Білім

Биылғы Олимпиада өзгеше өткізіледі

 25-30 сәуірде жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңi өтедi. Жексенбі күні республикалық білім бәйгесінің салтанатты ашылу рәсiмi онлайн режимде ұйымдастырылады.  

Биыл еліміздегi пандемия жағдайына байланысты республикалық олимпиада өңiрлердегі және республикалық маңызы бар қалалардағы «Ustudy» орталықтарының ғимаратында өткiзiлетiн болады. Шара барысында барлық санитарлық талаптар сақталады.

Олимпиада «Бір қатысушы — бiр компьютер — бiр камера» қағидасына сүйене отырып, прокторинг жүйесін қолдану арқылы ұйымдастырылады.

Қатысушыларды кабинеттерге отырғызу кезінде араластыру әдісі қолданылады. Яғни  бір кабинетте бір пән бойынша сайысқа қатысатындар бірыңғай отырмайды. Мысалы, химия, физика, тарих, тағы да басқа пәндер бойынша қатысатындар бірге отырғызылады. Сондай-ақ бір кабинетте 9-11 сыныптың оқушылары араласып отырады, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Олимпиаданың тапсырмаларын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы интернет ресурсы арқылы  барлық қатысушыға бір уақытта береді.

Олимпиада аяқталғаннан кейін қатысушылардың сканерленген жұмыстары шифрланып, қазылар алқасының мүшелеріне тексеруге жiберiледi. Әрбір кезең аяқталғаннан кейін қатысушылар жұмыстарының сканерленген көшiрмелерi «Дарын» РҒПО интернет-ресурсында олардың жеке деректерiнсiз орналастырылады. Тапсырмалар бойынша дұрыс жауаптар және олимпиаданың нәтижелері көрсетілген хаттамалар да «Дарын» РҒПО сайтында жарияланатын болады. Олимпиада әділ ұйымдастырылуы үшін барлық өңiрлерге «Дарын» республикалық орталығының жауапты қызметкерлерi жiберiледi. Олимпиада онлайн режимiнде көрсетiледi. Бейнебақылаудың сілтемелерi «Дарын» РҒПО сайтында жарияланады.

Айта кету керек, жыл сайын республикалық олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша ұйымдастырылады. Пәндердің жалпы саны — 16.  Білім додасы 9-11 сыныптың оқушыларының арасында 4 кезеңде өткізіледі. Биылғы оқу жылында республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңiне еліміз бойынша 1 миллионға жуық бала қатысты. Оның 100 мыңға жуығы аудандық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде 12 мыңнан астам оқушы бақ сынады.  Ал қорытынды кезеңде еліміздің барлық өңірлерінен 1500-ден астам бала сынға түсетін болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button