Бүйрек пен бұйрық
Созылмалы бүйрек дертіне шалдыққан науқастар министрліктің бұйрығымен келіспей отыр…
Жер бетіндегі әрбір оныншы адам түрлі бүйрек ауруына шалдығады екен. Ал Қазақстанда 1 миллион адамға шаққанда 159 адам созылмалы бүйрек ауруына шалдығып, 300-ге жуығы арнайы тіркеуге тұрып, диализ арқылы ем алады екен. Диализ дегеніміз — адамның қанын арнайы аппарат арқылы тазарту. Бүйректің негізгі қызметі — қан құрамын улы заттардан тазарту, ағзадағы суды сыртқа шығару екенін ескерсек, бүйрегі істемей қалған науқасқа диализдің ауадай қажеттігін түсінеміз. Диализ кезінде нефрогенді анемияны емдейтін Рекормон, Эпрекс немесе Мирцера препараттары қолданылады. Дәрігерлер мен науқастардың айтуынша, бұрынырақта шыққан Рекормон, Эпрекс препараттарынан гөрі кейінірек шыққан Мирцера әрі тиімді, әрі арзан, әрі денсаулыққа пайдалырақ.
Ақтөбе облысында бүйрегі істемей қалған, яғни, диализге тәуелді 105 науқас бар. Бұл науқастардың 71-і — облыс орталығындағы мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайтын жеке меншік «БИОС» медицина орталығында және 34-і Жедел жәрдем ауруханасының бүйрек ауруларын емдейтін бөлімінде ем-дом алады.
Мұның барлығын неге айтып отырмыз? Әңгіме — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылдың 4 қарашасында шығып, биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енген №786 бұйрығына сәйкес туындаған түсініспеушілік туралы.
Бұл бұйрықта бірнеше мәселе қаралған. Түсініспеушілік оның бүйрек ауруларына қатысты, яғни, жоғарыда аталған препараттарға қатысты болған. Қараңыз: 2012 жылға дейін хронодиализді науқастарға дәрі-дәрмек алу үшін мемлекет тарапынан белгілі бір сомада арнайы қаржы бөлініп, сол қаржыға медицина мекемесі әр науқасқа қажетті препараттар алатын-ды, осы препараттардың ішінде емдеуші дәрігерлер жаңа класты Мирцера препаратын алып жүрген-ді. Ал енді жоғарыдағы бұйрыққа сәйкес, биыл жыл басынан бастап мемлекет тарапынан бөлінетін бұл тарифтің көлемі азайып, ол амбулаториялық емханалық деңгейге ауыстырылатын болды. Бұйрыққа сәйкес, тегін дәрі-дәрмектер тізіміне енген Эпрекс пен Рекормон ендігі жерде науқастарға дәрігердің тағайындауымен муниципалды дәріханалардан ғана берілетін болды, ал бөлінетін қаржы көлемі азайғандықтан, жоғарыда аталған емдеу орындарының Мирцера препаратын алуға еш мүмкіндігі жоқ… Бұл кімге тиімді? Науқасқа ма, дәрігерге ме, министрлікке ме?
Біз Ақтөбедегі 100-ден астам созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастардың басым көпшілігі емделетін «БИОС» медицина орталығының дәрігерлерімен, сонда емделіп жатқан науқастармен сөйлескен едік. Ондағылардың сөзіне сүйенсек, құзырлы министрлік бүйректен сирақ шығарып отыр. Өйткені, бұл бұйрық бүйрегі ауыратындарға тиімсіз. Оған куә — Ақтөбедегі және Павлодардағы (оны денсаулық сақтау министрінің блог-тұғырнамасынан оқыдық) науқастардың құзырлы министрлік басшысына жолдаған хаты. Неге бұлай болды? Кім дұрыс, кім бұрыс? Оны төмендегі сұхбатымыздан оқып, өзіңіз сараптап көріңіз.
Бақытжан Жұбанышев,
«БИОС» медицина орталығының бас дәрігері:
Науқастардың 20 пайызынан айрылып қалуымыз мүмкін…
— Бізге министрліктің бұл бұйрығы 13 ақпан күні келді. Сол уақыттан бері бұл бұйрыққа қатысты науқастар да, дәрігерлер де өздерінің пікірін айтып, жоғары жаққа ұсыныстарын жіберіп жатыр.
