Тарих

Телеарнаның топжарғаны

Кеңестік заманда 7 мамыр — радио күні ретінде аталып өтілуші еді. Қалада болсын, ауылда болсын әрбір үйдің төрінде шағын радио жәшігі ілулі тұратын, әсем әуен, тәтті күй, жаңалықтар, басқа да жағымды хабарлар сол қораптан таралып жататын. Бір қызығы, кімнің де болса құлағы сол радиода болатын.

Бүгінде журналистиканың алдыңғы буыны қатарына ілігіп қалған Иманбай Жұбай шығармашылық еңбек жолын республикалық радиодан бастады. Оның балалар мен жастарға арналған жылы хабарлары көпшіліктің жүрегін жаулап алушы еді.

Әңгіме желісін одан берірек тартсақ, он жылға жуық осы салада тынымсыз еңбек еткен ол енді телеарнаға бет бұрды.

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында көрнекті журналист, белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Қазақстан» телерадиокорпорациясын басқаруға келуімен бірге көгілдір экранға құмарта қараушылар саны көбейді. Оның себебі, мұнда әр күн сайын жақсы жаңалық, тың өзгерістер орын ала бастаған еді. Солардың бірі ретінде «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасы көрермендер жүрегін бірден жаулап алған-ды.

Бұл өзгеше бағдарламаның алғашқы тізгін ұстаушысы сол тұста жұртшылыққа жақсы танымал журналист Иманбай Жұбай болатын.

Журналистиканың жүйрігі мен жабысын жедел айыра білетін Шерағаң сол кезде отыздың үстіне енді шыққан, қандай да бастамаларға батыл үн қосып жүрген, өз идеяларын айтудан да іркіліп қалмайтын жас жігітке үлкен сенім білдірді.

Сол «Таңшолпан» телеарнадағы ғұмыры ұзақ және көрерменінің көңілінен шыққан дара бағдарламалардың біріне айналды. 2012 жылы оның жиырма жылдығы салтанатпен атап өтілді. Сонда аузы дуалы аға  буын журналистердің бірі «Қазақ көрермендерінің көзайымы болған «Таңшолпан» ұлттық арнаның брэндіне айналды» деп баға берді.

Міне, осындай ірі жетістікті кім-кім де ешқандай қызғаныш-талассыз Иманбай есімімен байланыстырады.

Қазақ телевизиясы мен радиосында өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырған, бүгінде алпыс атты асуға қол созып отырған Иманбай Жұбайдың өмірбаянында өз тұрғыластарынан алып бара жатқан өзгешелік те жоқ. Ол Шалқар ауданындағы Есет батыр ауылында дүниеге келді. 1977 жылы Қорғантұз орта мектебін бітіргеннен кейін ару қала — Алматыға жол тартты. Осында үлкен бір мекемеде бағдарламашы-техник болып бір жыл жұмыс істеп, содан кейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен еді. Факультетте телерадио кафедрасында мамандық бойынша бейімделуге тоқтам жасап, сол кездегі жас ұстаз, кейін ғылым докторы, профессор болған Намазәлі Омашовтың тәлімдемесінен өтеді.

Ал 1983 жылы университетті бітірген бойда жолдамамен Қазақ КСР Мемлекеттік теле және радио хабарларын  тарату жөніндегі  комитеті Қазақ радиосы балалар мен жастарға арналған  бас редакциясына редактор болып барды. Ол кезде радиодан беріліп жататын түрлі хабарлардың тыңдаушысы көп болатын. Он жылға жетер-жетпес уақыт ішінде осында аға редактор, редакция меңгерушісі және  бас редакторы болып қызмет атқарды.

Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстары туралы Иманбай дайындаған радиофильмдер тыңдармандар тарапынан да, шығармашылық ортада да жоғары бағаланды. Қазақтың біртуар тұлғалары Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Исаев, Қайсар Тәштитов, Мұстафа Шоқай, Бекболат Мұстафин және басқа да көрнекті азаматтардың қиын-қыстау тағдырлары сериялы хабарларға арқау болды. Жүйелі жасалған осы ауқымды еңбегі үшін Иманбай 1992 жылы  Қазақстан Журналистер Одағының   Баубек Бұлқышев атындағы  сыйлығына ие болды.

Ал оның алдында төрт-бес жыл бұрын Бүкілодақтық радиофестивалінде оның тағы  жобасы — «Менің құрдастарым» атты радиоқойылымы жүлделі орынды жеңіп алған болатын. Радио қызметіндегі Иманбайдың күрделі бір еңбегі 1992 жылы елдегі алғашқы «Бай-радио» тәуелсіз радиоарнасын ашуы еді. Бұл ізденіс те сол жылдардағы жақсы жаңалық, тың жол ретінде жұртшылықтың жадында сақталып қалды.

