Мереке

Пошташылар мерекесі

9 қазан — дүниежүзілік пошта күні

9 қазан — «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошташылардың төл мерекесі. Адаммен бірге жаралған ақпарат беру, хабар алмасу, сәлемдеме, хат тасымалдау секілді қызметтің бұл түрінің тамыры тереңде жатыр.

Қазақ жерінде де поштаның өзіндік дәстүрлі тарихы бар. Ресми түрде пошта бөлімдері ашылмаған тұста да қазақ даласының о шетінен бұ шетіне хабар жеткізетін арнайы қызметкерлер болыпты. Жаушы, елші дегендердің жолға шыққандағы мақсаты жауластыру, не елдестіру болғанымен, бұл мақсаттың түп-төркінінде бір жерден екінші жерге ақпарат жеткізу мұраты тұрған. Мысалы, Әбілқайырхан мен Әйтеке би саяси шаралар кезінде белгілі бір міндеттер атқаратын, сол заманның хабаршылары — жаушылар ұстаған. Тарихи әдебиеттерге қарап отырсақ, хабар жеткізушілерді әдетте ел ішіндегі ауқатты, беделді байлар, хандар ұстапты. Бірақ олардың барлығы бірдей Біржан салға қамшысын үйірген «сегіз болыс ішінде шені артық Азнабайдың поштабайы Жанбота» секілді шаш ал десе, бас алатын есерлер болмаған.

«Жай жүргенде бір күні

Атшабар келді дікілдеп:

«Ояз шықты, сыяз бар»

«Ылау» деп, «үй» деп дікілдеп…» дейді Абай бір өлеңінде. Абайдың «ылау» деп отырғаны ертеде «лау» деп аталатын атты пошташылар болса керек. Сол кездері атты поштаны «идара» деп атау да кездескен…

Қалай болғанда да, дәл қазіргі күні өмірімізді поштасыз, пошташыларсыз елестете алмаймыз. Бірнеше жүздеген жылдар бұрын пайда болып, бүгінде үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Мереке қарсаңында пошта тарихынан сыр тарта отырып әңгіме қозғауды ұйғардық…

Әлемде:

Бір адамнан екінші адамға ақпарат беру алғашқы қауымдық құрылыс кезінен-ақ қалыптасқан. Әуелгі кезде адамдар маңызды ақпаратты дауыс арқылы берсе, кейін адам дауысы тек жақын аралықта ғана естілетін болғандықтан, ақпаратты барабан ұрумен беретін болыпты. Бір жерден екінші жерге белгі беру үшін алғашқы адамдар от пен түтінді де пайдаланған.

Кейін сәлемдемелерді жаяу адамдар мен аттылар таси бастады. Ежелгі Грекияда, Египет пен Қытайда, Рим империясында мемлекеттік пошталық байланыс эстафета арқылы берілетін жаяу және атты тасымалдаушылардан тұрды. Хат тасу үшін кептерлер де пайдаланылған кездер болған.

Ежелгі Грекияда соғыстың жиі болғандығы салдарынан пошта жүйесі баяу дамыды. Үкімет хат тасу үшін жаяу пошташыларды жұмысқа алды, олар гемеродром деп аталды. Олар сағатына кемінде 10  шақырым жаяу жүретін болған. Аса маңызды хабарларды жеткізу үшін атқа, не түйеге мінген пошташыны жұмсайтын болыпты. Мысалы, Александр Македонский кезінде өз штабында түйемен жүретін пошташыларды ұстаған деседі.

Ежелгі Римде аса дәулетті патрициялар жеке пошташылар ұстаған. Үкіметтің дербес ақпарат таратушы аттылы пошташылары жұмыс жасаған. Гай Юлий Цезарь Август император заманында мемлекеттік поштаның негізін салған. Бұл пошта тек императорға ғана бағынған деседі.

