта аурудың көзі — жабайы кеміргіштер мен қояндар. Ал ауруды тасымалдаушылар әрі сақтаушылары — буынаяқты қансорғыштар мен иксодтық кенелер.
Адамға ауру инфекциямен зақымдалған кене шаққан кезде, ауру кеміргіштер жеген азық-түлік, суды пайдаланған кезде жұғады.
Инкубациялық кезең үш аптаға созылады. Бірақ көп жағдайда 3-тен 7 күнге дейін жалғасады.
Кене шаққан әрбір адам тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне тез арада қаралып, 21 күн ішінде диспансерлік бақылауда болуы қажет. Медициналық бақылау туляремия ауруына науқастарды ерте анықтау мақсатында жүргізіледі.
Ақтөбе облысында Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Олар өзен жайылымдарында орналасқан. Жыл сайын зоопаразитологиялық тексеру жұмыстарын жүргізгенде, Ойыл, Қобда және Ырғыз аудандарының аумағынан туляремия ауруының қоздырғыштары кенелер мен кеміргіштерден анықталады. Өткен 2020 жылы кенелерден 2 қоздырғыш анықталды.
2020 жылы облыс бойынша 346 адам кене шағып, зардап шекті. 2021 жылдың 12 мамырындағы ақпарат бойынша кене шағып зардап шеккен 30 адам медициналық бақылауға алынды, жағдайы қалыпты.
Туляремия ауруының алдын алудың негізгі шараларының бірі — адамдардың кене шағудан сақтануы және кеміргіштерді жою.
Кенелер адам мен малдарға ерте көктем және жазда шабуыл жасайды. Ауылшаруашылық малдарын қырқу барысында, кенелерді үстінен жинағанда, далалық жерлерде, саяжайда жүргенде кене шағуы мүмкін. Олардың қауіптілігі сонда, олар теріге байқатпай, яғни ауыртпай жабысады.
Өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне қарай кене теріге жабысқан соң бірден қан сормайды, сондықтан кенені уақыт өткізбей байқап, алып тастаған жағдайда кенедегі инфекция қоздырғышымен зақымдану қаупі төмендейді. Кенені алу үшін емдеу-алдын алу мекемелеріне (жарақат бекеті) тез арада қаралған жөн. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға және жаншуға болмайды.
Денеге қадалған кенені пинцетпен немесе жіппен алып тастайды. Кенені теріге жақын тұмсығынан ұстап, маятник тәрізді ырғақты қозғалыспен ақырын денеден шығарып алу керек. Бұл қолға қолғаптар кию арқылы жүргізілуі тиіс. Кене шаққан жерді йодпен өңдеп, қолды сабындап жуу қажет.
Көбінесе кене шаққан адамдар осы жәндіктерді өз бетімен алып тастайды, емдеу-алдын алу мекемелеріне медициналық көмекке жүгінбейді.
Өз бетімен емделмеген жөн, бұл — өте қауіпті. Егер де сізді кене шағып, жағдайыңыздың нашарлағанын сезінсеңіз, дереу дәрігерге қаралыңыз.
Адамдар табиғи биотоптарға барған кезде кене шағудан сақтанудың келесі ережелерін білуі тиіс, атап айтқанда:
- кененің киімнің астына кіруі мүмкіндігін азайтатын киімді кию;
- киімге жабысқан кенелерді анықтау үшін өзін және бірін-бірі әрбір 10-15 минут сайын үнемі қарап отыру;
- кенелердің жанасуын болдырмау үшін шөпке отырмау және жатпау;
- табиғат аясынан оралғаннан кейін киімді және денені толықтай қарап шығу;
- кенелер болуы мүмкін екенін ескере отырып, тұрғынжай және өндірістік бөлмелерге жаңадан жұлынған шөптерді, бұтақтарды және сырт киімдерді әкелмеу;
- кенелерді жасқандыратын арнайы дәрі-дәрмектерді пайдалану қажет.
Туляремияның энзоотиялық аудандарында далалық жағдайда жұмыс істеуге баратын адамдар (геологтар, мұнайшылар, аңшылар және т.б.) туляремияға қарсы екпе алуға міндетті.
Қазіргі уақытта туляремияның алдын алудың негізгі әдісі — вакцинация.
Осы талаптардың орындалуы туляремия ауруының жұғу қауіптілігін төмендетеді.
ҚР ДСМ КСЭБ ШЖҚ «Ұлттық сараптама орталығы» РМК Ақтөбе облыстық филиалы кенелердің белсенді маусымында Ойыл, Қобда және Ырғыз аудандарының туляремияның табиғи ошағында орналасқан 31 елді мекеннің айналасында жоспарлы тосқауылды өңдеу (дератизациялау және дезинсекциялау) жұмыстарын үстіміздегі жылдың мамыр айында бастады.
Тосқауылды өңдеу жұмыстары жүргізілу кезінде елді мекендердің тұрғындары, өздерін және ауылшаруашылық малдары мен құстардың улануларының алдын алу мақсатында дезинсекция, дератизация жүргізілетін жерге шықпау, малдарын жайылымға жібермеуі керектігін тағы да ескертеміз.
Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.



