Әлеумет

Қарттарым аман-сау жүрші!..

«Қарттарым – асыл қазынам»

Өткен бейсенбіде №4 қалалық емханада «Қарттарым – асыл қазынам» атты шара өтті.

Кеш қонақтарын, емханада еңбек еткен ардагерлер мен учаскеде тіркелген аталар мен әжелерді, әуелі аталған емхананың бас дәрігері Нұржамал Шынықұлова құттықтады.

Замандастарына: «Біз қарттар емеспіз, жан-жағымыз толып, гүлденген жасқа жеткен адамдармыз», – деп, өз лебізін арнап келген Людмила Сарина осы учаскеде көп жылдар бойы балалар дәрігері болып қызмет атқарған. «№4 қалалық емханаға 1966 жылы жұмысқа орналастым, содан осы жерде 1998 жылға дейін үздіксіз еңбек еттім. Еңбек кітапшамда тек осындай бір-ақ жазу бар», – дейді өзі.

Ал ардагерлердің бірі – Мақсұт Ұлықпанов өзінің М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің алғашқы түлектерінің бірі екенін, осы учаске дәрігерлеріне көрінетінін айтады. Жоғары санатты терапевт 35 жыл Хромтау ауданында бас дәрігер, ал он жыл «Қуаныш» емханасында қызмет еткен.

№4 қалалық емхана кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлбақыт Тұрарованың айтуынша, осы кешке барлығы қырықтан астам ардагер шақырылды.

Кейбірі үлкейгендіктен денсаулығына байланысты келе алмады. Мәселен, еңбек ардагері, 86 жастағы Екатерина Сафронованы үйіне барып құттықтаймыз. Сондай-ақ, оған үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау үшін құрылыс материалдарын – сыр мен әк апарып береміз. Жөндеу жұмыстарын немересі жасап береді, – дейді Гүлбақыт Нығыметқызы.

Өнерпаз оқушылар концерттік бағдарлама ұсынып, 2 мың теңге көлемінде әзірленген мерекелік сыйлық әрбір ата-әжеге үлестірілді.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Жас белсенділердің  жанашырлығы

Қарттар күніне орай «Нұр Отан»  ХДП АОФ «Жас Отан» жастар қанаты мен облыстық ішкі саясат басқармасының  қолдауымен тағы бір игілікті шара өтті.

Қарттарымызды құрметтеу, олардың қажеттіліктеріне жарай білу, әрқашанда сыйлау – қоғамдағы жас ұрпақтың міндеті, борышы. Өскелең ұрпақтың кемеңгер ақылшысы – аталар мен әжелер үнемі көңіл бөлуді, назар аударуды, олармен тілдесіп отыруды қажет етеді. Өз мұң-мұқтажы, айтар ақылы мен үлгі тұтарлық өнегесі бар.

Ардагерлердің жағдайын сұрап, оларға көңіл бөлуді «Жас Отан» ЖҚ белсенділері жадынан шығарған емес. Жас белсенділер ҰОС жылдары еңбек еткен және соғысқа қатысқан бірнеше ардагердің үйлеріне барып, көңілін аулады. Олардың қатарында ҰОС ардагері Қапас Тілеубаев, ҰОС жылдары тылда еңбек еткен Альфинур Шарипова, Вера Чхунова және басқа да ардагерлер бар.

«Жас Отан» ЖҚ-ның белсенділері ардагерлердің қажеттілігіне жарар бағалы сыйлықтар табыс етіп, олардың жағдайымен танысып, тілдесіп, үй шаруасына көмектесіп, мереке күнімен құттықтап қайтты. Ал аталар мен әжелер өздерінің алғысын жаудырып, ақ батасын берді.

Жансая СИСЕМБАЕВА.

Ақтөбе қаласы.

Тылдағы балалықты еске алды

Мереке күні саңыраулардың Мәдениет үйінде де салтанатты кеш ұйымдастырылды. Кешке саңыраулар қоғамының мүшелері – 18 ардагер шақырылды.

