Әлеумет

Интернеттегі алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыз

Бүгінде ғаламторды пайдаланбайтын адам кемде-кем. Уақыттың талабына сай түрлі әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелер туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Дегенмен, интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалады екен.

Облыстық Ішкі істер департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы интернет-алаяқтыққа қатысты 100-ден астам арыз келіп түскен.

АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Тәртіп сақшылары бейтаныс адамдарға банк карталарының деректері мен адамның жеке басын куәландыратын мәліметтерді бермеуге, интернет арқылы қандай да бір зат алмай тұрып, алдын ала төлем жасамауға кеңес береді. Бұл өңірде интернет-алаяқтығының белең алып бара жатқандығына байланысты. Осы жылдың басынан бері  облыстық Ішкі істер департаментіне аталмыш қылмыс түрінен зардап шеккен 15 ақтөбелік арызданды. Ал өткен жылы 100-ден аса интернет-алаяқтыққа қарсы дерек тіркелген.

Деректер әсіресе, www.kolesa.kz, www.olx.kz тәрізді сайттар мен «QIWI әмиян» («QIWI кошелек») есеп айыру жүйесіне қатысты тіркелді.

Интернет-алаяқтықтың түрлері де күн өткен сайын көбейіп барады. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады.

Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар халықаралық деңгейде таралған. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды арбайды.

Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады.

Түсінікті болу үшін облыстық Ішкі істер департаментінің берген нақты мысалдарына тоқталып өтейік. Жақында 35 жастағы ақтөбелік тұрғынның ұялы телефонына «ChevroletNiva» автокөлігінің иесі атанғаны жөнінде хабарлама келеді. Кейін белгілі бір абоненттік номерге комиссиялық төлем аударуды сұрайды. Әлгі азамат еш ойланбастан 5800 теңгені терминал арқылы төлейді. Бірақ бұдан соң белгісіз адам телефонын өшіріп тастаған.

Осы секілді тағы бір тұрғын автокөлікке дөңгелек сатып алмақ болып, «QIWI әмиян» терминалы арқылы 30 мың теңге, тағы бір осындай жәбірленуші 140 мың теңге төлеп, алданып қалған. Бүгінгі таңда бұл іс  анықталып, алаяқ Қостанай облысынан табылды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАЛҒАН САТЫЛЫМДАР

Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес.

Мысалы, қазіргі уақытта қысқы тондарды арзан бағамен сатамыз деп қызықтырады. Соған алданған бір тұрғын 100 мың теңгені аударып жіберіпті. Міне, бұл да QIWI-әмиянмен жасалатын интернет-алаяқтықтың түрі.

Тексеру барысында көбіне осындай QIWI-әмияндардың нөмірі шетелдерге тиесілі болып шығады екен. Жәбірленушіден арыз қабылдаған соң, қылмыскерді табу үшін ішкі істер департаменті тарапынан тиісті жұмыстар атқарылады.

Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату үшін де арнайы сайттарды немесе инстаграм парақшаларын пайдаланады.

Бір адам өзінің пәтерін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің пәтеріңіз ұнады. Сатып алайын деп едім», — дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», — дейді бұл. Бірақ, ол: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен басқа қалада едім. Сізге барғанша 2-3 күн өтеді. Сондықтан сіздің төлем картаңызға ақшаны салып жіберейін», — дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәлден кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы кодты маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», — дейді. Бұл кісі болса, келген кодты айта салып, алаяққа алданып қалады. Өйткені осы код арқылы әлгі адамның есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады. Құпия кодты ешқандай адамға беруге болмайды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әсіресе үлкен кісілер жағы бұл туралы хабарсыз. Құпия сөзді біліп алған алаяқ интернет арқылы жеке кабинетке кіріп, ақшаны басқа шотқа аударады.

Облыстық ішкі істер департаменті мамандары ұрылар көп жағдайда Ресей территориясынан табылатынын айтады. Бұдан бөлек, Банктердің атынан ақпарат сұрайтын хаттар да алаяқтардың ісі екенін ескертеді.

Соңғы уақыттарда әлеуметтік желілерде ауыр дертке шалдыққан баланың суретін жариялап, пайда табатындар да бар. Бұл да алаяқтықтың бір түрі. Бұл жерде алаяқтар интернетте, әлеуметтік желілерде танымал демеушілердің, қайырымдылық қорларының атынан мұқтаж адамдарға көмек көрсету туралы жарнамалар береді. Көп адамдар оның жалған сайт екенін білмей қалуы мүмкін. Көмек көрсеткісі келген адам қорлардың шын сайтына кірдім деп ойлап, ақшаны алаяқтардың шотына аударып жіберіп жатады. Сондықтан қорларға қаражат аударамын деген адам алдымен оның иелерімен сөйлесіп, аударылатын есепшот нөмірін тексеріп алып қана көмек қолын созуы тиіс. Әзірге мұндай деректерге қатысты өңірде қылмыстық іс тіркелмеген.

Міне, бір қарағанда қарапайым болса да, осындай алаяқтықтарға көп адам алданып қалып жатыр.

 НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Алаяқтарға алданып қалмау үшін, ең біріншіден, тауар алатын қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысу қажет. Оның мекенжайы, телефондарына баса назар аударған жөн. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлескен дұрыс. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Ал жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі дүкеннің егжей-тегжейін қарап, тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.

Айта кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді.

Мамандар қала тұрғындарына алаяқтардың арбауынан сақтануды тапсырады. Ал егер де келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, 102 нөміріне немесе облыстық ішкі істер департаментінің  93-61-18 нөміріне қоңырау шалуыңызға болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button