Білім

Білім: 5 әлеуметтік жоба

Еліміздің білім беру саласында 5 әлеуметтік жоба қолға алынып жатыр. 

Бұл жобалар — студенттік жатақханаларды салу және қайта қалпына келтіру жұмыстары, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру аясында жекеменшік мектептерді салу және қайта қалпына келтіру жұмыстары, «AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, білім беру несиелеріне кепілдік беру, әлеуметтік студенттік кредиттер. 

Аталған жобалар жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізу мақсатында Ақтөбеге Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ  ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің сарапшысы Айнұр Сағындықова келген еді. Сарапшымен арадағы әңгіме осы тақырыпта өрбіді.  

Жатақхана

Елбасы «Бес әлеуметтік бастама» атты Үндеуінде жатақхана тапшылығын жою туралы тапсырма берген болатын. Осы міндетке қол жеткізу үшін кәсіпкерлерді  тарту, оларға  мемлекеттік тапсырыс беру тетігі әзірленді. Осы тетік арқылы кәсіпкерлерге әлеуметтік нысандарды салу жобаларына қатысудың артықшылығы мен мүмкіндігі мол. Бұл тек кезекті әлеуметтік нысанды тұрғызу ғана емес, табысты, тұрақты, болашағы зор бизнес-жоба. Қазір жатақханаларға  сұраныс көп. Еліміз бойынша жалпы 63 мыңнан астам орын қажет. Сондай-ақ алдын ала талдау жұмыстарының қорытындысына сүйенсек, жақын болашақта студенттер саны біршама өседі. Яғни студенттік жатақханаларға сұраныс арта түседі. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ, — дейді Айнұр Сағындықова.

Облыс бойынша 42 колледж бар. Қазір 2 колледждің жатақханаларында орын тапшы. Олар — Ақтөбе жоғары  политехникалық колледжі және Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің жатақханалары. Мысалы, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі  жатақханасының сыйымдылығы — 94 орын. Ал мұнда білім алатын оқушылар үлесі —  1738 оқушы.  Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің жатақханасы 1961 жылы салынған. Сыйымдылығы — 150 орын. Оқушы саны — 1501 адам. Яғни оқушылардың 10 пайызы ғана жатақханамен қамтылған.

Биыл Ақтөбе автожол колледжінің аумағында облыс орталығындағы Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі, Ақтөбе сервис колледжі, Ақтөбе автожол колледжінің студенттеріне арналып, 184 орынға есептелген жатақхана құрылысын салу жоспарланып отыр.

Жатақханалар мәселесін жоюдың мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында негізделген тетігінің тұжырымдамасы туралы Айнұр Сағындықова былай дейді:

Инвестор өз қаражаты есебінен әлеуметтік нысанды салады. Құрылыс талаптары орындалған жағдайда мемлекет тарапынан тапсырыс беріледі. Бұл жерде үш параметрді атап өту керек. Біріншісі — орналастыру принципі. Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың басты шарты — студент жатақханада тұруы тиіс. Сонда ғана жан басына шаққандағы қаржыландыру принципі жұмыс істейді.  Екіншісі — орналастыру мерзімі. Мемлекеттік тапсырыс ай сайын 8 жыл бойы беріледі. Үшіншісі — төлемдер мөлшері. Бір студентке арналған мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері — құрылыс салынған жағдайда 122  айлық есептік көрсеткіш, қайта қалпына келтіру жасалған жағдайда 47 айлық есептік көрсеткіш. Бұл ретте алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екіге тең болып келетін түзету коэффициенті ескеріле отырып төленеді. Мысалы, нақты 100 адам тұратын болса, төлемдер 200 адамға жасалады. Бірақ жатақхананың жобалық қуатынан аспауы тиіс.

Айта кету керек, кәсіпкерге жатақхана үшін мемлекеттік тапсырыс берілумен қатар, бұл ғимарат оған қосымша табыс көзі де болады. Яғни студенттердің ай сайынғы тұру ақысы мемлекеттік тапсырыс құнына кірмейді. Оның мөлшерін жатақхана иесі реттейді және ол белгілі бір аймақтың тұрғын үй нарығының жағдайымен анықталады. Сондай-ақ түрлі қызмет көрсету үшін  асхана, шаштараз,  жаттығу залы секілді коммерциялық алаңдар ашуға болады.

Қаражат тартуға қатысты айта кету керек, қазіргі уақытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 9 пайызбен студенттік жатақханаларды салу және қайта қалпына келтіру бойынша банктік қарыздарды субсидиялау тетігі іске қосылды.

Мектеп

Айнұр Сағындықованың айтуынша, бүгінгі таңда орта білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі — бала саны шамадан тыс мемлекеттік мектептердің жүгін азайту.

2018 жылдан бастап жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілді. Жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінде жекеменшік мектептер үшін жан басына шаққандағы норматив айқындалды.

