Мәдениет

«Махаббат символына» айналған бейне…

Айнұр Сүлейманованың есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Қобда жерінде туып-өсіп, көп балалы отбасынан шыққан Айнұр арман қуып Алматы аттанып, одан соң Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Кардиф университетінде оқып жүрген кезінде қайғылы қазаға ұшыраған болатын.

Айнұр Кардиф университетінде өзімен қатар оқып жатқан тараздық Болат Кәрентаевпен бас қосуға шешім қабылдап, осыны ата-аналарына жеткізбекке, 2005 жылдың соңғы күндерінің бірінде Ұлыбританияда елге асыққан екі жас мінген ұшақ Каспий теңізінің арғы жағалауында апатқа ұшырады. Айнұр мен Болаттың қазасына тек ата-аналары, туыстары ғана емес, оларды білетін жандардың бәрі де, тіпті бүкіл ел қайғырған еді. Талантты, талапты, қажырлы бұл екі жас — өз әулеттері үшін де, жүздеген достары, қызметтес-әріптестері үшін де үлкен үміт символына айналған жандар-тұғын. Сол үміттен ойда-жоқта күйреген жұрт ес жиған шақта Айнұр мен Болаттың есімдерін есте қалдыру жолында көп істер қолға алынды.

2007 жылы Айнұр мен Болат есімдерін есте қалдыру мақсатында Таразда олардың атымен «Ғашықтар аллеясы» ашылып, осы аллеяда «Махаббат символы» монументі (мүсінші-К.Кәкімов) орнатылды.
Өздері оқыған мектептерде олардың атына музейлер ашылды. Айнұр мен Болатқа арналған ән-жырлар да бар. Ең құптарлық шаралардың бірі — 2008 жылы Талғардағы Мәсімхан Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінде Айнұр Сүлейманова мен Болат Кәрентаев атындағы стипендиялар тағайындалды.

— Айнұр жас ғұмырын «Тынбай еңбек ету!» деген ұранмен өткізген жан ғой. Ақтөбедегі кооперативтік колледжді үздік аяқтап, одан соң Қарағандыдағы экономика университетін бітірді. Қазақстан-Америка университетінде, «Сеймар», «Қазмұнайтас» компанияларында қызметтер атқарды. Сөйте жүріп, жеке ісін де жолға қойды. «Таң» телеарнасында жүргізуші болып та көпшілікке танылған еді. Кардиф университетінде оқып жүрген кезінде «Би-би-си» телекомпаниясына жұмысқа кіру үшін конкурсқа қатысты. Өзі қайтыс болардан сәл бұрын бізге: «Конкурста жеңімпаз атандым. Енді алдағы Жаңа жылдан кейін «Би-би-сидегі» жұмысымды бастаймын», — деп қуана хабарлаған еді. Бәріне үлгеруге тырысып, әрдайым жүгіріп жүретін, уақытын босқа өткізу дегенді білмейтін оның Кардиф университетін бітіргеннен кейінгі мақсаты — Астанада ауылдан келген балаларға арнап ағылшын тілінде жеке мектеп ашу еді. Бұл оның бауырмалдылығын көрсетсе керек. Өзі де ауылда өскен Айнұр ауылдан шыққан қабілетті балалардың биік мақсаттарға қол созуына көмектессем деп армандады. Ол арманына жете алмай кетті ғой… Әйткенмен, Айнұр атындағы стипендияның жыл сайын бір үздік оқушыға үлкен көмек боп отырғанын ойлаудың өзі маған — жұбаныш, — дейді Айнұрдың анасы Шолпан Сүлейманова.

Тамыз айының 7-сі — Айнұрдың туған күні.

Бүгінде өзі ортамызда болмаса да, сонау бүкіл ел есеңгіреген қиын тұста алыс ауылдан, қарапайым отбасынан шығып, биік армандарға қаймықпай қол созған қаршадай қыздың қайсарлығы талайларға үлгі болып жүр…

«Ұмытылмайсың, Айнұр!» — дегіміз келеді.

Индира Жаймағамбетова.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Казеке, осы колдан пайгамбар жасап алып табынуды кашан коямыз?
    Индирадан сурайык та?
    Жок, сурама, акылы бар, аузында иманы, туалетінде куманы бар пенде шыгар?
    Анау, Кандыагашта ортенген газельден катынын сыртка лактырып, озі олген жігіттін махабаты кімнен кем?
    Кем емес, кейін келіншектін ішінде олген шарананы айтсаншы… Солар батырга, аалдыкк лайык
    Ойланатын дуние екен

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button