Мәдениет

«Асыл қазына» насихаты

Биыл Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Aqtobe» телеарнасымен бірлескен меморандум аясында өңірден шыққан қолөнер шеберлерінің қатысуымен «Асыл қазына» жобалық бағдарламасының түсірілімдері өтті.

Мақсат — ұмытылып бара жатқан ұлттық асыл қазыналарымызды дәріптеп, насихаттау, жастардың санасына сіңіру және шеберлермен ынтымақтастық байланысын орнату. Хабардың алғашқы түсірілімінің қонақтары — музейдің суретші-қалпына келтірушісі, Қазақстан Республикасы Қолөнершілер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, белгілі зергер Болат Атыраубаев пен Қазақстан Республикасы Қолөнершілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, белгілі қолөнер шебері Ерқосай Әбілов болды.

Болат Атыраубаев ескі зергерлік бұйымдарды қалпына келтіруді көрсетсе, Ерқосай Әбілов ер-тоқымның қос ноқра және 12 таспа ноқра өрімдерінің жасалу процесін көрсетті.

Ал кезекті хабарда ақтөбелік тігінші Роза Бисекенова ұлттық этностильдегі көйлектің тігілу әдісін, ал темірлік жас қолөнер шебері Әлібек Тайман жиналмалы бесіктің жасалуын көрсетті. Жыл соңына дейін «Асыл қазына» насихатталып, бағдарлама түсірілімі жалғаса бермек.

 Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button