Орта ғасырларда Еуропада сауда мен қолөнер, ғылым мен мәдениеттің дамуы көптеген ақпарат тасымалдау қызметтері жүйесінің жұмыс жасауына жол ашты. Көпестер жеке пошталарын ашты. Он тоғызыншы ғасырдың басында Еуропада қалалық және корольдік пошталар жұмыс жасады. Швецияда, Англияда және басқа елдерде осындай корольдік курьерлер тасымалдаумен айналысты. 1820 жылы Брайтондағы қағаз сатумен айналысатын Бревер деген саудагер кәдімгі конвертті ойлап тапты. 1840 жылы Ұлыбританияда пошта маркасының шығарылуы осы сала тарихының ең маңызды тұсы болды деуге болады.

Телеграфтың (1832), телефон (1876) мен радионың (1895) пайда болуы, XIX ғасырдағы теміржол мен пароход шаруашылығының жолға қойылуы, XX ғасырда ұшақтың шығуы пошта саласына үлкен өзгерістер алып келді. Пошта енді халыққа тұтастай қызмет ете бастады…

1874 жылы 9 қазанда 22 елдің 1-ші Халықаралық пошта конгресінде Жалпыға ортақ пошта одағы (1878 жылдан бастап Бүкіләлемдік пошта одағы) құрылды. 1969 жылдан бастап 9 қазан күні бүкіл әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде тойланатын халықаралық мерекелердің бірі — Бүкіләлемдік пошта күні атап өтіледі. Қазір Бүкіләлемдік пошта одағында әлемнің 189 елі бар. Осы елдерде 9 қазаннан бастап халықаралық Хат аптасы өткізіледі. Халықаралық пошта 6800 тілде «сөйлейтін» көрінеді.

Қазақстанда:

Қазақстанда ресми пошталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы Верныйда (Алматы қаласы) ашылды, ол көп ұзамай пошта-телеграф кеңсесі болып қайта құрылған. Ал 1883 жылы оған 14 пошталық байланыс бөлімшесі бағынатын болған. Кейін Сырдария облысының Тәшкенттегі пошта кеңсесіне бағынатын Перовск

қалалық пошта бөлімшесі, Ростов телеграф округінің Нарынқұм теміржол бекетіндегі Нарынқұм (хан ордасы) пошта бөлімшесі, Орал губерниялық пошта-телеграф кеңсесі, Петропавл уезінің Петропавл пошта бөлімшесі және басқалар ашылды.

Төңкеріске дейін Қазақстан аумағында барлығы 250 пошта-телеграф кәсіпорны болды. Олар шенеуніктер мен жандармерияға және жергілікті ақсүйектерге қызмет етті. Шалғай ауылдарда пошта сирек кездесетін болған. Жергілікті жерлерде пошта ашу үшін тұрғындар үш жыл бойы поштаны өздері тегін тасуға, баспанамен және керек-жарақтармен қамтамасыз етуге, көбіне пошта қызметкерлерінің штатын өздері ұстауға міндеттеме алатын болыпты.

Пошта байланысының арзан болуы үшін пошта идарасы (атты пошта бекеттері) және болыстық басқарма жанында қосымша пункттер ашты. Ондай пункттерде пошта жұмыстарын жүргізу болыстық старшиналар мен писарьларға жүктелді. Атты-пошта даңғыл жолдарының жалпы ұзындығы 20 мың шақырым шамасында болды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясының пошта шаруашылығына үлкен зиян тигізсе, азамат соғысы және басқыншылық жылдары ол барынша әлсіреді. Елдегі хат-хабарлар тасымалдау жүйесі бүлінді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың жойылуы даңғыл жолдар бойымен пошта тасу санын азайтты, пошта бекеттері іс-жүзінде барлық аттарынан айрылды.

Ұлы Отан соғысы пошта алдына барлық жағдайда армияда, тылда, майдан мен тыл арасында сенімді және тұрақты байланыс орнату туралы қиын да, жауапты да мәселе қойды. Көптеген білікті байланысшылардың армия қатарына алынуына байланысты соғыстың бастапқы жылдары пошта үшін аса ауыр болды.

1950 жылы республикада 2438 пошта кәсіпорны болды. Алпысыншы жылдардың ортасында Қазақстанда толық қанды қызмет көрсететін 4000 байланыс бөлімшесі жұмыс істеді.

