Нұрқанат ел намысын қорғады
![](https://aqtobegazeti.kz/wp-content/uploads/2018/02/Нурганат.jpg)
Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы Қазан қаласында өткен Әлем біріншілігінде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Нұрқанат Қияқбаев қола медаль иеленді.
Белбеу күресінен өткен дүбірлі додада әлемнің 21 мемлекетінен 200-ге жуық жас палуан бақ сынаған болатын. Сайыс 18-20 жас аралығындағы жастар арасында өтті.
68 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұрқанат бұған дейін Алматы облысы Қапшағай қаласында өткен ҚР чемпионатында ересектер арасындағы чемпион деп танылып, спорт шебері атанған-ды.
— Менің жеңіске жетуіме бапкерім Тұрлыбек Айтжановтың үлесі зор. Жаттықтырушымның менен де басқа шәкірттері республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда биіктерден көрініп жүр. Әлем чемпионаттарының жүлдегерлерінің бапкері Тұрлыбек Айтжанов шалғайдағы ауылда — Байғанин ауданының Алтай батыр ауылында тұрады. Сол ауылдағы Пушкин атындағы орта мектепте еңбек етуде, — дейді Нұрқанат.
Жас спортшы өз сөзінде әлем біріншілігіне қатысуына демеушілік көрсеткені үшін Сартоғай селолық округінің әкімдігіне, аудандық спорт бөліміне, ел азаматтарына ризашылығын білдірді.
Гүлсім КӘДІРБЕКҚЫЗЫ.
Ақтөбе қаласы.