Жастар

Даяшы қыздың дәмханасы

Алмагүлдің арманы аспазшы болу еді. Сол арманның жетегімен ауылдағы орта мектепті бітірісімен Ақтөбе қаласына келген ол бірден аспазшы мамандығын таңдады. Студент бола жүріп, мейрамханаға даяшы боп кірді. 17-18 жасынан бастап жұмыс істеді. Өзінің алға қойған мақсатына жету үшін асүйдегі жұмыстан қашпады. Ақыры елгезек, әр ісіне тиянақты қыз аспаздықты меңгерді.

Аспаздық ете жүріп мейрамхана меймандарының не талғайтынын, келушілерге қалай қызмет көрсету керектігін үйренді. Ас мәзіріне ерекше мән беретін ол көп ұзамай кәнігі аспазшы боп шықты. Қалада үлкен мейрамханаларда жүріп жинаған 10 жылдық тәжірибесімен бизнестің табалдырығын тәуекелмен аттады. Ең әуелі ісін туған ауылынан түрік тағамы — донер дайындаудан бастады. Қазіргі жастардың жеңсік асына айналған тағамдарды көбірек жасауды қолға алды. Өйткені ол қала жастарына тән ауыл жастарының да фастфудтық тағамдарды тұрақты тұтынатынын  білді.

Шаруақор қыздың ауылдағы шағын кәсібі жемісін берді. Алайда ізденімпаз қызға ауылдың ауқымы тар еді. Сондықтан адам көп шоғырланған аудан орталығын таңдады.

Бүгінде Ойылдың орталық көшелерінің бірінде  әп-әсем, іші келушілердің көзін тартатын дәмхана жұмыс істеп тұр. Оған «Food Point» деген ат берді. «Food Point» ағылшын тілінен аударғанда жылдам тамақ желісі деген мағына береді.  Алмагүлдің дәмханасының ерекшелігі де осында. Қазіргі сұранысқа сай ас мәзірін көбейтті. Тұтынушыларға  жылдам әрі сапалы тағам жасайды. Донердің 8, пиццаның 10 түрі дайындалады. Басқа тамақтар да тұтынушылардың талғамына қарай ас мәзіріне кіргізілген. Махито, лимонад  сусындарымен қоса, ташкент шайы да осы жерден табылады.

Алмагүлдің дәмханасына келуші қонақтардың қарасы көп. Өйткені өз тұтынушыларына қызметі мен құрметін бірдей жасайтын қыздың талғамына таңғалмасқа болмайды. Бос тұрған ғимаратты жалға алған ол оның ішін қала үлгісімен сәндеп тастапты. Жиһаздарына да ақша аямаған. Қабырғалардағы әдемі суреттер келушілердің көзін тартады. Ол бұған 1 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Тағы бір ерекшелігі дәмхана тағам түрлері бойынша тапсырыс қабылдайды. Яғни үйде отырып тәбетің тартқан асты кез келген уақытта алдыра аласың. Дәмхана қызметкерлері тез арада жеткізіп береді. Қызметкер демекші, Алмагүл ойылдық 8 бойжеткенді жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа еңбекақылары — 75 мың теңге. Аудан үшін бұл жоғары жалақы. Жұмысшылардың бәрі аспаздықтың қыр-сырын толық меңгерген.  Тағамдардың бағасы қымбат емес. Қолжетімді бағаға лайықталған. Оның үстіне әр жұма сайын барлық сусындар мен тағамдарға 10 пайыз жеңілдік бар.

Кәсіпкерлікті қалтасындағы аз ғана қаржысымен бастаған Алмагүл өткен жылы ғана «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы 505 мың теңгенің қайтарымсыз грантына ие болыпты. Оған дәмханаға керекті заманауи құралдар алған.  Кәсіпкер қыздың жұмысына карантин кедергі емес. Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Дәмхана иесінің айтуынша, жергілікті әкімшілік кешкі 20.00-ге дейін ашуға рұқсат беріп отыр.

Өзім Ойыл ауданы Қараой ауылының қызымын. Шағын кәсібімді ауылдан да, қаладан да аштым. Біршама уақыт жүргіздім. Әркім өзі білетін, машықтанған саласымен айналысуы керек қой. Тек аспазшылық қызметпен қалып қоймай, өзіңді дамытуың керек. Қазіргі заман соны талап етеді.

Маған  Ойыл ауданының орталығы ұнады. Күн сайын халқы да, үйлері де өсіп келе жатыр. Жастар көп. Қаладан келіп жұмыс істеп жатқандар да бар.  Байқап қарасам, Ойылда фастфудтық тағам желісі дамымаған екен.  Қазір тұрғындардың тұрмысы тәуір, талғамдары да өзгерген.  Тез шешім қабылдадым. Қызметімді ойылдық тұрғындарға ұсынғым келді. Нәтижесі жақсы. Тұтынушыларыма тағамды барынша таза әрі дәмді етіп дайындауға тырысамын. Астың сапасы барлық санитарлық талаптарға сай, арнайы тексеруден өткен. Алдағы уақытта қаладан екі бас аспазшы әкелемін. Олардың еңбекақылары 150-200 мың теңгеге дейін болмақ. Себебі фастфудтық тағамдарға сұраныс көп. Ал оларды жасайтын аспаздардың  жасаған жұмысына қарай еңбектері бағаланады. Жазға қарай дастарқанымыз  ауған қуырдағы, палау, қазанкебаб, лағман секілді тағам түрлерімен толықпақ. Біздегі ас мәзірі, оның дайындалуы мен дәмі тура қаладағыдан кем болмайды. Тамақты күн сайын ерте тұрып жаңадан дайындаймыз. Ешқашан кешеден қалған тамақты бермейміз, — дейді Алмагүл Мырзағалиева.

Ойыл ауданында жылдам тамақ желісінің жұмысы одан әрі   жанданбақ. Алмагүл  кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Дәмхананың алдына жаздық жабық қоршау салынып, ішіне сәкілер қойылады.

Самат ЕСЕНҚҰЛ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button