Қазақстан тәуелсіздік алып, егеменді ел болғаннан кейін саладағы жағдай күрт өзгерді. 1992  жылдың 27 тамызында еліміз Бүкіләлемдік пошта одағына мүше болып кірді.

Ақтөбеде:

Ақтөбе жеріндегі пошта тарихы он тоғызыншы ғасырдың сексенінші жылдарынан бастау алады. Ол уақытта Ақтөбе уездік қаласы Торғай облысының Орынбор-Торғай губерниясының құрамында болған-ды. Ақтөбе қаласындағы алғашқы пошта стансасы 1881 жылдың 1 қазанында ашылып, түрлі пошталық жөнелтілімдер жіберу бағытында жұмыс жасаған екен. Бұл поштаның жұмыс жасауы үшін жергілікті тұрғындардан қаржы жиналатын болыпты. Ол кездері Торғай облысына шектесетін Орск-Теректі пошта стансасы Ресей мен Түркістан округі арасын байланыстырған.

Ырғыздан Торғайға дейін, Торицкіден Қостанайға, Ақтөбеден Орал облысының Темір бекінісіне, Ақтөбеден Орынбор-Теректі бағыты бойынша Тамды стансасына дейін, сонымен бірге Торғайдан Қостанайға дейінгі аралықты байланыстыру үшін жергілікті пошта стансалары ашылды. Алты жергілікті стансада сәлемдеме тасымалдау үшін 15  ат жолға шыққан.

1882 жылы алғашқылардың бірі болып Ырғыз пошта бөлімшесі ашылды. 1886 жылы бұл бөлімше пошта-телеграфтық кеңсе болып қайта құрылды. 1884 жылы уезде 3 пошталық ұйым жұмыс жасады, олар — Ақтөбе пошта стансасы, Қарабұтақ және Ырғыз пошта стансалары.

1905-1911 жылдары Шалқар, Ақбұлақ, Бершүгір пошта-телеграфтық бөлімдер ашылды. 1911 жылы Ақтөбедегі пошталық бөлім пошта-телеграфтық кеңсеге айналды. Ол кездері уезде тек 2 пошта жәшігі ғана болатын.

Арада төрт жыл өткеннен кейін уезде Қараторғай, Қосестек, Мәртөк және Перовский пошта бөлімдері ашылды. 1921 жылы Ақтөбе губерниясы құрылған соң, 20 тамыз күні Ақтөбе атқару комитеті жанындағы Ақтөбе уезінің атқару комитетінің шешімімен губерниялық пошталық бөлім ашылды, ол Орынбор бөлімі құрамынан шығып, дербес жұмыс жасай бастады. Ақтөбе губерниялық пошта-телеграфтық бөлімнің құрамында Ақтөбе, Ақбұлақ, Шалқар, Ырғыз пошта-телеграфтық кеңселері, сонымен бірге Қосестек, Степное, Новоалексеевк, Сазды, Астрахан және Торғай пошта бөлімдері болды. Ақтөбе губерниясының қаншалықты үлкен болғанын осы мәліметтерден-ақ көруге болады.

1925 жылы Ақтөбе пошта-телеграфтық кеңсесі аудандықтан округтік кеңсеге айналды. Бұл кеңседе телеграф арқылы Мәскеу мен Орталық Азияны байланыстыратын бөлім жұмыс жасады.

1930 жылы Ақтөбе округі таратылып, Ақтөбе ауданы құрылды. Ал 1932 жылдың ақпан айында Ақтөбе облысы құрылды. Осы жылдың 19 наурызында округтік кеңсенің орнына облыстық пошта басқармасы жұмыс жасай бастады.

1939-40 жылдары қалада 5 пошта бөлімі болды. Алпысыншы жылдары тағы бірнеше қалалық байланыс бөлімдері ашылды. 1968 жылы Қазақ КСР байланыс министрінің жарлығымен облыстық байланыс басқармасы облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасы болып қайта құрылды.

