Мәдениет

«Сенің халқыңа істеген ісің — ізің»

Тағзым

Бүкіл саналы ғұмырын халық ағарту ісіне арнап, кезінде шәкірттері, әріптестері Ұстаздардың ұстазы атандырған Сапа аға Жездібаев көзі тірі болса биыл 70 жасқа толған болар еді. Ұзақ жылдар бойы газетіміздің тұрақты авторы болған оның есімі біздің байырғы оқырмандарымызға жақсы таныс.

Біз бүгін Сапа Жездібаев туралы естеліктер мен оның әр жылдары жарық көрген мақалаларынан үзінділер беріп отырмыз.

…Онда Қарабұтақ ауданындағы Шевченко атындағы мектепте директор болып істейтінмін. Бір күні ауданымызға облыс орталығынан 11 адам түрлі мәселелер бойынша тексеру жүргізуге келді. Солардың арасында Сапа Жездібаев та бар еді.

Аз күнде тексеру бітіп, қорытынды ой-пікірлер айтылған жиналыс өтті. Жиналыста жетістіктермен қатар, кемшіліктер де сөз болды. Есімде қалғаны — Сапа Жездібаев кемшіліктер туралы айтқанда, ешкімге тіл тигізбей, кейбіреулерше дікілдеп, көп ақыл айтпай, аз ғана сөзбен сол кемшілікті жоюдың жолдарын, амалдарын жеткізіп, бізге бағыт сілтеп, алдағы істерімізді нақтылап берді. «Қандай мәдениетті, сыпайы адам» — деп, біз ол кісіге риза болысып қалғанбыз.

Өз басым сол күннен бастап Сәкеңді қатты сыйладым.

Ал арада біраз жыл өткенде мен облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Жоғарыда айтқан мектеп директорлығынан кейін, мен аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жоғарылаған едім. Бұрын ауданда ғана еңбек еткен болсам, енді облыстық үлкен бөлімге бастық болып келдім. Міне, осы тұста ең алдымен өз ісінің білгірі болып табылатын әріптестерімнің көмегіне сүйендім. Сапа Жездібаев, Қартбай Қонабаев, Тағыберген Боранбаев, Валентина Триказова, Наталья Мартышевская, басқа да әріптестерім мені әрдайым шын ниеттерімен қолдады.

Сапа Жездібаев халық ағарту бөлімі инспекторынан облыстық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына көтерілді. Мен оған қарамағымдағы қызметкер ретінде емес, жасы үлкен аға, тәжірибелі әріптес ретінде қарап, әрдайым арқа сүйейтінмін.

Сәкең — бүкіл саналы ғұмырын халық ағарту  ісіне арнаған адам. Ол педагогика саласында 50 жыл еңбек етті. Алғашында Шалқар, Мұғалжар аудандарында мұғалім болып еңбек етті. Содан соң Қурайлы мектеп-интернатына жұмысқа ауысты. Бұл интернатқа туберкулез дертіне шалдыққан балалар қабылданатын. Ал ата-аналардың көпшілігі ауру балаларын алысқа жіберуге құлықты бола қоймайтын. Сондықтан Сәкең ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге үлкен көңіл бөлді, дәрігерлермен бірге алыс ауылдарды аралап, балаларды интернатқа өзі ертіп әкеліп жүрді.

Сапа Жездібаев облыстық халық ағарту бөлімінде инспектор, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып ұзақ жылдар қызмет істеді.

Ол «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» белгілерімен марапатталған.

Әйтеке би бабамыз: «Сенің халқыңа істеген ісің — ізің» — депті. Сәкеңді әріптестері өз ісіне шын берілген жан ретінде таныды. Ол тіпті жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына әрдайым шыға бермейтін. Табиғатында мінезі кішіпейіл, қайырымды болғанымен, жұмысқа келгенде өзіне де, әріптестеріне де қатаң талап қоя білетін адам еді.

Сапа Жездібаев білім беру ісіндегі проблемаларға, тәрбие мәселелеріне байланысты ой-пікірлерін, өзінің ұсыныстарын қағаз бетіне түсіре жүруге де уақыт табатын. Оның мақалалары мерзімді басылымдарда жарық көріп тұратын.

Беріде Сәкеңнің үй-ішімен де араластық.  Зайыбы Дәрежемен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Үшеуі де ата-ана үмітін ақтап, бүгінде өмірден өз орындарын тауып отыр. Ал Дәрежемен әлі де кездесіп тұрамыз. Кездескен сайын Сәкең туралы естеліктер айтып, бізді бір толқытып алады.

…Иә, уақыт зымырап өтеді. Күні кеше ортақ істерге бірге жұмылып, бірге кеңескен жандар енді естелікке айналыпты. Егер Сапа Жездібаев туралы пікіріңді бір-ақ ауыз сөзге сыйғыз дер болса, мен: «Ол Адам деген атқа шын мәнінде лайық жан болатын» — деп жауап берген болар едім. Және менің осы пікіріме оны білетін жандардың бәрі қосылатынына күмәнданбаймын.

