Денсаулық

Қымбат тұратын медициналық қызметтердің көлемі 42%-ға артады

Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қымбат тұратын медициналық қызметтер көлемі 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен 42%-ға ұлғаяды, яғни халықтың бұндай қызметке қолжетімділігі артады. Егер 2021 жылы медициналық сақтандыру қоры 950 мыңға жуық қымбат медициналық қызметті қаржыландыруды жоспарласа, 2025 жылға қарай олардың саны 1 355 мыңға өседі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жүзеге асатын қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігі мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда  бірқатар өңірлерде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы төмен. Осыған байланысты тұрғындар қымбат қызметтерді ала алмайды.

Әрбір емхана басшылығы өзіне бекітілген тұрғындар қымбат қызметтерге қол жеткізуі үшін жоспарлы жұмыс жасауы керек. Пациенттер қызметті уақытында алуы үшін бағытын, маршрутын белгілеуі тиіс. Бұл мерзім 10 күннен аспауы керек. Онкологиялық ауруларға күдік туындаған кезде және әлеуметтік маңызы бар,  созылмалы аурулары бар пациенттерді қымбат тұратын қызметтермен уақытында қамтамасыз ету керек, — деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС үйлестіру департаментінің директоры Гүлжан Шайхыбекова

Сондай-ақ Гүлжан Шайхыбекова Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан берілген негізгі тапсырмаларды атап өтті. Тұрғындарды қымбат медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстардың атқарылатынын, көлемі, сапасы бойынша міндеттемелер, уақытында қызмет көрсету және өзге де мәселелерді айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button