Қалай болғанда да оның шығармашылық өмірбаяны көп ретте телевизия дамуымен тамырлас.

1998 жылы КТК арнасында тұңғыш рет қазақ тіліндегі «Жаңалықтар» ақпарттық бағдарламасы ашылып, оның тізгінін ұстаған жетекшісі болды. 1999 жылы Қазақ теледидарының таңғы сазды «Арай ТВ» бағдарламасының бас редакторы болып тағайындалды.

2000- 2002 жылдары ол «31 канал» арнасына барып, «Информбюро» бағдарламасының жүргізушісі, «Саясат» апталық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі әрі жетекшісі, «Еркін сөз», «Заман-сауал» атты ток-шоуларының жүргізушісі әрі жетекшісі ретінде қоғамдық-саяси өмірдің белсенді қозғаушысы ретінде көрінді.

Содан кейін Қазақ ұлттық арнасында қайта оралған тәжірибелі журналист таңғы «Жаңа күн», қоғамдық-саяси «Ел» шығармашылық бірлестіктерінің  көркемдік жетекшісі болды. Сонымен бірге интерактивтік қоғамдық-саяси «Бар мен жоқ» ток-шоуын жүргізді. Сол жылы ҚР Президенті грантын иеленеді. Ал 2006 жылы «Президент аудиториясы» бағдарламасын жүргізді.

Халыққа кеңінен танымал болған, мүмкіндігі мол Алматыда аялдап қалмай, оның Маңғыстауға «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының директоры болып жол тартуы кезекті ізденістерінің бірі ретінде қабылданды. Жаңа басшы елге мол жаңалығын ала келді. Облыстық телеарнадан көптеген қызықты әрі танымдық бағдарламалар орын алды. Көрермендер талай әсерлі кездесулердің, әдемі әңгімелердің куәсі болды. Осында ол облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Киелі Маңғыстау жеріндегі бес жыл өмірін өзіне тағдырдың тартқан сыйы ретінде қабылдайды. Тарихи мекеннің тылсым сырларын тануға тырысты, шежірелі қарттарымен сұхбаттасты, кәрі Каспий толқыны лебін сезінді.

Ал «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының шығармашылық және аймақтық орынбасары, төрағаның кеңесшісі, продюсер қызметтері оның кезекті өсу, өрлеу баспалдақтары еді.

Иманбайдың еңбек кітапшасында бір жылдары  ҚР Ішкі істер министрлігі әскерінің баспасөз қызметінің  басшысы, «Шипагер» газетінің бас редакторы болғаны туралы жазулар да кездесіп қалады. Бұл оның жаны сүйген, жүрегі қалаған негізгі қызметінен бір сәтке мойын бұрып, тыныс алу сәттері сияқты көрінеді бізге.

Бүгінде Иманбайдың көптеген деректі телефильмдердің сценарийін жазғанын екінің бірі біле бермес. Қазір бейнеқорда оның «С.Сейфуллин», «М.Жұмабаев», «Шәкәрім», «С.Торайғыров», «Сырым батыр», «Д.Снегин», «Есет батыр», «Көтібар Бәсенов», «С.Жандосов», «Берел құпиясы» атты телефильмдері сақтаулы тұр.

2017 жылдан «Қазақстан» РТРК» АҚ аймақтық мониториг бөлімінің басшысы, басқарма төрағасының кеңесшісі, аутсорингтік компаниялармен жұмыс жөніндегі бөлімнің шеф-редакторы қызметтерін атқарып келе жатқан Иманбай бүгінде жастардың ақылшы ағасы.

Оның әр жылдарда «Алтын жаршы», «Күміс жаршы», «Қазақ радиосының үздігі»  белгілерімен марапатталғаны — үздіксіз еңбегінің жемісі, лайықты бағалануы.

Радио мен телевизияға маманданған журналистердің әдетте газетке мақала жазуы сиректеу. Иманбайды бұл жағынан әмбебап деуге болады.

«Ұстанымнан ұлағатқа дейін» деген тақырыппен академик Төрегелді Шарманов туралы әдемі мақала жазды бір кездері. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының Л. Бернанд атындағы алтын медалінің иегері, әлем медицинасы мақтаныштары тізіміне енген санаулы топтағы ғұламаның есімін екінің бірі білуі мүмкін. Ал Ұлытау топырағын туып-өсіп, ұлылық деңгейіне көтерілген ерекше тұлғаның жұртқа жария емес ішкі сырлары мен қырларын, көптеген құпияларын біз осы эсседен таптық.