Сара ЕЛАМАНОВА,

республикалық дәрежедегі

дербес зейнеткер.

ххххххх

«Шындығына келгенде, Ақтөбе жері тарихқа бай екендігінде дау жоқ. Дегенмен, академиялық басылым беттерінде бұл өңірде тек «ЬІрғыз эскадроны», «Мұғаджар станциясы жұмысшыларының ереуілі», «Бегалы соғысы» сияқты оқиғалардан басқа ауыз толтырып айтарлық ештеңе болмаған сияқты. Бұлай деу — тарихымызға қиянат жасағанмен бірдей. Кейінгі кездері облыстық баспасөзде тың деректер көріне бастады. Бұл — қуанарлық жай. Мәселен, «Жер тарихы — ел тарихы» деген мақалада  («Ақтөбе» газеті,1990 жылғы 10 тамыз) Бопай туралы дерек берілген. Рас, тарихта екі Бопай бар. (ҚСЭ, 2 -том, 411-бет). Бірі — Әбілқайыр ханның зайыбы, 100 жылдан астам өмір сүрген. Жеке мөрі бар, ықпалды жан болған. Екіншісі — Кеңесары Қасымовтың карындасы. Алғашқысын аталмыш мақала авторы Қарабұтақ топырағына «тартқыштайды». Бұл — яғни дәлелдеуді керек ететін дерек. Айта берсек, мұндай жайлар аз емес. Тағы бір мысал. Қазақ Совет энциклопедиясында (12 том, 320-бет) Мырзағұл Шымановты Ырғызда туған десе, «Тарихи тұлға емес пе?» деген мақалада («Тіл-тағдыр», 4 1990 ж.) оны Шалқарда туған деп үлкен дәйектеме берілген. Көпшіліктің осындай пікірлерін бір жерге тоғыстырса, шындық анықталар еді де, бұдан әуелі Ақтөбе тарихы байыса, екіншіден, аудандардың үлесі де жұпыны болмас еді.

Тағы бір айтар жай: ҚСЭ-да облыстың қазба байлықтары, өндіріс, құрылыс орындары, тағы сол сияқтылар туралы бір ауыз сөз жоқ. Біздіңше, оны құрастыруға деректер жинақталғанда, бас көтерген ел ағалары тоқыраудың «күйіп» тұрған шағында ешкімнің бетіне жел болып тигісі келмей, жалтақтыққа салынып, барды ашық айта алмай, осыдан шатаспаспыз дегендерін ғана шала-шарпы тілге тиек еткенге ұқсайды.

Ең ақыры, оқулықтар ел тарихынан тым алыс жатты. Тіпті оқушының өз облысы, ауданы туралы түсінігі аз болды. Үстірт ойлаған адамға туған жер топырағы мектеп программасына еш нәрсе қосып жарытпайтын сияқты көрінеді. Ал шындығында туған өңір төсінде мақтанышпен айтатын дүниелер көп. Өзіндік тарихы бар өзен-көлдер мен елді мекендер қаншама. Тек Шалқар ауданында ұзындығы 40-тан 200 км-ге дейін баратын 14 өзен бар екен. Олардың тек бесеуінің ғана саласы 158-ге жетеді. Мұғаджар ауданындағы Жем өзенінің Атжақсы саласы құятын жерінен сәл төменде Қожасай елді мекені жатыр. Мұны аудан халқы «Швейцария» деп атайды. Айтса айтқандай-ақ! Қорыққа лайықты мұндай тамаша жерлер Ойыл, Темір, Мәртөк, Ырғыз аудандарында да жеткілікті. Осылардың бәрі — Отан, туған өлке, кіндік кескен жер…».

«Ақтөбе» газеті, 1990 жыл, 26 қазан.

***

«Ақтөбе облысының солтүстік аудандарында орысша атаудан көз сүрінеді. Қырат-қыры, өзен-суы, шың-төбесі, сай-шұқырына дейін бұрмаланған. Мысалы, Мәртөк ауданының картасына көз тастасаңыз — тек 10 атаудың ғана аты қазақша сияқты. Оның да жазылуы бұл түсініктен алыс жатыр. Іргедегі Ақтөбе ауданын алайық. Хлебодаровка сельсоветіне қарасты төңірек түгелімен басқа елге ығысып кеткендей. Бірақ осы «иесіз» даланың қарттарымен өткен әңгіме (осы үшін Хлебодаровка орта мектебінің мұғалімі Қ. Атанғаринге рахмет!) біздің көзімізді ашты. Сол төңірекке байланысты атаулар жіпке тізілді: Жалғызағаш, Құмсай, Тасбұлақ, Қарағайқұдық, Тәңірберген, Сарыжар, Сарыбұлақ, Дементау, Ақшатау, Көрбұтақ, Дауылтоғай, Сынтас, Қурайлысай, Қызылжармола… болып кете береді. Бұған бүгін осылай араласып, еске түсіріп, тарих бетіне байырғы атауларын қайтарып қалдырмаса, бұл өңірдің ертеңі шаңы шыққан қу тақыр, жастары мәңгүрт болмасына кім кепіл.