Жетпісінші жылдардың аяғына дейін облыста көптеген пошта бөлімдері ашылды.

1993 жылы пошта мен телеграф өзара бөлініп, облыстық мемлекеттік пошта байланыс қызметі жұмыс жасай бастады.

Хат жазушылар азайған жоқ…

Байрон Өтешов,

«Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары:

— Қазіргі күні «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалында 930 адам жұмыс жасайды, оның 312-сі — пошта тасушылар. Біздің қызметкерлер «Қазпоштаның» тұрғындарға көрсететін қызметтерінің барлығын өз деңгейінде атқарып келе жатыр деуге болады. Қазір пошта жай жазбаша хат-хабарлар, басқа да пошталық жөнелтілімдер тасымалдау, ақша аудару, жазылым бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын тарату, филателия өнімдерін сату, «EMS Kazpost» секілді қызметтерді көрсетеді. Бұған қоса бірнеше қаржы қызметтерін атқарады. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен және жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлем мен әлеуметтік жәрдемақыны жеткізу, трансфер-агенттік қызмет, депозит қабылдау, жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың банктік шотын ашу және жүргізу, еңбекақы,  стипендия  және басқа ақшалай төлемдерді аударым операцияларын жүргізеді, сонымен бірге «Хоум Кредит» несиесін рәсімдеу, «Альянс банк», «Хоум Кредит», «Просто кредит» және Құрылыс жинақ банкінің несиесін өтеуді қабылдайды. Осы қызметтер  ішінде соңғы жылдары ашылған «EMS Kazpost» қызметі — пошта жөнелтімдерін жедел түрде Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізу және трансфер-агенттік қызмет – құнды қағаздармен жұмыс жасай отырып, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға көмек көрсетеді.

—    Облыстық филиалдың аудандарда қанша бөлімшелері бар? Олардың материалдық-техникалық базасы қандай?

—    «Қазпошта» АҚ-ның желілері ауқымды. Барлық ауданда тұрғындарға қызмет көрсететін бөлімшелер бар. Жылдың  басынан бері пошта байланыс бөлімшелері пошта жөнелтімдерін үнемі бақылауды қамтамасыз етіп отыратын жаңа «КПИЛС» бағдарламасында жұмыс жасап жатыр.  Аудандық пошта байланыс тораптарының ішінде Әйтеке би  аудандық пошта байланыс торабының Құмқұдық ауылдық пошта бөлімшесі, Алға аудандық пошта байланыс торабының  Бестамақ ауылдық пошта бөлімшесі және Темір аудандық пошта байланыс торабының Кеңқияқ ауылдық пошта бөлімшелері автоматтандырылған. Сонымен қатар орталық операциялық учаскеде және №19 қалалық пошта байланыс бөлімшесінде интернет-клубтар жұмыс жасайды, мұндай клубтарды алдағы уақытта барлық пошта байланыс бөлімшелерінде ашу жоспарланып отыр.

—    Қазір конвертпен хат жазудан әлдеқайда жеңіл, әлдеқайда тез баратын «электронды пошта», «скайп», «мобильді агент», «факс», «ұялы телефон» секілді бірнеше байланыс түрлері бар ғой. Тұрғындар арасында хат жазу азайған шығар?

—    Бұрынғыдай көп болмағанымен, соншалықты азайды деп айта алмаймын. Адамның сезімін жеткізуде қай заманда болмасын, хаттар бірінші орында тұратын секілді. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында біздің пошта арқылы 418 000 жазбаша корреспонденция, 77 200 сәлемдеме, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 422 000  жазбаша  корреспонденция, 90 200 сәлемдеме жөнелттік. Хат-хабарды сұрыптау бөліміндегі қызметкерлеріміздің қолдары тимейді…

—    Қазір газет-журналға жазылу науқаны жүргізіліп жатыр…

—    Иә, қыркүйек айынан бастап келесі жылға газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Жазылушыларға сегіз мыңнан астам алуан түрлі қызықты әрі пайдалы басылымдарға жазылудың ең қолайлы мүмкіндіктерін жасауға тырысып жатырмыз. Басылымдар тікелей үйіне, жұмысына немесе оқу орнына жеткізіледі. Сонымен қатар, мысалы, бір отбасы бірнеше басылымға жазылатын болса, оған жеңілдіктер жасалады. Қазір тұрғындардың қазақ тіліндегі басылымдарға аңсары ерекше, жазылушылардың 80 пайызы мемлекеттік тілдегі басылымдарды таңдайды десек, артық емес.