Қазақ саңыраулар қоғамының облыстық бөлімі мерекелік дастарқан жайып, қонақтарды осы облыстық бөлімнің төрайымы З.Телеушова мен Мәдениет үйінің директоры Р.Нұржанова құттықтады. Әр ардагерге ақшалай сыйлық пен «Қайсар» ЖШС-нің демеушілігімен сүт өнімдері де табыс етілді.

Алғаш рет аталған Мәдениет үйі директорының шақыруымен саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттың да өнерпаз оқушылары қазақ және орыс билеріне  биледі. Ал үнді биін билеген Г.Тоқабаеваға ардагерлер ерекше ықылас танытты.

Тылда еңбек еткендер балаларға өздерінің соғыс жылдарында өтіп кеткен қиын балалықтарынан естелік айтып берді. Ұйымдастырушыларға рахметтерін айтты.

А.ІЛИЯС.

Басқарманың 32 ардагері

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бұрын осы салада қызмет еткен ардагерлерге салтанатты түрде сый-сыяпат көрсетті.

Аталған басқарма бастығының орынбасары Аман Жекеевтің айтуынша, басқарма ұжымы бұл күні «Ақтөбе» мейрамханасында мерекелік дастарқан әзірлеп, 32 ардагер шақырды. Құттықтаулар айтылып, мереке иелерінің құрметіне жергілікті әншілер ән шырқап, бишілер би биледі. Мерекелік сыйлар таратылды.

Аталар мен әжелер бір-бірімен жайлы жағдайда араласып, көңіл көтеріп, ұрпақтар жалғастығы мен буындардың сабақтастығын айтып жатты.

А.БАЛЖАНАЙ.

Жаңа гүлзардағы алғашқы концерт

Бірлік пен Келісім мемориалдық кешенінде де қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен қалалық Мәдениет үйінің «Ақтөбе» вокалды-аспапты ансамблі қарттарға арнап концерт қойды.

Бұлтты күн мен ызғарлы желге қарамастан, бұл күні үйден тысқа көп шыға бермейтін ата-әжелер жаңа гүлзарда бас қосып, жаңа кешенді аралап көрді.

Одан соң жиналғандардың бәрі амфитеатрда отырып, субұрқақ жанында орналасқан ансамбльдің «Күзгі бал» атты концерттік бағдарламасын тамашалады. «Ақтөбе» вокалды-аспапты ансамблінің әншілері ретро әндер шырқады, оны естіген ата-әжелер тоңғандарына қарамай, тапжылмастан тыңдады.

Жүргізушілер Роман Жуков пен Бағдагүл Ақжалауова ата-әжелерді ортаға би билеуге шақырды. Жастық шақтарындағы әндерге билеп, бойларын жазды.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қази Жасекенов: «Аудандардың біразын араладық. Енді Ойыл, Шалқар, Әйтеке би аудандарына барамыз. Бұйырса, осы айдың ортасына таман Атырауға гастрольге баруды жоспарлап отырмыз. Ал қазан айының соңына таман Студенттер сарайында концертімізді ұйымдастырмақпыз. Жаңа гүлзарда алғашқы боп концерт қойып жатырмыз. Былайша айтқанда, «бетін аштық». Әрине, ата-әжелердің құрметіне. Бұл орын бізге ыстық», – дейді.

Ретро-әндерге билеп, бойларын қыздырған ата-әжелер ұйымдастырушыларға рахметтерін жаудырып, тарқасты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Студенттер қарттар үйіне барды

Мерекеде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жастар ісі жөніндегі комитетінің ұйымдастыруымен өнерлі студенттер Қарттар үйіне барды.

Өнерпаз студенттер әуелі концерттік бағдарлама ұсынды. Бірі өлең оқыды, бірі терме орындады, тағы бірі мың бұрала би биледі.

Қарттар үйінің директоры Шайдулла Есіркепов мереке иелерін құттықтап, жас өрендерге ризашылығын білдірді.

