Мәселе

Ұлт қаймағының тағдыры

Әнуар НҰРТАЗИН,

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Адамзат тарихында зияткер элита маңызды рөл атқарды. Кез келген, тіпті ең көне, алғашқы қауымдық қоғамды алыңыз, сіз одан әрдайым зиялы қауым өкілін: абыз, шаман немесе емшіні, яғни ерекше білім иесі мен шеберді таба аласыз.  Кейінірек философтар, шежірешілер, «кітапшылар» пайда болады — бұлар да әлеуметтік мәртебесі орта деңгейден әлдеқайда жоғары болған интеллигенцияға жатады.

Ал қазіргі қазақтың интеллектуалды қаймағы, біздіңше, жылайтындай ауыр күйде. Мәдениеттің құлдырауы, қоғамымыздың деинтеллектуалдануы — терең дағдарыстың белгісі. Зияткерлік қабатты қалпына келтіру, оның сапасын жоспарлы түрде арттыру — шешілуі қажет негізгі міндеттердің бірі, әйтпесе Қазақстан үшінші сұрыпты Африка мемлекеттерінің қатарында қалады.

Қазір неге халық әні жоқ?

Қазақ әдебиеті XVIII-XIX ғасырда тез дамып, ХХ ғасырда да қаламгерлер көптеген жауһар дүниелер жазды. Бірақ ХХ ғасырдағы қаламгерлер көп болып жүріп, Абай Құнанбайұлының бір ғана туындысына татырлық дүние жаза алған жоқ. Неге? Бұрын халық әні болды, тіпті тұтас эпостар шықты, ал қазір ше? Неге халық әні жоқ. Өйткені «халық» эпосы дегеніміз — бір автордың жеке дара еңбегінің жемісі. Оның есімінің сақталмауы, өкінішті, әрине. Бұрынғы уақытта олар авторлықты тіркей алмады, сондықтан есімдері ұмытылып, кейінірек олардың туындылары абстрактілі түрде көптің  меншігі боп кетті. «Халық мәдениетінің» жаңа үлгілерінің шықпауы авторлықты тіркеу мүмкіндігі пайда болған кезге тән. Бұған дейін халықтікі деп келген  өнер табыстарының легі тоқтады, тарихи аренаға көрнекті ғалымдар, қаламгерлер шықты. Сол сияқты  «халықтық» дәрілік заттар да ойлап шығарылмайды, бірақ Гиппократ, Авиценна, Парацельс және т.б. сынды ұлы дәрігерлер әлемнің әр түкпірінен шығады.

Дегенмен адамзат қоғамына жаңа идеялар иесі мен түсініксіз ілімді  әкелуші  «бүлікшілерге» жек көрінішпен, жақтырмай қарау да тән. Орта ғасырда оларды «еретиктер» деп санады.

Солтүстік көршіні мысалға алсақ, І Петр картопты елге таратуға тырысып, қалай әлек болса да, Ресей шаруасы аштан өлген күнде де картоп өсіруден бас тартты. Ал Екатерина қазіргіше айтқанда манипуляция әдістерін қолданып, қулыққа барды. Қара халық құнды зат болғасын күзетіп тұр деп ойласын деп, картоп өскен алқапты арнайы адамдарға  күзеттіруге бұйрық береді. Сөйтіп, ішінара болса да өз ойын жүзеге асырды.

XIX ғасырдың ортасында үкімет картоп өсіргені үшін шаруаларға сыйақы төлеу туралы шешім қабылдады, бұл да онша көмектеспеді.

Бірақ кейін халық  картопты «екінші нан», тіпті «байырғы орыс  тағамы» деп санайтын болды.

Тағы бір мысал келтірейін. XX ғасырдың басында орыс деревняларында балаларға сиыр желінінен жасалған емізік берген. Бұл «емізік» тез шіріп кететін де, шірік етті сорғандықтан бала өлімі көп болды. Бірде-бір ересек адам өз еркімен шіріген етті жемес еді, ал балаларға ол берілді. Бір губернияда православ орыс пен мұсылман татарлар қатар өмір сүрді, татарларда өлім-жітім әлдеқайда аз болды, себебі діни наным-сенімдеріне сәйкес, балаларға ондай «емізік» беруге болмайтын еді. Орыстар мұның бәрін көрді, тіпті ештеңені байқамайды деген адамның өзі оның себебін түсінді, бірақ православ халқы «дәстүрден» ауытқымады. Өз балаларының  өміріне қауіп төніп тұрса да, шіріген емізіктен бас тартпады. Әке «өсиеті» солай.

Ал осындай қараңғылық жетегінде тобырға айналған халықты надандық пен көш соңында қалудан сақтап қала алатын, жарыққа шығаратын бір күш бар: оның аты — интеллигенция. Әлеуметтік зияткер топтың миссиясы мен мәні — осы.

Интеллигенцияның үлесі

Интеллигенцияның құлдырауы тұтас қоғамның құлдырауына алып келеді немесе, ең жақсы жағдайда, стагнациялайды, яғни қорғансыз болады және жауға қарсы тұра алмай құрып бітеді.

