Дәстүрлі өнердің дәріптеушісі
Қазір әнші көп. Олардың арасында таланттысы да, талаптысы да кездеседі. Ал ақтөбеліктерге жақсы таныс күміс көмей әнші, «Сұңқар» вокалдық тобының көркемдік жетекшісі Ләззат Медетованың бойында нағыз өнер адамында болуы тиіс қасиеттің барлығы табылады.Кейіпкеріміздің әсіресе домбырамен салған әні тамаша.
Халық әндері, жыр-термелер, қазақ композиторларының туындыларын құйқылжыта орындайтын Ләззаттың дауысында халықтық сарын һәм қазақы бояу бар. Бұны жақсы білетін оның әнді әдетте домбырамен әуелететіні сондықтан. Ұмытылып кеткен, көп айтылмайтын халық әндерін шырқағанда үлкен-кішіні тебірентпей қоймайтынды.
— Өнерге бала кезден-ақ құштар болдым. Бұған бір жағынан нағашы жұртым әсер етті. Анамның туыстары шетінен әнші, талантты. Солардың жолын қуып, кішкентай кезімнен музыкалық мектепке бардым. Домбыра класында 5 жыл оқыдым. Сондықтан оқушы кезімде болашақ тағдырым айқындалды десем болады. Кәсіби әнші болу — мақсатым еді, — деген Ләззаттың бала арманы алдамады. Өзінің таланты мен еңбекқорлығының арқасында әр жылдары өткен облыстық «Елім менің» патриоттық әндер байқауында жүлделі ІІІ орын, Шымкент қаласындағы «Шалқар термесі – 2005» термешілердің республикалық байқауында «Бұқар жырау» арнайы жүлдесін, Оңтүстік Қазақстан облысында Ш.Қалдаяқовтың 75 жылдығына орайластырылған «Менің Қазақстаным» халықаралық байқауында ІІ орынды иемденіп, талай рет елге олжалы оралды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы және Ақтөбе қаласы әкімінің, құзырлы орган басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталып, көптеген мерекелік медальдардың иегері атанды.
Ләззаттың 2010 жылы Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің жанынан «Сұңқар» вокалдық тобын құрып, әнші балапандарды жанына жинауы бекерден-бекер емес. Өйткені оның бастауыш сынып мұғалімі деген екінші мамандығы бар. Жастайынан кішкентай ұл-қыздарға тәлім-тәрбие беруге, солармен жұмыс істеуге бейім кейіпкеріміз құрған ұжымда бүгінге дейін бірталай белесті бағындырған. 2013 жылы «халықтық» атағын алған ансамбльдің әншілері — біраз халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері. Жас талаптар шаһарда ұйымдастырылған көптеген мерекелік іс-шараларға да белсене араласады. Жыл сайын Ләззат бастаған өнерпаздар өнер ұжымының, оның мүшелерінің есептік концертін өткізуді де дәстүрге айналдырған.
— Көпшілік қауымға Кalifarniya лақап атымен танылған өзіміздің ақтөбелік әнші Фархат Қалиев — менің шәкіртім. Қазіргі таңда рэп-әндерді айтатын орындаушы ретінде белгілі. Сол сияқты Ақтөбеде де жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген Арайлым Қуанышбайқызы, Олжас Манасов, Мейрамбек Хамза, Дархан Ердәулет, Аягөз Ақмади, Арнұр Мұхтар, Жангелді Тілеужанов, Сұңғат Жарас, басқа да оқушыларыммен мақтанамын.
Қазіргі таңда ансамбльдің құрамында әртүрлі жастағы 30-ға тарта әнші бар. Олардың арасында болашағынан зор үміт күттіретін, «сен тұр, мен атайын» деген жас әншілер көп. Сонымен қатар «Сұңқар» вокалдық тобының жанында домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Қазақтың төл аспабына қызығушылық танытып, халық әндерін, күйлерін үйренемін деушілер де баршылық, — дейді талай шәкіртті тәрбиелеген әнші әрі ұстаз Ләззат Ерпайызқызы.
Қашан көрсең де жылы жымиып, айналасына шуақ шашып жүретін Ләззат өнерде ғана емес, өмірде де жолы болған адам. Жолдасы екеуі екі бала тәрбиелеп, тұңғышынан немере көріп отырған бақытты ата-әже.
— Әншіліктен бөлек ештеңемен айналыспаймын. Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде ғана еңбек етемін. Өйткені басқаға уақытым да, зауқым да жоқ. Осы балаларсыз, сахнасыз өмірімді елестете алмаймын. Өз кәсібімді жақсы көремін.
Биыл Балалар жылы болғандықтан, еліміздің болашағы — ұл-қыздарға ерекше қамқорлық жасалуы керек деп есептеймін. Мысалы, жыл соңына дейін атаулы жыл аясында «Сұңқар» вокалдық тобының тақырыптық үлкен концертін өткізгіміз келеді. Мультфильмдерде орындалатын әндерден құралған кеш өткізсем, оған әнші балапандарға арнайы киім тігілсе деген ой-жоспарым бар. Бұның бәрі айналып келгенде, әрине, қаражатқа келіп тіреледі. Кішкентай көрермендердің есінен кетпейтіндей жақсы концерт өткізуге атқарушы билік қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Бұл ең бірінші кезекте жас әншілерге қолдау болар еді, — деп сөзін түйіндеді Ләззат.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.