Несие нәтижелері
Мемлекеттік бағдарлама
Жылтыр ауылының шығыс жақ бетінен 11 шақырым қашықтықта орын тепкен «Ебес» шаруа қожалығының Ебес қыстағына жолымыз түсті. Қасымызда осы ауылдық округтің әкімі Қаржаубай Қалжан мен учаскелік полиция Жеңіс Миымов бар еді. Олардың да қыс кезіндегі шаруалардың хал-жағдайын білуге шыққан беті екен. Ақпан айының белортасы болғанмен, жайлы, үп еткен жел жоқ, күн жарқырап тұр. Қыстаққа жақындаған сәтте малды ауылдың тірлігі тіпті әдемі көрінді. Малшы үйінің мұржасынан түтін будақтайды. Төрт түлік мал түгел құдықтан су ішіп шығып, ойпаттау жерге шашылған шөпке бас қойған. Іргеге үйіліп, айналасы мұқият қоршалған үлкен іскірт пішенге де назар аударып қарадық. Қораны айналып шауып жүрген, бітімі сұлу, жүйрік күрең тай да көңіл қуантты. Тракторлар, тіркемелер, шөп тайлағыш машина, т.б. ауыл шаруашылық техникалары тізіліп тұр. Үр жаңа «Уаз» көлігі де сақадай сай дайын тұр.
Қасымызға орта жастағы ұзын бойлы, аққұбаша жігіт келіп амандасты. «Сіздердің келетіндеріңізді естіп, өріске шығар малды сәл қайырмалап тұр едім», — деді. Сәлден соң дайын тұрған аттылы азамат та құмға қарай малды беттете бастады. Біз де малшымен бірге бір қабат құм ішіне дейін төрт түлікті айдасып, шығарып салдық. Ебес қыстағы малға өте жайлы, бір жағы құм, бір жағы қоңырлық көрінді.
Шаруа қожалығының басшысы Мирамғали әке таяғын ұстап, мал шаруашылығына бет бұрған азамат екен.
— Мал бағудың қыр-сырын әкемізден үйрендік. 1997 жылы әскерден келдім, 2000 жылы үйлендім. Арада үш жыл өткенде әкем қайтыс болды. Өзі өмірден өткенге дейін шаруа қожалығын ашып, барлығын қалыптастырып кетті. Мен Ақтөбе ауылшаруашылығы колледжін бітірген едім, 2011-2013 жылдары кеңшарда мал дәрігері болып та жұмыс істедім. Кейін әке жолын қуып, жеке мал өсірумен айналысуды жөн көрдім, — дейді Мирамғали.
Қазір Мирамғали Әбуов басқаратын шаруа қожалығы Шалқар ауылдық округіндегі 60 шаруа қожалығының ішіндегі маңдайалдысы екен. 40-тың үстінде түйе, 80-ге тарта жылқы, 100-дің үстінде сиыр, 200-дің үстінде қой бар.
— 7000 гектар жерім бар, оның ішінде 4000 гектары жайылым және шабындық жерлер. Бұдан бөлек «Құтым» деген қыстағым да бар, шөбі түсірулі дайын тұр, оған қыс қатты болған жағдайда көшемін. Інілерім мал қыстатуға жәрдем береді. Жаз мезгілінде Жаңабай деген інім шөп дайындайды. «МТЗ-80», «МТЗ-82» маркалы тракторларымыз, тіркемелеріміз, шөп тайлағыштарымыз, шөп таситын машинамыз бар. Әуелі шөпті өзімізге жеткілікті қылып дайындап аламыз. Ауысқанын көрші қожалықтарға тапсырыспен шауып, тасып береміз, — дейді қожалық басшысы.
Шаруаның өрлеуіне мемлекеттік бағдарламалардың көп пайдасы тиген. 2010 жылы «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы лизингке «МТЗ-82» тракторын, шөп тайлағышын, шөп тиейтін техника алыпты. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге алып, 15 бие және 1 асыл тұқымды айғыр сатып алған.
Қожалық Астана, Ақтөбе, Шалқар қалаларында өтетін ауылшаруашылығы жәрмеңкелеріне үзбей қатысып, тұтынушыларға өз өнімдерін ұсынады.
Мирамғали өмірлік жары Үрзияны көрші Қызылорда облысынан тапқан. Содан бері ыстықты да, суықты да бірге көріп келе жатыр. Үш ұл, екі қыз — бес баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеуде.
Малды шөбі шүйгін құмға құлатып, оралып қыстаққа жақындағанда, манағы тай алдымыздан шықты.
— Бұл тайдың аты—«Шырақ», — деді Мирамғали. — Ағылшын, араб аралас асыл тұқымды жылқы. Ақтөбеден 500 мың теңгеге сатып әкелдім. Жүйрік жылқы шығады деп ойлаймын. Өсіріп, тұқымын көбейтпекпін. Жігіт болып қалған балаларым бар, демалысқа келгенде мініп, үйретіп жүр, қазір бас біледі.
Ауыл әкімі Қаржаубай Қалжан да шаруа басшысының жұмысын жоғары бағалады.
— Ең көп шаруа қожалығы бізде. Округ бойынша 60 қожалық бар. Оларда 3204 ірі қара, 9439 қой-ешкі, 2075 жылқы, 816 түйе бағылуда — деді әкім.
Биылғы қысқа мал азығы артығымен дайындалған. Тек біз әңгімелеген Мирамғали ғана емес, қалған шаруа қожалықтары да мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған. Мәселен, «Құлан» бағдарламасымен «Тағыбек» шаруа қожалығы 10,3 млн. теңгеге 33 бие, 3 айғыр алыпты. «Алтын асық» бағдарламасымен «Бүркіт», «Көлқамыс» шаруа қожалықтары 2,2 млн. теңгеге 203 қой, 11 асыл тұқымды қошқар алған. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы «Өркен», «Қаршыға» шаруа қожалықтары 7,0 млн. теңгеге 10 бие, 3 түйе, 14 сиыр сатып алған. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасымен төрт шаруа қожалығы 13,3 млн. теңгеге жылқы сатып алған.
Қ.ӘЛИН,
Шалқар ауданы.