…Бізде 71 адам емделеді, олардың барлығы — бірінші топтағы мүгедектер. Науқастардың барлығы тұрақты диализ алып, қан құрамын аппарат арқылы тазартып тұрады. Диализбен қатар науқастардың қаны құрамындағы гемоглобині төмендеп кетпеуі үшін арнайы дәрілер қолдану керек. Біз бұл мақсатта төртінші буындағы Мирцера препаратын қолданамыз. Бізге осы уақытқа дейін әр науқасқа мемлекет тарапынан 28 мың теңге бөлініп келді, бұл қаражатқа науқасқа қажетті барлық препаратты алатын едік, оның ішінде Мирцера да бар еді.
Мирцера — осы мақсатта берілетін бұрынғы дәрі-дәрмектерге қарағанда, яғни бірінші, екінші буындағы Рекормон, Эпрекс препараттарына қарағанда әсері күшті, тиімді дәрі. Және тағы бір артықшылығы — Мирцера науқастарға айына бір рет берілетін болса, Эпрекс 12-13 рет беріледі. Әрбір диализ операциямен тең деуге болады. Медицинада 200 грам қан құйғанның өзі операциямен теңестіріледі, ал адамның бойындағы 5 литр қанды 4 сағат бойы аппаратпен тазарту — одан да күрделі процесс. Яғни, тамыр арқылы енгізілетін препаратты айына 12-13 рет емес, бір рет алған тиімді.
Екіншіден, Мирцераның сапасы жоғары. Яғни, салыстырмалы түрде сапалы дәріні алып жүрген науқастың одан деңгейі төмен дәріні қабылдауға еш қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Гемоглобин деңгейі 80-нен төмен болмауы керек, Эпрекс науқастың гемоглобинін төмен түсіріп жіберуі мүмкін. Бұл, құдай сақтасын, науқастардың 20 пайызынан айрылып қалуға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Үшіншіден, науқастардың, бұйрықта айтылғандай, Эпрексті муниципалды дәріханадан тегін алуы үшін бірнеше күн керек: алдымен олар ауруханаға барып талон алады, одан соң учаскелік дәрігеріне қаралады, үшінші күні қан тапсыру үшін лабораторияға барады, төртінші күні соның нәтижесін алады, содан кейін ғана дәрігер науқасқа рецепт жазып береді, содан соң ғана науқас емханаға дәрісін алуға бара алады. Міне, көрдіңіз бе, бір дәріні алу үшін науқас қанша күнін жоғалтады? Ал диализге тәуелді науқастарға бұл өте қиын, олар тіпті емханасына жеткенше құлап та қалуы мүмкін. Ал біз барлық науқасты өз көлігімізбен үйінен алып келеміз, диализ процедурасынан кейін қайтадан апарып тастаймыз.
— Барлығы қала тұрғындары ма?
— Жоқ, осындай гемодиализ жасайтын орталықтар аудандарда болмағандықтан, облыс аудандарында, ауылдарда тұратын науқастар амалсыздықтан қалаға көшіп келіп, бірі пәтер жалдауға, енді бірі туыстарының үйіне тұруға мәжбүр. Өйткені олар медициналық орталыққа күнара келіп тұрады. Науқастардың арасында жасы да, кәрісі де бар. Алдыңғы жылы 52 адам емделіп жүрген-ді. Биыл — 71. Бұл науқастар санының көбейгендігі емес, керісінше, ауруды дер кезінде анықтап, науқастардың өмір жасын ұзағырақ сақтағандығымыздың көрсеткіші деп ойлаймын. Яғни, неғұрлым сапалы дәрілерді қолдануды тоқтатпау керек.
— Мирцераны қай уақыттан бері қолданып келе жатырсыздар?
— Бір жылдай болды. Жалпы, Қазақстан бойынша Мирцераны бірінші болып қолдана бастаған — біздің орталық. Осы мәселеге қатысты Астанада халықаралық конференция болғанда шетелден келген мықты деген профессорлар бізді қолдаған болатын. Енді оны өзгертудің не қажеті бар екенін түсінбей отырмыз. Осы мәселеге қатысты құзырлы министрлікке өз ұсынысымызды жібердік, пікірімізді айтып, телеарналарға шықтық, науқастар да министрлікке хат жолдады. Жақында министрлік тарапынан осы мәселеге байланысты арнайы адам бөлініп, жоғарыдағы бұйрыққа өзгерістер енгізілуі мүмкін екендігін хабарлады.
Ерлан Тәтімов,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
Қашанда халықтың пікірін жоғары жаққа жеткізуге тырысамыз!..
— Түсінікті болу үшін айтып кетейін, амбулаториялық бағытта бізге келетін дәрілерді, соның ішінде бүгінгі әңгіме болып отырған созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастарға тегін берілетін дәрілерді республиканың бас нефрологы тағайындайды. Ол денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесіне сәйкес бірыңғай дистрибьютор — «СҚ-Фармация» компаниясы арқылы алынып, жергілікті жерлерге таратылады.