—    Шешімін таппай тұрған қандай мәселелер?

—    Мәселелер өз ретімен шешіліп жатыр. Биыл аудандарда 15 ауылдық пошта байланыс бөлімшелері салынды. Дегенмен, пошта байланыс бөлімшелері қажет елді мекендер әлі де баршылық. Мысалы, қазір қаланың ішіндегі Кірпішті, Жаңақоныс ауылдарында, 12-шағын ауданда, Оңтүстік-батыс ауданында пошта байланыс бөлімшелерінің жеке үй-жайы жоқ. Тұрғындардан пошта жәшіктеріне қатысты наразылықтар да жиі түсіп тұрады. Алайда соңғы кездері салынып жатқан көп қабатты үйлерде пошта жәшігін орнату қарастырылмаған. Ал жәшіктің жоқтығы пошта тасушыларға көп қиындық туғызып отыр. Бұл — жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп шешілетін мәселе.

Байланыс бастауы

Елімізде пошта байланысының жеке институтқа айналуы 1993 жылы басталды. Осы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Министрлер Комитетінің байланыс саласы туралы қаулысына сәйкес, бұрынғы біртұтас құрылым пошта және электр байланысы болып екіге бөлінді. Үкімет қаулысы шыққан кезде еліміздің пошта қызметінің бас директорлығына Әлібек Жазықбаев тағайындалды. Сол жылы 24 маусым күні Ақтөбе облысы пошта байланысының бастығы болып мен тағайындалдым.

Менің бұйрығым бойынша тағайындалған Ақтөбе ауданы мемлекеттік пошта байланыс торабының бастығы Артур Артығалин, облыс аудандарының пошта байланыс тораптарының басшысы қызметтерін атқарған Х.Мапенко, Ш.Қалиев, В.Галимова, К.Ниязов, Ж.Талдыбаев, Р.Иштаев, Н.Крекотень, Б.Ракишев, Т.Меруенов, Г.Марговод, Ж.Қоспанбетов, Г.Сейітова, Ж.Аманқұлов, Л.Пустовитова, С.Қазиевтер аса күрделі де қиын кезде пошта қызметінің аяғынан тұрып кетуіне, оның дамуына, жоқтан бар жасауға, сөйтіп «Қазпошта» АҚ-ның қазіргі қалыптасу деңгейіне жетуіне көп еңбек етті. Бұлар — Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысы поштасы тарихында есімі қалуға тиісті азаматтар.

Бүкіләлемдік пошта күні қарсаңында Қазақстан поштасын әлемдік деңгейге көтеру жолында қызмет еткен, сол кездегі байланыс министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Қазыкен Базылов, сол кездегі Республикалық пошта байланысы басқармасының бастығы болған Әтен Егізов секілді еліміздің пошта қызметінің майталман мамандарын еске алмау мүмкін емес. Елге сіңірген еңбектің ескерусіз қалмайтыны  белгілі. Мерекелеріңізбен!..

Марал Ордин,

Ақтөбе облыстық ААҚ «Қазпошта» филиалының

тұңғыш директоры — бірінші облыс почтмейстері,

ұйымдастырушысы, еңбек ардагері,

Қазақстан Республикасының

«Құрметті байланысшысы».

Алыстан хабар алғызған

Үлкен қара сөмкені иығына асып алып, сөмке толы газетті таратып жүрген пошташы Шолпан Мұқашева апайды қобдалықтардың бәрі біледі.