Енді осы ұстаным жағынан біздің интеллигенцияның тағдырына қарайық. Ресей империясындағы қазақтардың интеллектуалды қаймағы Қазан төңкерісіне дейін өте «жұқа» болды. 1913 жылға қарай ол халықтың 0,2%-ға жуығын құрады.

Революция  және одан кейінгі Азаматтық соғыс саны онсыз да өте аз саналы элитаны орасан шығынға ұшыратты. Оның едәуір бөлігі майданда өліп, аштықтан және аурудан қырылды, шетел асты, әйтеуір, тым-тырақай болды. Аман қалғандарының өздері  «ескі» интеллигенцияның дүниетанымына дұшпандықпен қараған мемлекеттің идеологиясымен бетпе-бет келді.

Кеңестік билік бір жағынан ақыл-ой еңбегі мамандарына қатты мұқтаж болды, ал екінші жағынан, олардың идеологиялық ықпалынан қауіптенді. Сондықтан «байырғыларға» басқару және ғылыми-білім беру құрылымдарында еңбек етіп, қызмет бабымен өсуге мүмкіндік бергенімен, оларды қатаң идеологиялық бақылауда ұстады. Сонымен қатар билік алдына «өзінің» жаңа интеллигенциясын қалыптастыруды мақсат етіп қойды.

Сауатсыздықты жоюдың ауқымды бағдарламасын жасап, соның арқасында халықтың көп бөлігі  өздерінің білім деңгейін айтарлықтай өсіруге нақты мүмкіндік алды. Алайда бұл мақалада зияткер элитаның сапасы туралы әңгіме қозғалады. Революцияға дейінгі кезеңдермен салыстырғанда, жоғары білім деңгейінің айтарлықтай төмендегенін ұмытпау керек.  Жоғары оқу орындарында білікті оқытушылар өте қат болды,  жетпеді, бірақ мәселе тек кадр тапшылығында ғана емес еді.

«Жоғары оқу орындарына қабылдау ережелері туралы Декрет» тіпті базалық білімі жоқ адамдарға да  ЖОО-ға түсу құқығын берген. Ал «бұрынғы» білімділер арасынан  шыққан адамдар заң жүзінде тіпті 2-сатылы орта мектепте оқи алмады. Тек кейбір аса сенімді деген мамандардың балаларын қабылдау үшін ғана жоспардан тыс орын бөлінген.

Тек 30-жылдары ғана бұл жағдай жақсы жағына қарай өзгере бастады. Оқуға түсу емтихандарының тәжірибесін қалпына келтіріп, талапкерлерге «таптық бақылауды» біршама азайтты. Ақыл-ой еңбегі адамдарының материалдық жағдайы да жақсарды.

Революцияға дейін интеллигенция жұмысшыларға қарағанда дәулетті тұрды, өйткені олардың жалақысы жоғары болды. 20-жылдардың басында интеллигенция мен жұмысшылардың табысы теңестірілді. Кейін Сталин интеллектуалдарға берілген бұрынғы артықшылықты білгілі бір дәрежеде қайта қалпына келтірді. Ал 40-жылға қарай интеллигенцияның әлеуметтік мәртебесі айтарлықтай өсті. Енді жұмысшыларға қарағанда интеллигенцияның еңбекақысы жоғары болды. Әскери командирлер құрамының жалақысы қатты өсті. Бірақ көп ұзамай 20-жылдардағы саясат қайта айналып келді. Талапкерлерді «таптық тұрғыда бөлу» саясаты да қайта оралды. 1958 жылы өндірісте кемінде 2 жыл жұмыс істегендер — «өндірісшілерді», «сынақтан өтушілерді» жоғары оқу орындарына қабылдау туралы ереже шықты. Қабылдау жоспарына сай, олардың үлесі 80% деңгейінде еді, сондықтан олар үшін емтихан тапсыру тек формальды жайтқа айналды. 1965 жылы мұндай саясаттың салдары қайда апаратыны түсінікті болды да, ел басшылығы бұрынғы райынан қайтты.

Студенттер арасында «өндірісшілердің» үлесі азайды, бірақ жоғары оқу орнына түсу үшін еңбек өтілі болуының ықпалы әлі де айтарлықтай еді. Интеллигенция мен жұмысшылардың табыс деңгейі 20-жылдардағыдай қайта теңестірілді.

Яғни осы фактілер бізге кеңес билігінің езілген, жасық, біліксіздер теңізіне сіңіп, көрінбей кететіндей деңгейдегі интеллигенцияны «өсіріп» шығуға тырысқанын көрсетеді. Мысалы, «Иттің жүрегі» шығармасының соңы есіңізде ме? Егер Шариков итке айналып кетпесе, адам кейпінде қалса, не болар еді? Оны үйрету жалғаса берер еді, жоғары оқу орнына да емтихансыз қабылдай салар еді…

Зияткер элитаны дамыту керек

КСРО кезінен қалған жалақы саясаты біздің елде үздік мамандардың шетке кетуіне алып келді. Олардың көпшілігі ұлтсызданып кетті. Нарыққа өту тұсында білім беру жүйесіне де үлкен соққы жасалды. Барлық жерде емтихансыз қабылдай беретін «жоғары» оқу орындары ашылып, ақысы төленсе болды, оқу сапасына көңіл бөлінбеді.

