Мәдениет

Жаңа аспаптар — жаңа тыныс

Жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде Шалқар ауданындағы күйші Қазанғап  Тілепбергенұлы атындағы саз  мектебінің алар орны ерекше. 

Мектебіміздегі өнерге талпынған 500-ге тарта талантты оқушы домбыра, баян, қобыз, фортепиано, дәстүрлі ән, прима, скрипка, шертер,  қылқобыз, жетіген аспаптарында дәріс алып жүр.

Мектепте 3 бөлім жұмыс жасайды. Халық ұлт аспаптар бөлімінде 21 мұғалім, сольфеджио, баян, фортепиано бөлімінде 11 мұғалім бар. Сондай-ақ, вокал, дәстүрлі ән бөліміндегі 125 оқушыға 54 маман дәріс береді.

30 жыл еңбегі арқасында ұжымға  беделі артқан, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, қазанғаптанушы Н.Жанаманов, Ж.Шықыраева, Г.Мұхтарова, Б.Жайханова,  Д.Шайманов, Ж.Абдуали, О.Көшімов,Т.Ерсейтов, тағы басқа  ұстаздарымыз шәкірт тәрбиелеуде  жастарға үлгі болып, аянбай еңбек етуде.

Қазіргі таңда  ұстаздар қатары жас мамандармен толығып, олар құрған «Шалқар шабыты» фольклорлық ансамблі республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, облыстық, аудандық іс-шараларға қатысып, көрермен қошеметіне ие болып жүр.

Былтыр мектептің  материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Кітап қорымен  жабдықталған  кітапхана,  45 орындық  акт залы, музыкалық аспаптар бөлмесі талапқа сай  қамтамасыз  етілген.  Өнер ордасын игі іске жұмылдырып, ұжым мүшелеріне жақсы орта қалыптастыруда мектеп басшысы Зульфира  Сағынғалиқызының еңбегі зор. Мектептің бас бухгалтері Жәнібек Жалмұханбетов те қаржы көзін тиімді әрі сауатты үйлестірді. Үнемдеген қаржы есебінен мектебімізге қажетті, қазіргі заманға сай аспаптар, концерттік аппаратуралар алынғанына ұстаздар қауымы дән риза. Атап айтсақ, концерттік дәрежедегі домбыралар, жетіген, баян, қобыз, сазсырнай аспабының түрлері,  сыбызғы, фортепиано, шертер, ұрмалы аспаптар сатып алынды. Бұл аспаптар талантын шыңдаған оқушыларымыздың жасына сай.

Облыстық, республикалық жарыстарға қатысатын  оқушылардың да  ынтасы  арта түскендігі қуантады. Себебі жаңа музыкалық аспапта шығарма ойнау — үлкен қуаныш, жаңа тыныс. Мұғалім де дайындалып, оқушы да ойнау шеберлігін дамытады. Ата-анадан да  сұраныстар көбейіп, оқушылар саны жылдан-жылға  өсіп келеді.

 Гүлбану ҮМБЕТОВА,

Қ.Тілепбергенұлы атындағы саз мектебі директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button