Сот кабинеті ашылды
АУЫЛ — ЕЛ БЕСІГІ
«Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл — Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек».
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Жуырда екі елді жалғап жатқан Әлімбет ауылында қашықтықтан басқаратын ақпараттық сот кабинеті ашылды.
Ресеймен іргелес Әлімбет ауылында орналасқан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің №2030 әскери бөлімінде қашықтықтан басқаратын ақпараттық сот кабинетінің салтанатты ашылуына облыстық соттың азаматтық істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Ермек Қанапиев, Ақтөбе қаласының №3 сотының төрайымы Нәзира Аманқұлова, №2030 әскери бөлімі командирінің орынбасары Қайрат Әлиев, аудан әкімінің орынбасары Асыланбек Шүйіншалиев, аудандық мәслихат хатшысы Надежда Заглядова, ауданның бас прокуроры Қайсар Оразалин, т.б. қатысты.
Шарада Ермек Қанапиев сот кабинетінің маңыздылығына тоқталса, №2030 әскери бөлімі командирінің орынбасары Қайрат Әлиев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі өңірлік басқармасына қарасты «Батыс» өңірлік басқармасының құрылғанына 20 жыл толуына орай бір топ азаматқа мерейтойлық төсбелгі табыстады.
Айта кету керек, жаңа ашылған сот кабинеті тұрғындарға өте қолайлы. Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы сот қызметінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ашылған сот кабинеті алдағы уақытта тұрғындардың арыз-шағымдары мен электронды түрдегі өтінімдерді қабылдап, мемлекеттік алымдарды онлайн түрде төлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұнда деректерді сақтау мен біріктіру бойынша жұмыстар жүзеге асырылып, қызметтер жеңілдетілген тәсілдермен жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, ендігі уақытта сот кабинетінде өткен отырыстар аудандық сотпен тікелей бейнебайланысқа шығу арқылы өткізіліп, сот залында барлық рәсімдерді кеңседен шықпай-ақ жүзеге асыруға болады.
Бақыт Имашев,
Қарғалы ауданы.