АуылӘлеумет

Көп шаруаны ерте күзде тындырған жөн

Жиынтерін

Күз маусымының қалай өтетінін болжап білу қиын. Әйтсе де ол биыл шаруаға жайлы болып басталды. Қыркүйек айы жауын-шашынсыз өтті. Соның арқасында облыс шаруашылықтары дәнді дақыл егісін толық жинап алды. Астықтың орташа түсімі өңірде өткен жылғыдан едәуір жоғары болды. Қазір майлы дақылдарға орақ түсіп, картоп, көкөністің қызылша, сәбіз, қырыққабат сынды түрлерін жинау жүріп жатыр. Түйіп айтқанда, аймақта жиын-терін жұмыстары әлі де бірсыпыра уақыт жалғасатын түрі бар. Мұны жергілікті жерлердегі біз тілдескен мамандар да растайды. Мәртөк ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Саринов дәнді дақыл егісін жинау аяқталғанмен, күзгі жұмыстардың әлі де шаш етектен екенін айтады. Қазан айының жауын-шашынмен кіруі ыждағатты жүріп келе жатқан науқандық жұмыстарды аз-кем бөгеген.

— Егер сол екі-үш күнгі жаңбыр болмағанда, біздің шаруашылықтар күзгі жиын-терінді біраз еңсеріп тастайтын еді. Дәнді дақыл егісін қасқа мерзімде, ыждағаттап аяқтаған болатын. Дегенмен, жауын-шашынмен басталған айдың беталысы дұрысталған сияқты. Мизамның шуағы сезіле бастады. Бұл енді күзгі көп жұмыстарды бітіріп алуға қолайлы сәт. Соны түсінген бірсыпыра шаруа қожалықтары майлы дақылдарды жинауды бастады, қалғандары бірер күнде кіріскелі отыр, — деді бөлім басшысы.

Маманның әңгімесіне қарағанда, биылғы аудан бойынша  салынған 53 700 гектар дәнді дақыл егісі түгелдей орылып, бастырылып, 67 300 тонна өнім жиналған. Әр гектардан орташа түсім 12,6 центнерден айналған.

Әдетте біздің өңірлерде майлы дақылдарға, әсіресе күнбағысқа орақ кештеу түседі. Мамандар мұны күнбағыс дақылының алғашқы қырау соққан кезде ораққа жеңіл ілігетінімен түсіндіреді. Алайда биыл кейбір шаруа қожалықтар майлы дақылдарды жинауды ерте бастаған. Айталық, «Қызылжар» шаруа қожалығы  күнбағыс пен мақсары  жинауды бастап кеткен. Әзірге бұл шаруашылықтағы күнбағыс дақылының орташа түсімі гектарына 3,5 центнерден. Ал «РадАгро» шаруашылығы күнбағыс алқабының 260 гектарын жинап үлгерген. Мұнда өнім алдыңғы шаруашылыққа қарағанда жоғары, күнбағыстың әр гектарынан 6 центнерден өнім алынуда. «Шынар» шаруа қожалығы биыл біраз жерге майлы дақылдың мақсары аталатын түрін еккен. Соның 300 гектар алқабын жинап бола келген екен, орташа түсім гектарына 7,5 центнерден келген. Бұл көрсеткішті маман агрономдар тәуір нәтиже деп бағалады.

Бұл өңірде мақсарыны да, күнбағысты да мол еккен шаруашылықтар баршылық. Солардың арқасында ауданда майлы дақылдар егісінің алқабы биыл 13 мың гектардан асты. Соның қазір 830 гектары жиналып бола келген, қалғанын ұзатпай жинап алу қамы жасалуда.

Картоп, көкөністің күзгі жиын-теріні әңгіме болғанда, Шамиль:

— Бұл өнімдер былтырғыдан кем емес. «Әр көкөніс — өзінің маусымында» деген бар ғой, қияр, қызанақ әлдеқашан жиналып алынды. Картоп, қызылша, сәбіз өнімдерін жинауды да аяқтап келеміз, — деді.

