«Артық білім кітапта»
Кітапхана үйіне кірсеңіз, іші тып-тыныш, бірлі-жарым болса да кітап оқып отырған оқырмандардың сыбысы естілмейді. Әркім өз алдындағы дүниемен әуре.
Ал оқырмандарға іздегенін тауып беріп, зыр жүгіріп жүрген кітапханашылар қашан көрсеңіз де, ескі танысыңыздай жылыұшырай қарсы алады. Олардың жұмысы сырт қарағанда жеңіл сияқты көрінеді. Ал шын мәнінде кітапхананың өз мамандары ғана түсінетін жүйеге түскен тынымсыз тірлігі бар.
Отыз екі жыл бойы мәдениет саласында қызмет етіп, оның 26 жылында орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне басшылық жасап келе жатқан Дайра Ермағамбетованы хромтаулықтар алыстан таниды. Кітапхана ісіне берілген адам, әрбір кітап үшін жаны ауырады. Аудандағы, ауылдағы кітапханалардың заман ағымына ілесіп отыруы үшін мүмкіндігінше жағдай жасайды. Соның нәтижесінде Бөгетсай, Ақжар ауылындағы кітапханалар 2008 жылы «Жаңа модельді ауыл кітапханасы» атағына ие болды.
Дайра Алматқызынан өзі басқарып отырған кітапханалар жүйесі туралы сұрап-білген едік.
— Кезінде сіздің кітапханашы мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
— Біздің заманымыз бөлек болды. Абай атамыздың «Артық білім кітапта» деген өлең жолын жасымыздан естіп өстік. Өйткені бұрын зиялы қауым өкілдері ғана емес, қарапайым халықтың өзі кітапқа құмар еді. Рухани құндылықтарға деген, кітапқа деген құрмет ерекше кезде оқыдық қой. Кітапты байлық санаған кезеңнің жастарымыз. Сол әсер еткен шығар. Кез келген жаңа шыққан кітапты, әйтпесе «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына шыққан әдеби шығармаларды іздеп жүріп оқитынбыз. Менің мамандығым – клуб қызметкері.Шымкент педагогикалық мәдениет институтын тәмамдағанмын. Еңбек жолымды Новоресей аудандық мәдениет үйінің директорлығынан бастадым. Мәдениет саласында түрлі қызметтер атқардым. 1984 жылдан бері осы қызметтемін. Кітапхана да мәдени мекеме, сеніп тапсырылғаннан соң, білімімді одан әрі жетілдіріп, бұл саланың да қыр-сырына қанықтым.
— Сізді жаңашыл директор деп бағалайды білетіндер. Өзіңіз басқарып отырған кітапханалар жүйесінде жасалып жатқан тірліктер жайлы айтсаңыз.
— 2001 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай аудан әкімі Ә.Ермұхановтың қолдауымен ақын Қызмет Нұралиннің «Еркелей аққан Ор өзен» атты өлеңдер жинағының жарыққа шығуына атсалыстық.
Мемлекет басшысының қолдауымен кең қанат жайған «Мәдени мұра» аясындағы іс-шаралардың бірі — «Бір ел – бір кітап» акциясы. 2007 жылы жаппай оқитын кітап ретінде Абайдың «Қара сөздері», 2008 жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» таңдалды. Өткен жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша таңдау Мағжан Жұмабаевтың махаббат жырларына түсті. Шынында да, бұл бір қажетті шара екен, кітаптан алыстаңқырап бара жатқан оқырмандардың ойлы дүниелерге қайта оралуына, жастардың оқуға құштарлығының оянуына түрткі болды. Жалпы, кітап адамның жан дүниесін байытады, рухани жұтаңдықтан сақтайды, сөздік қорын молайтады Кейбір жастардың тілі шорқақ, ойларын әдемілеп жеткізе алмайды, мұны да әдеби көркем дүниелерді оқымағаннан деп ойлаймын өз басым.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету мақсатында «Тіл туралы заңның» қабылданғанына 20 жыл толуына орай аудандық кітапхана жанынан құрылған «Ақ қауырсын» поэзия клубымен бірлесе отырып, «Тілім менің – тұтастығым, елдігім» атты поэзия кешін өткіздік. Кітапхананың балалар бөлімі «Ана тілі — ана сүтім, арым менің» атты әдеби кеш ұйымдастырды.
Кітапханалар жүйесіне аудандық орталық және 17 ауылдық кітапхана кіреді. Оларда жоғары және арнаулы орта білімі бар кітапханашылар еңбек етеді. Мамандар негізінен тұрақты, ауыс-түйіс көп болмайды. Ауылдық кітапханалар да қалыпты жұмыс жасап тұр. Мысалы, Ақжар ауылындағы кітапхана «Туған тілім –тірлігімнің айғағы», Тассайда «Ана тілім – қазынам», Бөгетсайда «Ұлт болашағы – ұлттың тілін білген ұрпақта» атты поэзия кештері ұйымдастырылды.
Мемлекеттік тілдің аясын кеңіту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, халық арасынан талантты жастарды іздеп табу мақсатында «Оралхан Бөкей – тіл шебері», «Мүшәйра» сияқты конкурстар өткізіліп тұрады.
— Әрине, мұның бәрі — ағымдағы шаруалар әрі кітапханаға оқырмандар тарту үшін қажет шаралар. Кітапхананы модернизациялау дегенге түсінік бере кетсеңіз.
— Кітапхананы модернизациялау дегеніміз — кітапхананың ішкі және сыртқы мазмұнын жаңарту болып табылады. Ол үшін кітапхана қызметін автоматтандырылған электронды ақпарат жүйесіне көшіру, кітапханалық-библиографиялық процестерді сауатты меңгеру. 2008 жылы Бөгетсай мен Ақжар ауылдық кітапханалары жаңа модельге көшірілді. Олар Интернет желісіне қосылды. Аудандық кітапхана да солай. Осы аталған кітапханалар РАБИС-ке (Республикалық автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйеге) қосылды, каталогизатор бағдарламасымен жұмыс жасайды. РАБИС каталогизатор кітапхананың кітап қорын толықтыру бөлімінде кеңінен қолданылады. Бөлім қызметкерлері онда келіп түскен кітаптарды тіркеуге алып, толық библиографиялық сипаттама жасап, электронды каталогқа енгізеді.
— Қазіргі кітапханашының бойынан қандай қабілеттерді көргіңіз келеді?
— Кітапханашының көтеретін жүгі жеңіл емес, ол заман ағымына ілесіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Кітапхана қызметінде кітапханашының жеке қызығушылығы, бастамашылдығы басты рөл атқарады. Олардың ақпараттық кеңістікті игеруі маңызды. Қазіргі кітапханашының міндеттерінің бірі — Интернетке деген оқырман қызығушылыған ояту. Кітапхана ісінің ілгерілеуіне өз үлестерін қосып жүрген тәжірибелі мамандар бар. Мысалы, Аккөжеева, Таимова, Әбиева, Айтаңатова, Нұржанова, Әлтаева сынды қызметкерлерді атап айтқан жөн. Ауылдағы кітапханашылардың кәсіби білім деңгейін көтеру мақсатында байқаулар, семинар сабақтар, тренингтер ұйымдастырылып тұрады.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА