«Тәуелсіздікті алудан да, сақтау қиын»

Тәуелсіздік шежіресі: 1995 жыл
Бұрынғы КСРО республикаларының ішінде Қазақстан үшін ұлтаралық келісім мәселесі — ең өзекті мәселе еді. Өйткені кеңес өкіметі саяси репрессиялар, тың игеру, бесжылдықтардағы түрлі екпінді құрылыстар арқылы Қазақстанды «халықтар лабораториясына» айналдырып тынған. Республика тұрғындарының 60 проценті шеттен келгендер болды. Ал жергілікті халықтың үлесі 40 пайыз ғана еді. Қазақстан КСРО құрамындағы жергілікті халықтың үлесі тұрғындарының жартысына де жетпейтін бірден-бір республика болды. Мәскеу басқа республикалардың ешқайсысын тап мұндай мүшкіл жағдайға жеткізген жоқ. Сондықтан 90-жылдардың басында бұрынғы кеңестік кеңістікте 200-ге тарта ұлтаралық қақтығыс, жанжал тууы мүмкін деген болжамдар айтылса, солардың біразы Қазақстанда болады деп болжануы да тегіннен-тегін емес еді.
«Тәуелсіздікті алудан да, сақтап қалу қиын» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қазақстан үшін тәуелсіздікті алу — бақыт, ал оны сақтап қалу үлкен сын болды. Еліміздің тәуелсіздігін нығайту үшін, ең алдымен, қайткенде де ұлтаралық жанжалдарға жол бермеу керек еді.
Осы мақсатпен 1995 жылы Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды.
Басты мақсат — тұрақтылықты қамтамасыз ету
Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халықтарының Ассамблеясын (бүгінгі күні — Қазақстан халқы Ассамблеясы) құру туралы Жарлығы 1995 жылғы 1 наурызда шықты. Ассамблея Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан консультативтік кеңесші орган ретінде құрылды. Оның алғашқы сессиясы 24 наурызға шақырылды.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында кейбір күштер қазақ тілімен қоса, орыс тіліне де мемлекеттік тіл мәртебесін беру мәселесін көтерумен болды. Елбасы Ассамблеяның 1995 жылдың маусым айында өткен ІІ сессиясында жасаған баяндамасында осы мәселеге орай: «Тағы да екінші мемлекеттік тілді енгізу қазақ тілін тұйықтап, іс жүзінде теңсіз жағдайын тереңдете түсер еді. Мұның өзі қазақтарға жасалған тарихи қылмыс болар еді және бұрынғы империялық саясаттың салдарын жоюдағы біздің дәрменсіздігімізді көрсетер еді. Біздің тағы бір маңызды нәрсені ескермеуімізге болмайды. Кейбіреулердің ұсынғанындай, мемлекеттік қазақ тілін сақтамау қазақтарды мемлекеттік тілі сақталған Орта Азиядағы көршілерінің алдында ғана емес, сонымен бірге ТМД-ның басқа да елдерінің алдында кемшін жағдайға қояр еді. Бұл әсіре ұлтшыл топтардың пайдаланып кетуі мүмкін ұдайы тұрақсыздандыру факторына айналар еді.
Тіпті кеңес өкіметінің кезінде де бізде қазақ тілі мемлекеттік тіл болды. Егер Қазақстан егемен ел болмаса да, қазақ тілін қайта өркендету мәселесі көтерілетінін түсінген абзал. Өзіне тән мәдениеті бар, әлемдегі 1113 халық пен ұлттың арасында саны жағынан 80-орын алатын, миллиондаған өкілі бар, өмір сүріп отырған халық тапа-тал түсте өзінің тарихи отанында ана тілінен айырылып, басқа бір ұлысқа сіңіп кетуіне ешкім де бұдан былай төзбес еді. Ал бұрынғы Кеңес Одағының бүкіл аумағында осындай шын мәніндегі арсыздық әрекет белсенді түрде жүргізіліп келді және ол барлық халықтарға қатысты болды», — деді.
Бұл жолдар Ассамблеяны құрудағы түпкі мақсат — ұлтаралық келісімді сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы еліміздің тәуелсіздігін нығайту, ұлтымыздың болашағын жарқын ету болғандығын көрсетеді.
ҚХА бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. 2007 жылы ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістерге сай, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді. ҚХА ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. 2015 жыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды.
ҚХА жұмысы барысында түрлі тағдырмен қазақ жеріне келген этностарға қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы, мейірімі, кеңпейілдігі кеңінен насихатталады. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні, яғни 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні болып жарияланды.
Бүгінгі күні біздің облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясында 18 этномәдени бірлестік тіркелген.