Қыста газет-журналдарын шанаға, жазда велосипедке тиеп алып, таратып жүреді. Ол біз еуропалық фильмдерден көретін велосипедке мінген пошташы сияқты үйдің ауласына газеттерді лақтырып кетпейді. Аула сыртына қағылған пошта жәшігіне салады. Бірақ қазір әр тұрғынның қақпасында арнайы пошта жәшігі бола бермейді. Ондайда Шолпан апа газеттің, хаттың иесін тапқанша асығады.

Қыстың қытымыр күндері Шолпан апай газеттерін, хат-хабарларын ат шанаға тиеп алып, тасиды. Қазір оның жасы елуден асты. Сонда да ат шанадан, велосипедтен түспейді.

Шолпан апай апта сайын сейсенбі күндері нағыз қарбаласқа толы күн болатынын айтады. «Қобда», «Ақтөбе»,»Актюбинский вестник» газеттерінен бастап, «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Диапазон», «Эврика», «Айқын», «Қазақстан әйелдері», «Парасат», «Дала мен қала», т.б газет-журналдарды іріктеп, сараптаймын. Кейде соларды санап, түн ортасына дейін отырып қаламыз. Бұның бәрі жұмысты ертеңге қалдырмаудың, газет-журналды тезірек оқырманға апарудың қамы», — дейді ол.

Қобдада 1200 аула бар, соны Шолпан апай қасындағы екінші пошташы Сұлушаш Бимашевамен бірге 600 ауладан бөліп алған. Шолпан апай С.Сейфуллин көшесінен бастап Желтоқсан, Әлия Молдағұлова көшелерін,  барлығы 11 көше, 9 тұйық көшені аралайды. Жұмыс оңай емес. Жақсы ат бермейтін кезі де болады.

— Таңертемен газет таратуды мекемелерден бастаймыз. Кешкі уақытта, қараңғыда үй-үйді аралау үшін қолымызға фонарь алып жүреміз. Тұрғындардың  иттерімен де достасып алғанымыз сонша, бізге үріп, жақ ашпақ түгілі, басын да көтермей жата береді. Кейде тұрғындар газетім келмей қалды деп ашу шақырып жатады, — дейді ол.

Күн-түн демей аяғынан тозып, көше аралап жүргенде алатын жалақылары мардымсыз… Бірақ, қалай десек те, жаздың аптап ыстығында, қыстың қытымыр суығында көшені шарлап жүрген пошташылардың еңбегі зор. Поштаға келген бір хат үшін ауылдың қай шетіне болса да баруға бар. Жұмыс орнынан велосипед берілсе екен дейді. Өйткені үйдегі көне велосипед әбден ескірген…

Арайлым ШОЙМАНОВА,

Қобда ауданы.

Пошташы Гүлмарал

Гүлмарал Әбдікешованың аудандық «Қазпошта» торабында газет-журнал таратушы болып еңбек етіп келе жатқанына аттай 27 жыл болыпты. Нәзік жанға осынша жыл күннің ыстық-суығына қарамай, уақытының көбін көше аралаумен өткізу оңай шаруа емес. Десек те, кейіпкеріміз қызығынан қиындығы басым газет тарату жұмысына әбден машықтанған.

— Әлі есімде 1982 жылдың 14 маусымы күні қаладағы поштаның газет тарату  бөлімшесіне жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері осы жұмыста үзбей еңбек етіп келе жатырмын. Басқа жұмыстардың да реті болды, бірақ, неге екенін білмеймін, газет таратушы жұмысын қиып кете алмадым, — дейді пошташы.

Гүлмарал апай жұмысында кездесетін қиындықтарды да айтты:

— Кейде қолдарына газет-журналдары тимеген тұрғындар хабарласып, бізді кінәлап жатады. Жұмыс тәртібі бойынша біз газеттерді пошта жәшігіне салуға тиіспіз. Өкініштісі, ондай жәшіктер орнатқан үйлер өте аз. Сол себепті газетті амалсыз үй есігіне, қақпасына қыстырып кетеміз. Кей үйлерге қабаған иттерінен кіре алмаймыз. Осы жұмыста жүріп небір қызықты да, қиындықты да бастан кешіріп келемін. Бірде қыс мезгілінде қатты боранда көшеде газеттерімді шашып алып, жинай алмай жылағаным есімде. Тіпті бір күні көп итке таланғаным бар… — дейді  Гүлмарал Әбдікешова.