Күз айы — мал азығын дайындау жұмыстарын да тиянақтайтын кез. Бұл жағынан да мәртөктіктер қамсыз емес екен. Мал азығының жылжарымдық қорын жасап алған. Қырлық табиғи шабындықтарды дер кезінде шауып, жинап алумен бірге,  мал азығының қорын көпжылдық екпешөптермен, суармалы алқаптарға егілген мал азығындық дақылдармен де толықтырған. Ауданда биыл төрт шаруашылық   жүгері егіпті. «Айс», «РадАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері одан жақсы өнім алып, сүрлем салып жатыр. «Ақбар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2060 тонна пішендеме дайындаған. Бүгінгі күнге аудан бойынша 11 635 тонна жүгері сүрлемі, 2360 тонна  пішендеме салынған. «Қызылжар», «Родники», «Қызылсай» шаруашылықтары келер жылдың егісіне жер дайындау жұмысын бастап кеткен, тұқым тазалау, қоймаға құю жүріп жатыр.

Астық қабылдау шаруасы біраз жеңілдеген. Өйткені шаруа қожалықтары астықтарын іргедегі Родниковка ауылындағы элеваторға өткізуде.

Аймақта астық өсірумен дендеп айналысатын Әйтеке би ауданы биыл 142 мың гектар алқаптың дәнді дақылын 25 күннің ішінде жинап алған. Осы ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтімов биылғы астықтың түсіміне көңілі толатынын айтады. Бұлай болатын реті де бер, аудан бойынша дәнді дақыл егісінің әр гектарынан орта есеппен 14,1 центнерден өнім алынған. Бұл облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бұдан кейінгі орын дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 13,8 центнер өнім алған Қарғалы ауданы диқандарының үлесінде.

Жаңа астықты жинап алудың негізгі шаруасын аяқтаған әйтекебиліктер мал азығындық дақылдарды оруға да ыждағатты кірісіпті.

— Біздің өңірге салқындық ерте түседі. Биыл да қазанның басында жаңбыр жауып, түнде қар тастады. Кейін ауа райы түзелді. Сондықтан да осы ашық, жарық, қолайлы күндерді тиімді пайдаланып, қалған егісті жинап алуға күш салып жатырмыз. Күнбағысқа ғана әзір орақ түсе қойған жоқ. Жылдағы тәжірибе бойынша бұл шаруаға біздің диқандар алғашқы аяз соққан сәтте шұғыл кірісіп, тез аяқтайды, — дейді Мейрамбек.

Ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы бізге өңірде көкөніс, картоп жинау жұмысының толық аяқталғанын мәлімдеп, науқанның нәтижесін алға тартты. Биыл ауданда 300 гектарға жуық картоп, 22 гектарға көкөніс, 40 гектарға бақша егілген. Қазір өнім толық жиналыпты. Картоптың әр гектарынан орта есеппен 142 центнерден өнім алынған.

Осы соңғы екі-үш жылға дейін өңірде тұқым мәселесі күрделі болып келгені белгілі. Қазір бұл жағдай көп жерде түзелді. Әйтеке би ауданында да тұқым шаруашылығы жақсы жолға қойылды деуге болады. Жоғары сапалы тұқым тарататын «Құмқұдық» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінен көп шаруашылықтар сапалы тұқым алып, биыл жақсы өнімге қол жеткізген. Әр шаруашылық  қазір сол тұқымды келер жылға сақтаудың қамына кіріскен. Өйткені алғашқы алынған өнімді шаруашылықтардың  тұқым ретінде сатуға құқы жоқ, тек артығын өзге көрші шаруашылықтармен алмастыра алады. Аудандық ауыл шаруашылығы  бөлімінің басшысы осылай дейді. Бүгінгі күнге ауданда келер жылдың егініне қажетті 15 644 тонна тұқым құйылып алынған.                                                                                                                                                                                                    Бұл өңірдің диқандары күзгі далалық жұмыстардың ыждағатты жүруіне жоғарыдан жанар-жағармай мәселесінің оң шешілуінің де елеулі пайдасы тигенін айтады. Аудан 2063 тонна дизель отынын литрін 124 теңгеден уақытында алған.

