Басты жаңалықтарМереке

Этномәдени орталықтардың экологиялық акциясы

1  мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері — этномәдени орталықтар мүшелері  ҚР Тұңғыш Президенті саябағындағы Тутұғырдың жанында экологиялық акция өткізді. Шара барысында түрлі ұлт өкілдері Бірлік күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап 30 түп тал екті.

«Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрхан Ағниязов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Бірлік күніне арналған шараларды таза ауада өткізуді ұйғарғанын айтады:

— Бүгінгі экологиялық акция барлық санитарлық талаптар қатаң сақталып ұйымдастырылып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 түп үйеңкі отырғызып жатырмыз. Оған облыстағы 17 этномәдени орталық өкілдерінің барлығы қатысып жатыр. Отырғызылған талдарға апта сайын әрбір этномәдени орталық кезекпен күтім жасайтын болады, — дейді ол.

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары саябақтағы қыстан қалған қоқысты жинаса, үлкендер жағы тал екті.

— Бізді қуаныш та, қайғы да, ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегіміз де біріктіреді. Бұл күнгі мерекеде біз еңбекті таңдадық. Міне, бірі баянмен сүйемелдеп, ән айтып жатыр, бірі су тасып жатыр. Ал біз Президенттің елімізді көгалдандыру тапсырмасына қосқан бір үлесіміз болсын деп тал егіп жатырмыз. Бұл қазақтың асар деген дәстүріне ұқсайды. Жалпы, қазақтың салт-дәстүрлері барлық конфессиялар үшін қызықты. Баланың тұсауын кесетіні, ақ жол жаятыны, жаңа түскен келіннің бетін ашатыны, жұма сайын жеті нан тарататыны, той жасаса, айналасындағы көршілерін тіпті танымаса да, ұлтына, жасына қарамастан, бәрін шақырып, дастарқанынан дәм татыратын қонақжайлылығы — барлығы тарихы тереңде жатқан өте мағыналы салт-дәстүрлер. Қазақ елі бірлікті, достықты әрқашан ту етіп ұстанған, сондықтан біздің ортақ отанымызда да түрлі ұлттар мен ұлыстар арасындағы бірлік жоғары бағаланады, — дейді «Қоғамдық келісім» КММ мүшесі Сергей Вишняк.

Бұл пікірге «Вайнах» шешен этномәдени орталығының төрағасы Хасан Сагаев та қосылды.

— Елімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 30 жылдығына арналған «30 игі іс» қайырымдылық марафоны өткізіліп жатқаны белгілі. Бұл шара — соған қосқан біздің үлесіміз. «Вайнах» шешен этномәдени орталығының үлкендерімен бірге жастары да осы экологиялық акцияға белсене қатысып жатыр. Болашақта бұл талдардың саясында біздің немерелеріміз қыдырып жүретін болады. Біз жастарға бірлікті, татулықты, өзіміз тұрып жатқан елді, жерді қадірлеуді үйретуіміз керек. Сонымен қатар бүгінгі шара — Ақтөбе қаласында 8 сәуірден бастап өткізіліп жатқан екі айлық санитарлық-тазалық жұмыстарына қосқан үлесіміз. Тұрғындарды қаламызды таза ұстауға шақырамыз. Жалпы алғанда, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері 300 тал егуді жоспарлап отырмыз, — дейді Х.Сагаев.

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, облыстық статистика басқармасында «өңірде 90 ұлт өкілдері тұрады» деп ресми тіркелген.

— Облыс бойынша түрлі ұлт өкілдерінің картасын жасағанымызда удмурт, абхаз, якут секілді кейбір ұлт өкілдерінен тек 1-2 адам ғана кездесетінін айқындадық. Жақында Чехия Консулдығы: «18 жас шамасындағы жастарды Чехияда тегін оқытамыз, грант бөлеміз», — дегендіктен, чех ұлты өкілдерін іздегенмін, алайда өңірде оннан астам ғана чех ұлты өкілдері бар екен, онда да ересектер мен мектеп жасындағы балалар. Негізінен облыста өкілдері көп ұлттардың этномәдени орталықтары құрылып болды, дәл қазіргі кезде жаңадан этномәдени орталық құруға қажеттілік байқалып отырған жоқ. Қазір Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше этномәдени орталықтар өкілдері бірлікте еңбек етіп жатыр. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті өңірде екі рет мониторинг жүргізіп, облыста ұлтаралық қатынастарға байланысты ешқандай мәселе жоқ деп тұжырым жасады. Осындай татулығымыз берекелі болсын, — деді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button