Тағы бір тұста республикалық «Ана тілі» газетінде «Қасекеңнің балалары мен жастары» деген тағы бір татымды дүниесі жарқ ете қалды. Қасекеңі — өмірінің қырық жылын Қазақ радиосына, алпыс жылын қазақ журналистикасына арнаған, КСРО телерадио саласының үздігі  Қасымхан Ерсарин. Кезінде ол кісінің жетекшілігімен радиодан берілетін «Ұшқын», «Ойлан, тап!», «Сәлеметсіз бе, замандас!», «Гүлдәурен», «Жас қалам», «Айгөлек», «Ерден атайдың ертегілері» хабарларын талай тыңдап өстік қой.

Иманбай да жас журналист кезінде осы мектептен өтеді. Өзі ғана емес, Кенжебай Жармұханбетов, Бақыт Досымов секілді журналистика факультетінде қатар оқыған жігіттер Қасекеңнің балалары деген атау алады.

«Біз Сізді ұмытпаймыз, Ұстаз!» деп аяқталады мақала.

Иманбайдың жақсы бір қасиеті — алдыңғы толқын ағаларды ардақтай, құрметтей біледі. Жақында ғана Қазақ теледидарының ардагері Әміролла Сарымның дүниеден өтуіне байланысты жазбасын оқып, осы ойымызды бұрынғы пікіріміздің үстіне бекіте түскендей болдық.

«Әміролла ағамыз кезінде біздің «Таңшолпан» бағдарламасында комментатор болып қызмет істеді. Аға екі тілге бірдей, ақпараттардың мәтінін өзі түзейді. Ағалы-інілі болып жүрдік. Кітапты көп оқитын, шахматқа да шебер еді. Мінезі биязы, салмақты, жастарға нағыз ұстаз болды. Әбекең менің әкем Құрманбаймен түйдей құрдас еді, екеуі де 1940 жылғы. Әкем Алматыға бір келгенінде екеуін таныстырып, екеуі де мәз болып қалған еді…», — деп тебірене жазады ол.

Әке демекші, Иманбайдың әкесі Құрманбай ағамыз ұзақ жыл Шалқар ауданының «Сарыбұлақ» кеңшарында бас инженер болып қызмет атқарды. Елге сыйлы, жұмысына мығым, көпке қадірлі азамат еді.

Иманбай аяулы анасы Зәру апаның мейірімін тоғыз жасқа дейін ғана көрді. Одан кейінгі екінші анасы Ағила апа бұл әулетке алты перзент сыйлап, отыз тоғыз жасында ол да өмірден өтті. Бүгінде бауырларына қамқор болып, әке шаңырағын ұстап отырған Мәдина апаға ырзалығы шексіз.

Қорғантұз орта мектебінде оқып жүргенде балаң қаламын ұштаған аудандық «Коммунизм таңы» газеті, болашағына жол көрсеткен журналист ағалары Тауман Төреханов, Мұқанбетәли Есмағанбетов, Жанғабыл Қабақбаев ол үшін қашан да ыстық. Бірінші курсты бітірген жылы алғашқы өндірістік тәжірибеден өтуге келгенде сол кісілер жақсы тілектерін айтып, баталарын берген.

Екінші курстан соң Ақтөбедегі облыстық телерадиодан тәлімдемеден өтті. Содан соң биікке қанат қаққан мұзбалақ сынды Алатауды бетке алып тартып кеткен.

…Бәрібір тамыры байланған туған жерге бүйрегі бұрып тұрады. Таяуда ғана Шалқар көлін тазарту ісі қолға алынғанда алыстан атойлап қуанып, тілектестігін білдіріп жатты.

Әнебір жылдары тұңғыш кәсіпқой қазақ сәулетшісі, КСРО Сәулет академиясының корреспондент мүшесі, сәулет саласындағы алғашқы ғалым педагогтердің бірі, қазақ сәулет мектебінің негізін қалаушы Төлеу Бәсеновтің 100 жылдығына орай Болат Нүсіпбеков екеуі деректі телефильм түсіруді қолға алды. Төлеу Құлшаманұлының немересі Алмат Бәсеновпен бірге елге келіп, Шалқар, Мұғалжар, Алға аудандары мен Ақтөбе қаласында болды.

Қазірде де елге елеңдеп отырады. Журналистика саласындағы тынымсыз еңбегіне қолдаушы болып, үйдегі бар жағдайын жасап отыратын Маржаны мен үнемі оң жағынан табылатын балалары, көз қуанышы — немерелері Байқадам бойында бірге өсіп, өзім кішкентайынан білетін, бірер қадам ізіммен келе жатқан, бүгінде жас ата атанған Иманбай бауырымның басты бақыты деп білемін.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button