— Шөп шабу, егін орағы, күзгі жер жырту жұмыстарын соның арқасында уақтылы аяқтап отырмыз, — дейді М.Сәтімов.

Біздің барлық аудандардағы күзгі тірлік ұқсас, қай шаруашылықты алсаң да жиын-теріннің соңғы сәттері өтіп жатыр. Астық шаруашылығымен  шұғылданатын Қарғалы ауданы да биыл 125 мың тонна дәнді дақыл жинап, қамбаға құйып алған. Ендігі шаруа 8400 гектар майлы дақылды жинауға тіреліп тұр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бауыржан Кенжеғұлов биыл өңірде  майлы дақылдың күнбағыс, зығыр, мақсары түрлерінің егілгенін айтты. Күннің ашылуымен бұл дақылдарға орақ енді түсіп жатыр. Дегенмен бас маман ауа райы мүмкіндік берсе, бұл шаруаның тез аяқталатынына сендіреді. Көпшілік күзгі жиын-терін бұл ауданда аяқталып қалғанға ұқсайды. Мысалы, 1000 гектар картоп толық жиналған. Көкөністің сәбіз, қызылша, қырыққабат түрлері жиналып бола келген.

— Биыл жанармайдан жақсы көмек болды. Көктемгі далалық жұмыстарға жеткілікті мөлшерде арзан жанармай берілсе, күзде де үкімет жақсы қарасты. Сәл қымбаттау болғанмен, ауданға 2 мың тонна дизель отыны бөлінді, оның 1,5 мың тоннасын тасып алдық. Қазір келер жылдың егісі үшін шаруашылықтарымыз  5 мың гектар жер жыртты, — дейді Б.Кенжеғұлов.

Қарғалы өңірінде «Степное», «Жосалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері биыл да кең көлемде егіс салып, тәуір өнімге қол жеткізген.

Күзгі жиын-терін жұмыстарының облыс бойынша жай-жапсарын білу мақсатында, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әптиевпен әңгімелескенімізде, ол да өңірлерде көп жұмыстардың тиянақтала келгенін алға тартты.

Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары картоп, көкөніс, бау-бақша егумен облыстың барлық аудандары шұғылданатын болған. Мәселен, картоп, көкөніс, бау-бақша салмайтын бірде-бір өңір жоқ. Соңғы үш жылда бұл шаруа аймақта мықтап өрістеген. Биыл облыс бойынша 3178 гектар алқапқа картоп, 4281 гектар көкөніс, 1013 гектар бақша егіліп, оларды жинау еңсеріле келді. Картоптан Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Қарғалы аудандары салыстырмалы түрде тәуір өнім алуда. Ал көкөніс өнімі тағы да сол Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Мәртөк, Темір аудандарында жоғары болды. Бұл жерде Ақтөбе қаласы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің үлесінің молдығын айта кету керек.

Біз жиын-терін жұмысы туралы әңгімелеп отырмыз. Оны тез арада аяқтаудың қажеттігін күздің демі сездіреді. Ал күз болса, кеуделеп, маусым соңына қарай таяды. Рас, қазір жайма-шуақ қоңыр күз тұр. Бірақ ол қаншаға ұзайды. Абай айтқан: «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай, қыстың басы бірі ерте, біреуі жай». Алдағы қараша қалай келеді? Күздің мінезін таныта ма, әлде күрт суыта ма? Болжау да, сену де қиын. Сондықтан оған жеткізбей көп шаруаны ерте күзде тындырғанға не жетсін!

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button