Міне, елдің ел болуы, қазақ болуы — тілден делінсе, тілдің тамыры ата мекенінде, жер-су аттарында, өз туған топырағында екен. Қара жерге тіл бітсе, бәрін айтары анық.

Ұлы педагог Я. А. Коменский: «Тамырын тереңге жібермей, ағаш жоғары қарай өспейді…» деген. Бүгінде қазақ тілін енгізуді жоғарыдан (үкіметтен, үлкен мекемелерден…) бастау керек деген даурықпа көп. Рас, жоғарыдан бастау, ел тілегін қостау, көпке үлгі болу, бағыт-бағдар беруі заңды. Бірақ оның тілінің өмірі қысқа. Мысалы, жоғарының кейбір зиялысы бүгін заманына сай түлкібұлаңдықпен еріксіз бұл тілді «үйренер», «сөйлер». Күні өтсе, со бойда бұрынғы әніне басары анық. Сондықтан тек жоғарыға көз тігіп, солардың аузын бағу — сен не істесең, мен соны істеймін деу — дұрыс ниеттен тумаған. Бұл — көзбояушылық. Шыны керек, білсең де, білмесең де — біл! — деген зорлық араласса, кикілжіңге соқтырады. Ал біртіндеп төменнен, кеңге, тереңге тамыр жайған тіл, ертең жоғарыға жібермеймін деп тосқауыл қойса да, өршелене өрлейді. Оны тоқтату мүмкін болмайды. Күні кешеге дейін «Өлтіремін!» — деп төбесінен тоқпақпен 70 жыл ұрғанда да өлмей, тілдің өміршең болуы — тамырында еді. Тамыры қырқылмады. Енді, міне, қайта жанданды».

«Ақтөбе» газеті, 1992 жыл, 7 шілде.

***

Сапа десе Сапа еді

Менің Сапа Жездібаев ағамызбен танысуымыз қызық болды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары еді. Сол кездегі облыстық «Коммунизм жолы» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүргенмін.

Бірде қала мектептеріндегі қазақ тілін оқыту туралы екі бөлімнен тұратын проблемалық мақала жазып, редакторға апарып бердім. Ол:

— Мына жазғандарың тым ащы екен, барлық мектептерде осындай болса масқара ғой, дегенмен, әлі де анықтау керек болар, сен облыстық халық ағарту бөлімінің басшыларымен сөйлес, сонда Жездібаев деген ағаң бар, не дер екен, — деді.

Сапа Жездібаев сол уақытта халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары екен. Кабинетіне кіріп, танысып, материалымды көрсетіп едім, «тастап кетіңіз, оқып шыққаннан соң пікірлесейік» деді.

Арада бір аптадай уақыт өтті-ау деймін, бір күні бөлмемізге Сәкең кіріп келді.

— Көбірек ұстап қалдым, айып етпеңіз, оның үстіне қиын мәселеге қалам тартыпсыз. Бірақ, бізді жанды жерімізден ұстаған екенсіз,— деп көзіме тіке қарады. Содан соң:

— Материал өткір шыққан, дегенмен мен кейбір тұстарына қол тигіздім, жағдайды өзіңіз түсінесіз, бірден қатты кетуге болмайды, аздап жұмсартқан болдым, осы күйінде басып шығарсаңыз да әжептәуір серпіліс туғызатындығында дау жоқ, —  деді.

Сөйтіп, материалды жариялап жібердік. Обалына не керек, мақала оқу саласының қызметкерлерін біраз әбігерге түсірді. Тіпті, облыстық партия комитетінде болған бір жиналыста мұндай деректерді журналистке кім берген деген де сауал туындағанға ұқсайды. Ақыр-соңы Сапа ағамызға да оңай тимепті. Материалды бергізбеуің керек еді деп жазғырыпты.

Осыдан кейін Сәкеңмен сырлас, жолдас болып кеттік.

Бір ғажабы, өте еңбекқор еді. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізгенше тыным таппайтын. Жұмыс десе өзін де, басқаларды да аямайтын.

Сапа ағамыз жазуға да шебер болды. Облыстық газетпен тығыз байланыста болды. Білім беру саласынан материал қажет болып қалса сол кісіге жүгіретінбіз.

Сәкең зейнет демалысына шыққаннан кейін де қарап отырмады. Қоғамдық  істерге бел шеше араласып жүрді. Әсіресе, облыстың энциклопедиясын дайындауға өлшеусіз үлес қосты. Бұл істегі ерен еңбегі бүкіл жұртшылыққа белгілі.

Иә, жылдар өткен сайын оның бейнесі сан қырынан ашыла бермек. Лайым солай болғай!

Қуаныш ТЕКТІҒҰЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button