Мереке

Ән тыңдап, гүлге оранған Ажар әже

Жеңіс күнінде қаланың кей жерлерінде, анығы, соғыс ардагерлері тұратын үйлердің аулаларында әскери әндер шырқалып, мерекелік көңіл күй сезілді. Бейбіт күннің әндері Металлургтер көшесіндегі кезінде ардагерлерге берілген үйдің ауласында да шырқалды.
Осы үйдің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Ажар Оразғалиева есік алдына шығып, орындыққа жайғасып, жастардың әнін тыңдап, биін тамашалады. Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамансары Мақашев ардагерді құттықтап барып, жылы лебіздерін айтып, гүл шоқтары мен сыйлықтарын берді. Ажар әже де жастардың өнері мен құрметіне риза болып, алғысын жаудырып, «аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын» деген аналық тілегін айтып, бата берді.
Ардагердің қызы Зәмзагүлдің айтуынша, Ажар Оразғалиева 1924 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келген. 1942 жылы майданға өзі сұранып барған. Әуелі 416-дивизия құрамында Курск шайқасына кірген, кейін Киевті азат етуге, сондай- ақ, 1944 жылы Румынияны азат етуге қатысқан.
Ажар әже Жеңісті Берлинде қарсы алыпты. «Киевті азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Курск қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» марапаттары бар. Соғыстан кейін КСРО-ның мерекелік медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары Атырау қаласы техникумында кафедра меңгерушісі, балабақша меңгерушісі қызметтерін атқарыпты. 1972 жылы мұнай өнеркәсібі саласына ауысып, жабдықтау бөлімін басқарды. Он баланы дүниеге әкелген Ажар әже биыл 97 жасқа толады.
Бұл күні облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов та Ажар әжені Жеңіс күнімен құттықтап барды.
— Бүгінгі таңда облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан 20 ардагер бар. Осындай бейбіт күн үшін Жеңіс жауынгерлеріне алғыс айтып, басымды иемін, — деген облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов әжеге мықты денсаулық тілеп, гүл мен мерекелік сыйын табыс етті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button