Білім

11 мамыр. 10 ай және 10 күн: оқушылар мектепке оралды

Кешеден бастап облыстағы көпшілік мектептің барлық оқушысы білім шаңырақтарында оқып жатыр. Дегенмен бұған ата-аналардың біразы наразылық білдірді.

Біз облыс мектептеріндегі оқу процесінің ұйымдастырылуы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханмен сөйлескен едік.

Облыстың Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 6 мамырдағы №19 қаулысына сәйкес 11 мамырдан бастап облыстағы барлық жалпы білім беру ұйымы аралас форматта оқытуға көшірілді. Контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық  251 мектепте (60,3 пайыз) сыныптардағы бала санын 25-тен асырмай дәстүрлі форматта білім берілуде. Мұндағы оқушы саны —24 799 бала (15,5 пайыз). Ал 165 мектеп (39,7 пайыз) сыныптардағы  бала санын 25 оқушыдан асырмай, аралас форматта оқытуда. Бұл білім  шаңырақтарында  пәндердің 70 пайызы — штаттық, 30 пайызы қашықтан оқытылады. Оқушылар  үлесі — 134 894 бала (84,5 пайыз), — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласындағы 85 мектептің (86 442 оқушы) 7-уінде (8,2 пайыз) оқу процесі дәстүрлі түрде өткізілуде. Бұл білім шаңырақтары — Белогор, №48, №58, №67, №74 орта мектептер, Заречный мектеп-бақшасы және №54 негізгі мектеп (жалпы 1276 оқушы).  Қалған 78 мектептегі (91,8 пайыз)  84 235 оқушы аралас форматта білім алуда. Оның 7-уінде 1,5-сынып,  9 және 11-сынып оқушылары ғана мектепке барып білім алуда. Қалғандары қашықтан оқуда.

Ақтөбе қаласындағы үш ауысымда білім беретін 6 мектепте (№23, №63 орта мектеп-лицейлер және, №56, №60, №64, №73  орта мектептер) және күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталмауына байланысты №33 мектепте оқушылардың бәрін бірдей  мектепте оқыту мүмкін болмай отыр, — дейді басқарма басшысы.

Қазір облыс орталығындағы мектептердегі түске дейін оқуы тиіс 41 864 оқушының 38 515-і (92,0 пайызы) мектепте білім алуда.

Жолдас Батырханның айтуынша, қаулыға сәйкес қабылданған шешім көпшілік ата-ана тарапынан наразылық, түсінбеушілік тудыруда.

Расында, ата-аналардың дені: «10 ай бойы мектепте оқымағанда 10 күнде оқып, не ұтамыз? Бос әбігер, бос әуре» деп жатыр.

Бұл шешімнің қабылдануының бірнеше себебі бар. Бастыларына тоқталайын. 

Біріншіден, 6,7,8-сыныптар жыл бойы тек қашықтан ғана оқыды. Оқу жылының соңында оқушылардың білімін бекіту, өткен материалдарды қайталау мақсаты қойылып отыр. Сонымен бірге бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) жүргізіледі. Оқушылардың пәндер бойынша тақырыптарды игеру деңгейі анықталады.

Екіншіден, білім олқылықтарын жою, білімнің сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылатын жазғы мектеп жұмысымен таныстырылатын болады, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Жазғы мектептің жұмысы ата-аналардың өтініштері негізінде 26 мамырда басталып, 19 маусымға дейін жалғасады.

P.S.

«Ата-аналардың наразылығын ескеріп, біз оқушыларды қашықтан оқытуға рұқсат беру туралы шешімге келдік. Дегенмен бір ғана жағдайда ата-ана талабы ескеріледі. Бір сыныптың оқушыларын екіге бөліп оқытудың ешқандай мүмкіндігі жоқ. Сол себепті ата-аналар сынып бойынша қашықтан болмаса аралас оқу форматының біреуін ғана таңдауы тиіс. Мысалы, жалпы сыныптағы 25 оқушының ата-аналарының барлығы бірдей қашықтан оқытуды қолдаса, келісім береміз. Қазір Ақтөбе қаласындағы кейбір мектептерде ата-аналардың өтініштері негізінде балаларды қашықтан оқыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен біз балалардың бәрі де мектепте оқығанын қалаймыз», — дейді Жолдас Батырхан.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button