Еліміз бойынша мектептегі орын тапшылығының 2025 жылға дейінгі есебі жасалды. Бүгінде республика бойынша 253 845 орын тапшы. Ақтөбе облысы мектептегі орын тығыздығы жөнінен алғашқы бестікті түйіндейді — Шымкент қаласы (31 530), Алматы қаласы (31 054), Атырау облысы (30 285), Нұр-Сұлтан қаласы (28 090), Ақтөбе облысы (27 840).  Сондай-ақ бұл көрсеткіш алдағы 4 жылда артпаса, төмендемейді. 2025 жылға қарай Нұр-Сұлтан қаласында орын тапшылығы 91 128 болса, Ақтөбе облысында 36 907 болмақ. Жалпы болжам бойынша 2024-2025 оқу жылында мектептердегі орын тапшылығы 364 156 орын болады.

Еліміз бойынша ескі мектептердің саны да біраз. 1960 жылға дейін салынған 529 мектеп бар. 1900 жылға дейін еңсе тіктеген — 14, 1920 жылға дейін бой көтерген — 11, 1940 жылға дейін салынған 149 білім шаңырағы бар, — дейді Айнұр Сағындықова.

Мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін білім беру ғимараттары мемлекет пен жеке сектордың есебінен салынады. Елімізде 2025 жылға дейін мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар тарту есебінен 650 мыңнан астам орынға арналған 800 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл үшін 876 млрд теңге бөлінбек. Нәтижесінде орын тапшылығы мен үш ауысымды мектептер мәселесі шешіліп, апатты жағдайдағы мектептердің саны азаяды.

Біздің өңірде де бұл мәселені шешуге бағытталған 5 жылдық (2020-2025 жж.) жоспар жасақталған. Жоспар бойынша 49 жаңа мектептiң құрылысы қажет.

Бүгiнгi күнi облыс бойынша 9 үш ауысымды және 3 апатты жағдайдағы мектеп бар.

Биыл 15 мектептің (4 790 орын) құрылысын жүргізу үшін бюджет есебiнен 4,4 млрд теңге бөлiнген. Соның арқасында 5 орын тапшылығы бар,  6 үш ауысымды, 1 апатты жағдайдағы, 3 ескi  мектептің мәселесі шешіледі. Жоспар бойынша жыл аяғына дейін 12 мектеп еңсе тіктейтін болады.

Біздің өңірде 2022 жылы — 17 мектеп, 2023 жылы — 13 мектеп, 2024 жылы — 3 мектеп,  2025 жылы  4 мектеп салу жоспарланып отыр.

 «AQYL» мемлекеттік жинақтау жүйесі

Елімізде 2013 жылдан бері «AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жұмыс істейді. Бұл арқылы еліміздің кез келген азаматы өзіне немесе баласының атына білім беру жинақтау салымын ашуға мүмкіндігі бар.

Аталған жинақтау жүйесінің басты артықшылығы — салымдарға 9 пайызға дейінгі банк сыйақысымен бірге мемлекеттен сыйлықақы есептеледі. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері — жылдық 5 пайыз, әлеуметтік әлсіз санаттағыларға — 7 пайыз.

Қазіргі уақытта білім беру депозитін  «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Jysan Bank» АҚ, «Банк ВТБ» АҚ, «Нұрбанк» АҚ-ында ашуға болады.

Несие кепілдігі

Білім беру саласындағы төртінші әлеуметтік жоба — білім беру несиелеріне кепілдік беру.

Бұл жоба аясында талапкерлер мен студенттер кепілсіз студенттік несиелер ала алады. Несиенің жалпы мерзімі — 10 жылға дейін.

Несие бойынша кепілзаттық қамтамасыз ету ретінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Қаржы орталығының кепілдігі жүреді. Несиені «Нұрбанк» акционерлік қоғамы ғана береді, — дейді Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ сарапшысы.

Білім беру несиесінің артықшылықтары: негізгі қарыз сомасын өтеу оқу мерзімі аяқталғаннан кейін және оқуды бітіргеннен кейін 6 айдан соң жүргізіледі, айыппұл санкцияларынсыз мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі бар, еліміз бойынша кез келген оқу орнында оқу үшін алуға болады.

Студенттік кредит

Бесінші ауқымды жоба — әлеуметтік студенттік кредиттер.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны  белгілі. Соған байланысты  студенттерді әлеуметтік және қоғамдық пайдалы қызметке кеңінен тартуға бағытталған «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы қолға алынды. Жоба аясында жоғары оқу орындарының студенттері ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс қорытындылары үшін академиялық кредиттерді қайта есепке ала алады. Мысалы, жоға­ры оқу орындарының күндізгі оқу бөліміндегі студенттерге 20 сағат қызметі үшін 20 мың теңгеге, 50 сағат қызметі үшін 50 мың теңгеге дейінгі кредит ретінде әлеу­мет­тік студенттік кредит түрлері ұсынылады. Яғни студенттер волонтерлер ретінде балалар үйлерінде, қарттар үйлерінде, білім беру (инклюзивті білім беру, репетиторлық) және басқа да әлеуметтік мекемелерде көмек көрсетеді, — дейді Айнұр Сағындықова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button