Бұрын, денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі болмаған уақытта, медициналық мекемелер белгіленген тарифке сәйкес дәрі-дәрмекті өздері сатып алатын. Осы жылдың басынан бастап арнайы бұйрық шығарылып, аталған жүйеге сәйкес тегін дәрілер бірыңғай дистрибьютор арқылы алынатын болды. Бұл жұмыстарды әрі қарай денсаулық сақтау басқармалары үйлестіріп отырады. Ендігі жерде созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастарға берілетін тегін дәрілер тізіміндегі Рекормон мен Эпрекс дәрігердің тағайындауы арқылы муниципалдық дәріханалар арқылы берілетін болады. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, әр адам өзінің учаскелік дәрігеріне бекітілген. Учаскелік дәрігерлер алдымен ауруды анықтауы керек. Созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастардың артериялық гипертензия, қант диабеті секілді басқа да аурулары болуы мүмкін. Учаскелік дәрігерлер осыны анықтап, диагнозын белгілеп, диспансерлік есепке қояды. Егер созылмалы бүйрек ауруынан басқа да аурулары болатын болса, науқас дәрілерді сол емханада орналасқан муниципалды дәріхананың филиалынан тегін ала алады. Ал рецепт ем алу курсына тоқсан сайын беріледі.
— Бірақ… дәрігерлердің айтуынша, Мирцера мен Эпрекстің сапасы екі түрлі. Мирцера сапалылау.
— Жоқ, олай емес, екеуінің құрамы бірдей, ешқандай айырмашылығы жоқ. Айырмашылығы бірін айына бір рет, екіншісін аптасына бір рет беретіндігінде.
— Науқастар емханаға барғанша шаршап қаламыз дейді? Оның үстіне емханада ұзын-сонар кезекке тұру керек?
— Ешқандай кезекке тұрмайды. Және диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарды дәрігерлер шақырып алады, жүре алмайтын науқастарға екінші медбике қызмет көрсетеді. Екіншіден, тек созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастар ғана емес, мысалы, гипертониялық ауруға ұшыраған науқастар, қант диабеті, стенокардияға шалдыққан, тіпті өздігінен жүре алмайтын науқастар да тегін дәрілерді муниципалдық дәріханалардан алады. Тәртіп солай. Бізге бұйрық берілгесін орындау керек. Дегенмен, медицинадағы барлық қызмет халыққа ыңғайлы болуы керек. Сондықтан қашанда халықтың пікірін жоғары жаққа жеткізуге тырысамыз.
Науқастар:
Бізге Мирцера керек!
«БИОС» медициналық орталығында ем-дом алып жүрген жетпіс шақты науқас осы мәселеден кейін бір адамдай жиылып, ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға хат жолдапты. Онда науқастар бірнеше жылдан бері Мирцера препаратын қолданып келе жатқанын, министрден жоғарыдағы бұйрықты өзгертуге ықпал етуін сұрапты. Сол науқастардың кейбірімен сөйлескен едік:
Ләйлә Табышева, емделуші:
— Жасым елуде. Осы орталыққа былтыр наурыз айынан бері қаралып, ем алып жүрмін. Мирцера препаратын өте дұрыс деп есептеймін, өйткені ол біздің қанымыздың құрамындағы гемоглобинді өте жақсы деңгейде ұстап тұр, Аллаға шүкір, біз осының арқасында тірі жүрміз деп айтқым келеді. Біздің өміріміз тікелей аппаратқа тәуелді болғасын сапалы дәрілер алғанды жақсы көреміз. Емханаға, дәріханаға көп бара алмаймыз, шаршаймыз. Қазір бірінші топтағы мүгедектерді аяп кезекте орын беріп жатқан адамды көрмейсің, кезек күтіп тағы шаршаймыз.
Бақытжан Дайырова, емделуші:
— Созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан соң осы орталықта ем алу үшін арнайы Арқалық қаласынан көшіп келдім. Осында баламның үйінде тұрып жатырмын. Қостанай облысында біз секілді науқастарды емдейтін орталықтар жоқ. Бұрын дәрігерден қашып жүретін едім, өйткені кезек күтесің, шаршайсың, енді бүйрегім қатты ауырып, осындай ем алуға мәжбүр болдым. Қазір, шүкір, гемоглобинім 112-ге көтерілді. Осы қарқынмен емделе берсем, жақсы болатын шығармын. Тек бізді сапалы дәрілерден айырмаса екен…
P.S. «Ақтөбе» газеті бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстайтын болады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.