Басты жаңалықтарЭкономика

«Қарапайым заттар экономикасы»: 51 миллиард теңгенің жобасы мақұлданды

Облыста  «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы жоспарлы түрде дамып келеді. Ауыл шаруашылығы, азық-түлік саласы, құрылыс индустриясы, әлеуметтік саланың дамуына өз үлесін қосып жүрген кәсіпкерлер бағдарламаның игілігін көріп отыр. Мәселен, 2020 жылы өңір бойынша 51 миллиард теңгенің 205 жобасы мақұлданған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 47 пайызға көп.  

—  Бүгінгі таңда Ақтөбе облысы бойынша белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлердің саны 62 мыңнан асады. Облысымыз агроөнеркәсіптік кешен, өңдеу өнеркәсібі, білім беру және денсаулық сақтау салаларында кәсіп бастаймын деушілер үшін өте қолайлы. Статистика көрсетіп отырғандай, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қолдау алған жобалар да экономиканың аталған салаларын қамтиды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 12 кәсіпкер 7,2 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылды. Құрылыс, сұйытылған газ және минералды плиталар өндіру салаларына да  ірі жобалар бар. Сондай-ақ 8 фермер көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін несие алды. Бағдарламаны қолжетімді ету үшін облыс кәсіпкерлерімен тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады. Бұндай кездесулер оннан астам әлеуеттік жобаны анықтауға мүмкіндік берді.  Қазіргі таңда оларды қаржыландыру мақсатындағы жұмыстарға көмектесіп жатырмыз, — дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Дидар Боранқұлов.

«Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту шеңберінде басым жобаларға жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы елімізде 2019 жылы іске қосылды. Жобаны жүзеге асыру барысында кедергілерді жедел анықтау және жою мақсатында Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жобалық кеңселер құрылған болатын.

Айта кетейік, бағдарламаға бизнесті кеңейтуге немесе қызметтің жаңа бағытын ашуға ниетті кәсіпкерлер қатыса алады.

«Қарапайым заттар экономикасы» салаларын несиелендіруге қатысты барлық сұрақтар бойынша Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына +7(7132) 744-609 /ішкі: 1509/- жобаларды қолдау бөліміне хабарласа аласыз.

Өзіміз өндірмесек, өнбейді

Ақтөбедегі көпбалалы ана Жаңылай Ыбыраева қағаз майлықтарын өндіріп жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өз кәсібін бастаған жас кәсіпкердің startup жобасын өңірлік кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеген. Бүгінде ол Qagaz.kz. брендімен қағаз майлықтарын шығарады.  

Көптен бері көкейде жүрген кәсібін бастау үшін Жаңылай Ыбыраева «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Кәсіпкер жоспарына «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде жеңілдетілген жолмен «Нұрбанк» АҚ қоғамы арқылы несие берілген. Қажетті құжаттарын толық жинап, барлық талаптарды орындауға тырысқан Жаңылайға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алу үшін 5 миллион теңге көлемінде қаражат беріледі. 60 ай мерзімге субсидия алу мүмкіндігімен берілген несиенің жылдық үстемақысын, яғни 9 пайызын мемлекет қаржы институты арқылы субсидияласа, 6 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді.

Қағаз майлықтарын өндіретін цех өткен жылдың ақпан айынан бастап жұмыс жасап жатыр. Кәсіпкер карантинге қарамастан ісін бастап кеткен және өндірісті бірде-бір күн тоқтатпағанын айтады.

— Күніне 450-500 бума қағаз майлығын өз брендімізбен шығарамыз. Шикізатты Ресейден әкелеміз. Әзірге өнімнің тек 2 түрін ғана өндіріп жатырмыз. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, өнім түрлерін де көбейтсем деймін. Орама майлықтар мен дәретхана қағаздарын шығаруды да ойлап жүрміз. Әзірге цехта тек отбасымыздың мүшелері  ғана жұмыс жасап жатыр. Цехты кеңейтсек, жұмысшылар алып, жұмыс беру мүмкіндігі туар еді, — дейді декреттік демалыста отырған төрт баланың анасы.

Ол мейрамханалар мен тойханалардың дені жабық болғандықтан тапсырыс берушілер қатары да сәл азайғанын айтады. Жаңылайдың өнімдері әзірге облыс орталығындағы сауда желілерінің сөрелеріне қойылмаған.

— Майлықтарымызды көбіне қоғамдық тамақтану орындары мен тіс емхаларының иелері алып кетеді. Жалпы, тапсырыс бойынша жұмыс жасаймыз. Инстаграм парақшамыз арқылы да тапсырыс беретін тұтынушыларымыз бар, — дейді ол.

Елімізде кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлінгенін айтқан Жаңылай пандемияның  азы-кем кесірін тигізіп тұрғанын әңгімелейді.

— Бұл қиындықтардың барлығы уақытша. Еңбек еткен адамның барлығында қиындық кездеседі. Тек мықтылар ғана содан сүрінбей өтіп, дегеніне жетеді. Жалпы, жоспарымыз көп, негізгі мақсатымыз бір. Ол — еліміздің дамуына, отандық өнімнің дамуына қандай да болса өз үлесімізді қосу. Өзіміз өндірмесек, жұмыстың өнбейтіні тағы бар, — деген кәсіпкер келіншек қай істі де қорықпай бастау керектігін айтты.

Біле жүріңіз!

«Қарапайым заттар экономикасы» дегеніміз не? Оның негізгі міндеті неде?

«Қарапайым заттар экономикасына» еліміздің азаматтары күнделікті пайдаланатын және ауқымды капитал жұмсалымы мен күрделі технологияларды қолдануды талап етпейтін өнімдер шығару, сондай-ақ  қызметтер көрсету түрлері жататынын айтамыз. «Қарапайым заттар экономикасы» бір қарағанда экономикаға еселеп табыс әкелмейтіндей болып көрінуі мүмкін, дегенмен негізгі сұранысты өтейді.  «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту —  ішкі нарықты отандық тауарлармен молықтыру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру және, ең алдымен, халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын шығару. «Қарапайым заттар экономикасын» дамытудың мақсаты — халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын ашу.

Барлық кәсіпкерлер жеңілдетілген несие ала ала ма?

— Бағдарламаның 5-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің келесідей жобалары қаржыландыруға жатпайды:

  • ҚР заңнамасына сәйкес тіркелген, құрамында спирт бар медициналық заттарды (бальзамдарды есепке алмағанда) шығару жөніндегі жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарларды шығаруды көздейтін; несиелік бюро деректері бойынша несие беру немесе несие беру туралы өтініш берген кезде 90 күнтізбелік күннен көп несиелік берешегі барлар;
  • Екінші деңгейлі банктермен айрықша қарым-қатынасы бар тұлғалар.
  • Құрылтайшысы тікелей мемлекет болып табылатын ұйымдар, мемлекетке тікелей тиесілі акциялардың 50 және одан да көп пайызын қоспағанда және ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың құрылтайшылары, мемлекеттік жекеменшік әріптестік туралы келісімге сәйкес құрылған тұлғалар және олармен аффилирленген тұлғалар, сондай-ақ жекеменшік нысаны ретінде тіркелген субъектілер және коммерциялық емес ұйымдар.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button