Жүргенов есімі ұлықталды
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толады. Қазақ тарихында ұлтына, халқына мүлтіксіз қызмет жасаған, сол жолда басын бәйгеге тіккен тұлғалардың бірегейі Темірбек Жүргенов есімі айрықша орын алады.
Нұра ауылындағы Темірбек Жүргенов атындағы орта мектепте мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған «Ұлтын ардақтаған ұлтжанды тұлға» атты конференция өтті. Жұртшылықты, өскелең ұрпақты өткен тарихпен таныстырып, елі үшін құрбан болған көрнекті тұлғаны ұлықтаған бұл шараға Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов, Ырғыз аудандық мәслихат хатшысы Көптілеу Қосаяқов, Ырғыз ауданында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Мұрагер» клубының мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты.
Айта кеткен абзал, бұл — есімі елге танымал тұлғаларды әспеттеу тұрғысында аудан көлемінде үстіміздегі жылы қолға алынған алғашқы ауқымды шара. Нұрадағы Темірбек Жүргенов есімін иеленгеніне биыл қырық жыл толатын орта мектеп ұжымының, аудандық тарихи-өлкетану музейінің, аудан әкімдігінің бірлесуімен ұйымдастырған конференция Елбасы белгілеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндескен тағылымды басқосу ретінде көрініс тапты.
Конференцияға қатысушылар алдымен мектептегі Т.Жүргенов атындағы мұражаймен, Нұра ауылдық модельді кітапханасы ұйымдастырған көрмемен танысты.
Конференцияда аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Таубатыров кіріспе сөз сөйледі. Өз кезегімен жиналғандар алдында Т.Жүргеновтің балалық шағы туралы осы мектептің 7-сынып оқушысы Дана Ерболқызы, жастық және студенттік шағы жайлы Нұра ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Шапағат Телмырзина, қайраткердің Ырғыздағы қызметі туралы білім ұясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айсәуле Тілеубаева баяндамаларын оқыды. Осы жолдар авторы Т.Жүргеновтің Қазақстандағы, Тәжікстандағы, Өзбекстандағы қызметтері, қайраткердің зайыбы Дәмеш Ермекованың Ырғызға келген сапары жөнінде баяндаса, аудандық мемлекеттік мұрағат меңгерушісі Рахымжан Өтеміс «Азапты жылдар ақиқаты» тақырыбында көрнекті тұлғаның отызыншы жылдар ойранындағы көрген қиындықтары, жазықсыз жалаға ұшырағаны жөнінде әңгіме өрбітті.
«Ұлтын ардақтаған ұлтжанды тұлға» атты конференцияда аудан әкімі Мәди Елеусізов, еңбек ардагері Нұрқасым Сәрсенбайұлы, Т.Жүргенов атындағы орта мектептің директоры Мейрамгүл Шәуенова сөйлеп, Темірбек Қараұлының ел мүддесі үшін атқарған ерең еңбегі ел тарихында мәңгілік сақталатынына, кейінгі ұрпаққа үлгі болатынына тоқталды. Осы басқосуда аудан әкімі мектеп ұжымына Т.Жүргенов бейнеленген портрет пен аудандық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Мұрагер» клубының бастамасымен жаңадан шығарылған екі жинақты тарту ретінде ұсынды.
Конференцияға қатысушылар мектеп оқушыларының Т.Жүргенов туралы театрландырылған көрінісін, әдеби-сазды бағдарламасын тамашалады. Конференцияда қарар қабылданып, онда биылғы жылы аудан көлемінде тұлғаларды тану тұрғысында ұйымдастырылатын шаралар туралы ұсыныс жасалды.
Марат МЫРЗАЛЫ,
Ырғыз ауданы.