Әлияның туған жерінде…
1995 жылы Ақтөбе жерінде үш жүздің басын қосқан ұлы той өтті. Бұл қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың 70 жылдық мерейтойы еді.
Облыстық «Ақтөбе» газетіне осы тойдан жазылған репортаж: «Ақ шаңқан әдемі үйлер бірінен соң бірі көздің құртын алады. «Бұлақ» деп аталған бұл ауыл осы салтанатты қаншама жыл күтті десеңізші! Құдайға шүкір, осының бәрі өз алдына отау тігіп, шын мәнінде тәуелсіздік алған еліміздің, елдігіміздің арқасында болып жатыр-ау…» — деген жолдармен басталыпты. («Ақтөбе», 1995 жыл, 20 маусым)
Мерейтой аясындағы шаралар тек Бұлақ қана емес, Ақтөбеде, Қобдада, Әлия ауылында өткен. Тойға сол кездегі ел астанасы Алматыдан арнайы Үкімет делегациясы келді. Оны ҚР Президентінің мемлекеттік кеңесшісі Әбіш Кекілбаев бастап келген.
Осы тойға Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте иеленген даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов те қатысты. Белгілі әдебиет және өнер қайраткерлерінен ақын Фариза Оңғарсынова, әнші Роза Рымбаева, Әлияның аз ғана ғұмырын, ерлік жолын зерттеп, «Шығыс шынары» атты деректі повесть жазған Әзиза Нұрмаханова, т.б. тойдың құрметті қонақтары қатарында болды. Тойға өз еліміздің әр өңірінен ғана емес, Әлия қорғаған Ресей жерінен, атап айтқанда, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Ново-Сокольники қалаларынан да делегациялар келді. Барлық қонақтар ең алдымен Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Тойға дайындық барысында да біраз жұмыстар атқарылғанын айта кету керек: Ақтөбедегі Әлия музейіне жөндеу жүргізілді, жолдар салынды, гүлзарлар мен алаңдар абаттандырылды…
Ал жоғары жақтың осы тойды ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдауына ҚР Жоғарғы Кеңесінің сол кездегі депутаты Ізімғали Көбеновтің сіңірген еңбегі зор болды.
Тағы бір атап өтетін жайт, тойды өткізу барысында ақтөбеліктер Әлиямен бірге Мәншүк Мәметоваға да құрмет көрсетіп, екеуін бірге еске алу керектігін ескерген.
Мерейтойға орай жазушы Әкім Таразидің «Әлия» атты драмасы сахналанған. Қойылым екі бөлімнен тұрады: біріншісі — Әлияның Ленинградтағы күндері, екінші бөлімі соғыс уақытын қамтиды. Әлияның рөлінде актриса Райхан Тәукебаева ойнады. Ақындар айтысы, көркемсурет байқауы, т.б. мәдени шаралар ұйымдастырылды.
Тойдың өзі 14 маусымнан басталды. Негізгі шаралар Әлияның туған ауылы Бұлақта өткен. Мұнда аппақ ағаш үйлер тігіліп, алтыбақандар құрылған. Театрландырылған көріністер, концерттер… Ән-күй үзілмеген. Батыр қыздың рухына Құран бағышталған.
Атжарыстар, спорттық сайыстар өткен. Бір ғана аламан бәйгеге 162 ат қосылған. Солардың арасынан Қостанай облысынан әкелінген Шаңжұқпас аталатын тұлпар озып шыққан. Оның иесі бас жүлдеге тігілген «Жигули» машинасын мініп, үлкен қуанышпен аттаныпты.
Тойға жиналғандар Әлияның көзін көрген туыстары мен майдандас достарының естеліктерін де тыңдаған. Әлия туралы деректі повесть жазған Әзиза Нұрмаханова да жергілікті БАҚ-тарға сұхбат беріп, әдемі естеліктер айтқан. Мысалы, «Ақтөбе» газетінің тілшісі Сағындық Ниянқұловпен әңгімесінде ол: «Жолдасым Атамұратов Мұқамбетқали Байғанин ауданының Доңызтау деген жерінен. Жерлестеріңіз. Екеуміз де оқу бітіріп, 1951 жылы аспирантураға бардық. Ол кісінің негізгі мамандығы тарихшы болатын… Бірақ ол соғыста Әлиямен бір бөлімшеде болған. Көптеген деректерді майын тамызып айтып отыратын. Әсіресе Әлияның келуі жөніндегі деректер қызық. Он бес қыздың бесеуін осы бөлімшеге бөлген ғой. Сұрастыра келсе, оның біреуі қазақ, тіпті Ақтөбе облысынан болып шығады. Сол Әлия екен… Қасында Зина Попова, Надежда Матвеева сияқты қыздар бар-ды. Әлия қас дұшпандардың өзін таңдап ататын. Күніне екі-үш немістің көзін жоятын. Оған қаруластары мұның қалай дегенде, «мен жауымды да таңдап атамын. Мысалы, ана бір бейшара қолына шәугім алып, суға бара жатыр, мына біреуі киімін жуып отыр. Мен ондайларға тиіспеймін. Ішінен толықтауын, әсіресе шенді офицерлерін бірінші нысанаға аламын» дейтін» — деп, өзінің жары, Әлияның майдандас досының естелігін жеткізіпті…

Жаңа Конституция қабылданды
Осы жылы елімізде жаңа Конституция қабылдау көзделді. Оның жобасын әзірлеу барысында қазақстандық мамандар Франциядан шақырылған сарапшылардың ақыл-кеңесіне жүгінді. Мұндағы мақсат — жаңа Конституцияны әлемдік өлшемдерге шығару болды.
Жоба дайын болғаннан кейін БАҚ-тар арқылы халықтың талқысына ұсынылды. Мысалы, Шалқар аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Әкімжан Дүйсенбаев жобамен танысып шыққаннан кейін «Ақтөбе» газетіне: «Жобаның 7-бабының 2-тармағына Қазақстан Республикасының Президенті болып қазақ азаматы сайлана алады деп жазу керек» — деген мәтіні бар жеделхат жолдаған.
Сондай-ақ жобаны талқылау үшін өңірлерде үлкен жиындар да ұйымдастырылған. Мысалы, Ақтөбеде өткен аймақтық семинар-кеңесте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағанбетов, ҚР Әділет министрі Нағашыбай Шәйкенов баяндама жасаған.
Жаңа Конституция 30 тамыз күні өткен республикалық референдумда қабылданды. Ақтөбе облысында референдумға сайлаушылардың 93,1 пайызы қатысып, олардың 89,9 пайызы Ата Заңды қолдап, дауыс берген.
Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



