Татулық — таусылмас бақыт
Тоқсан екі жылдық тағылымды тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейінің «1869-1940 жылдардағы өлке тарихы», «Ерлік пен Даңқ», «1945-1991 жылдардағы Ақтөбе өлкесінің тарихы», «Тәуелсіздік жолымен», «Табиғат», «Археология» және «Этнография», құнды және сирек кездесетін экспонаттар қойылған «Алтын зал», «Қазақ хандығы» секілді көрме залдары бар.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі қазіргі заман тарихы ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Айбек Ертеміровтің айтуынша, музейдің «Тәуелсіздік жолымен» деп аталатын тақырыптық залында өлкемізді ғасырлар бойы мекен еткен қазақ халқымен татулықта өмір сүрген өзге ұлттар мен ұлыстардың тарихы, мәдениеті, өнері жөнінде келтірілген мәліметтерден және ұлттық киімдері мен бұйымдарынан «Татулық — таусылмас бақыт» тақырыбында арнайы экспозиция жасақталған.
Бұл жерде кәріс, чех, славян халықтарының ұлттық киімдері, кәрістердің ас үй құралдары мен ұрмалы музыкалық аспабы, Кавказ халықтарының музыкалық аспаптары, орыстардың ағаш ойыншықтары мен ұлттық музыкалық аспабы, татар-башқұрт, армян халықтарының кәдесыйлары, Орта Азия халықтарының музыкалық аспабы, славян және шығыс халықтарының тұрмыстық бұйымдары қойылған. Экспонаттарды аталған ұлт өкілдері мен олардың ұлттық мәдени орталықтары тапсырған.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс
жөніндегі менеджері.