Гүлмарал апай өзіне бекітілген қаладағы 20 көшені аптаның 6 күнінде аралап, оқырмандарына басылымдарды үздіксіз жеткізіп тұрады. Газет таратушылардың жұмысты тоқтатып қоюына ауа райының қандай да өзгерісі себеп бола алмайды. Керісінше, кейіпкеріміздің айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан үйге қамалған адамдар бұндай күндері газет-журналдарды ерекше іздейді екен.

— Қыстың қатты суық болатыны болмаса, жұмыс жасау оңайлау. Өйткені газет-журналдарды шанаға салып алып тасимын. Ал жер аяғы кеңіген уақытта біз секілді газет таратушыларға велосипед қажет. Велосипедпен уақытты ұтасың және жүгің жеңілдейді. Ал велосипед тебе алмайтындарға сөмкелерін артып алса да үлкен көмек болар еді, — дейді ол.

Иә, Гүлмарал апайдың сөзінің жаны бар. Күн сайын салмағы 2 шелек сумен тең газет-журналды арқалап, шақырымдап қала кезіп жүру оңай жұмыс емес. Астына веловипедтей көлік берсе… Осындай 30-40 жыл еңбек еткен адамдарға еліміздегі шипажайларға жолдамалар беріліп тұрса дейсің.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Велосипед керек!

Ауылдағы газет-журнал, хат-хабар тарататын, күн ұзаққа аяғын тоздырып жүретін пошташыларға велосипед керек. Бұл кәсіптің айналасында, әсіресе, жасы жас дейтін емес, үлкендеу әйел адамдар жүреді. Өйткені жастардың бұл жұмысқа барғысы жоқ. Ал күн сайын сонша жүкті көтеріп, бірнеше шақырым қашықтықты жаяу аралау әйел адамға оңай шаруа емес.

Бүкіл пошташылардың бейнесін бір кейіпкерге тоғыстырған орыстың «пошташы Печкинін» кім білмейді? Міне, сол Печкин бүкіл мультфильмдерінде велосипед мініп, арқасына үлкен сөмкесін іліп алып жүреді. Ресейдегі Мәскеу облысының Луховицы қаласында Печкинге ескерткіш қойылыпты. Велосипед мініп тұр. Ақын Әбділдә Тәжібаев «Почтальон жыры» деген өлеңінде:

«Ұясынан шықты күн,

Мен де шықтым үйімнен.

Күн батқанша түспейді,

Сұр қапшығым иіннен», — деп  айтатындай, күн батқанша бір дамыл таппайтын ауылдағы пошташылардың еңбегін мереке қарсаңында ең болмаса бір велосипед беріп, бағаласақ қайтеді?..

Айқара бетті дайындаған Мейрамгүл Рахатқызы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сәлеметсіздер ме! Барлық пошташыларды төл мерекелерімен құттықтаймын!Енбектеріңізге табыс тілеймін!Және де мен өзімнің туған жерім Шалқар қаласының барлық пошташыларын оның ішінде «Жангелдин» аймағындағы пошташы апайларымды, Ләззат апайымды мерекелерімен  шын журектен құттығтағым келеді!Пошташылардың келуін асыға күтетіндердің бірі мен болатынмын,өйткені мектепте оқығанда жан-жақтан араласатын достарым көп болатын,сонымен бірге өзім сүйіп оқитын журналдарымды және журналдан келген хаттарымды осы пошташы апайларым алып келіп табысттайтын,сонда мен үшін пошташылар ерекше ыстық болып көрінетін,әлі де болса сіздер маған ыстықсыздар.Қазір мен Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің студентімін, барлық жерлестеріме сәлем!Сіздерді Төл мерекелеріңізбен тағы бір мәрте құттықтаймын!Сәлеммен Айзат! 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button