Концерттен соң студенттер қарттар үйінің айналасын тазартып, сенбілік жасады. Сенбілік кезінде де домбыра үнін сағынған қарттар домбырашы студенттерге қолқа салып, термелер тыңдап, өздері де домбыра тартты.

Аманша СМАҒҰЛОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік

университетінің І курс студенті.

Бірлік салтанаты

Қарттар мерекесінде Қайыңды ауылының зейнеткерлері де Мәдениет үйіне жиналды.

Әуелі Қайыңды орта мектебінің өнерпаз оқушыларының концертін тамашалады. Әсіресе, 4-сынып оқушылары Н.Мұхитдоллаевтың, Д.Ұмытқанның, А.Апендинаның әндері тыңдармандарын қуантты.

Салтанатты мінбеде ауыл әкімі И.Ниязова, «Интергаз» ұйымының бастығы А.Ақбалаев, мектеп басшысы Р.Андақұлова, «Семсер» ЖШС директоры Ә.Қангелдин, ақсақалдар алқасының мүшесі Ж.Смағұлов, жергілікті кәсіпкерлер құттықтап, ауыл қарттарына құрметтерін көрсетті.

Қарттық – кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, зейнет көретін кезең. Сондықтан біздер, ауылдастар, 90 жасқа келген соғыс ардагері О.Тойғұловты, ардагер ұстаздарымыз Ө.Мырзабековті, Ә.Әбдіқалықовты, Б.Қожахметовты, тыл ардагерлері З.Кереева, М.Осадчая аналарымызды қадір тұтамыз.

Б.БАЙМАҒАМБЕТОВА,

Қайыңды ауылы.

Мұғалжар ауданы.

«Ашық күн» – ілтипат белгісі

Қарттар күні мерекесінде облыстық денсаулық сақтау мекемелері мен ұйымдары ардагерлерді марапаттап, мерекелік дастарқан әзірледі.

Жыл сайын ардагерлердің басын қосып, сый-сыяпат жасайтын мекеме ұжымы биыл да мерекені атаусыз қалдырмады. Облыстық «Қызыл Ай» қоғамының демеушілігімен, ардагерлерге арнайы дастарқан жайып, құрмет көрсетті.

– 1-10 қазан күндері барлық денсаулық сақтау мекемелерінде «Ашық күн» акциясы өткізіледі. Мұнда әрбір мекеме ардагерлерге құрмет көрсетіп, кейбір қарттардың үйлеріне сыйлықтарын апарып береді. Жалпы, қала бойынша 752 ардагерге көмек көрсетіліп, 150 ардагерге қала әкімдігі ұйымдастырған мерекелік кешке ақысыз билет таратылды, – дейді облыстық медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Лаура Жазықова.

Дастарқанда бас қосқан ардагерлер қызмет барысындағы оң өзгерістер туралы сөз етті. Жедел жәрдем саласында 10 жыл қызмет еткен зейнеткер Жәнібек Абдрахманов медицина саласында іс-құжаттардың қазақ тіліне көшірілгендігін ерекше атап өтті.

Қазір 82 жастамын. Негізгі мамандығым – мұғалім. Зейнетке шыққаннан кейін, 1999 жылы қаладағы жедел жәрдем саласында мұғалім болып жұмыс жасадым. Яғни, мемлекеттік тілдің дамуына өзімше үлес қостым. Жедел жәрдем саласында арнайы  қазақ тілі курсын ашып, дәрігерлер мен фельдшерлерді оқыттым. Медициналық сөздіктер, кітаптар аз болғандықтан, оларды қазақшаға аударып, құрастырдым. Сонымен қатар бұрын жедел жәрдем бекетінде барлық іс-қағаздар тек ресми тілде толтырылатын еді. Кейін денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшылар келген соң, жедел жәрдемнің іс-қағаздарының 80 пайызы мемлекеттік тілде жүргізілетін болды, – дейді Ж.Абдрахманов.

Шара барысында ардагерлерге арнайы сыйлықтар ұсынылды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button