Осылайша жоғары мәдениеттің тіні қайтадан жыртылып, кері кеттік. Бұл жерде бізге зияткерлік элитаны дәйекті, жоспарлы түрде дамытып келе жатқан елдердің тәжірибесіне назар аудару керек.

Батыс қоғамында элитарлық білім беру орталықтарының жүйесі тамаша білімді басқарушы кадрлармен қамтамасыз етіледі. Дамыған елдердің интеллектуалы басымдыққа ие әлеуметтік топқа жатады. Гарвард профессорын бейбіт, тыныш уақытта «шефтік көмек» деп ауылға, одан кейін жұмысшыларға көмектесу үшін көкөніс базасына картоп жинауға жіберу деген ойға қонымсыз нәрсе, ал бұл кеңес заманының әдеттегі тәжірибесі болды.

Дамыған елдерде интеллектуалдардың табысын шаруаның немесе сантехниктің табысына сәйкес қылу да миға қонбайды, ал бізге бұл — үйреншікті жағдай.

Осы орайда өзім куә болған өте қызық жайтты мысалға келтіре кетейін. Бір шаруа мен химия ғылымдарының кандидаты дауласып отыр екен. Шаруа: «Мен химияны ұқпаймын, бірақ химик те ауыл шаруашылығы жайлы түк білмейді ғой. Біз екеуміз де — өз саламыздың маманымыз, басқа салада наданбыз. Демек, біздің білімімізді тең деуге болады», — деді.

Оған жауап ретінде химик ойша эксперимент жасауды ұсынды: «Онда орнымызды ауыстырайық. Мен бақшаға барайын. Ал сен менің орныма ғылыми-зерттеу институтына бар. Мен сен білетінді теп-тез үйреніп аламын. Ал ғылым кандидаты болу үшін саған алдымен 11 жыл мектепте, одан кейін университетте жақсы оқу керек, тек содан кейін  диссертацияға кірісесің». «Иә, сенікі дұрыс, —  деп келісті шаруа. —  Шынында, сен мен білгенді тез үйреніп аласың. Ал мен сен білгенді тез игере алмаймын. Айырма, демек, бар екен».

Өкінішке қарай, мәселе сол айырманы білмеуде жатыр. Көпшілік қауым, биліктегі кейбір адамдар қазіргі ауыр жағдайға байланысты бар кінәні  зиялы қауымға арта бастады. Тіпті кейбір ортада интеллигенцияға қара күйе жаға салу ерекше сәнге айналды.  Бұл «сәннің» негізінде ақыл-ойды әдейі елемеу, ақыл-ой еңбегі физикалық еңбекке қарағанда түкке тұрғысыз деген жалған сенім жатыр.

Қоғамда, әдетте, үстел басында өзін ұстай білуді және (кем дегенде былапыт сөз қоспай) дұрыс сөйлеуді, т.б. мәдениет ретінде қабылдайтын түсінік қалыптасқан. Бұл — мәдениет емес, үйренген әдет. Қасық пен шанышқы ұстап тамақтануды маймылға да үйретуге болады, бірақ ол одан мәдениетті болып кетпейді. Үйрету арқылы бейәдеп сөз қосып, бейпіл  сөйлеуден арылтуға болады, саусақтарын желпуіштей жайып ербеңдетуін де қойдыра  аласыз, бірақ одан адам мәдениетті  бола алмайды.

80-жылдардың соңында сол кездегі аталар мен әжелер жоғары білімді маман емес еді.  Интеллигенция өте жас болды. Бірақ оларда корпоративтік сана пайда болды, Кеңес Одағының жоғары жетістіктерін өздерінің еңбектерінің жемісі деп түсінді. Ғарыш, ядролық технологиялар, керемет ұшақтар, суасты қайықтарды және тағы басқаларды «гегемон» тап — шаруа мен жұмысшы емес, көзілдірік киген қарапайым интеллигент ойлап тапты.

Интеллектуалдар кеңестік билеушілерге қарағанда өздерінің мәдени тұрғыдан жоғары екендіктерін түсінді. Олар Хрущев сияқты ботинкасымен столды ұрғылайтын шала сауатты дарақылар немесе Горбачев сияқты бұрынғы трактористер емес еді.

Бұрынғы Одақты аңсаушылар интеллигенцияны кеңеске қарсылар, құрылымды құртқандар деп кінәлайды. Бірақ, шынына келгенде, мемлекет пен құрылымның түбіне жеткен — олар емес, мемлекеттік меншікті басып қалғысы келген партияның элитасы еді. Өз қолында басқару тетігін ұстап тұрған партия элитасы барлық кеңес қоғамын социализмге қарсы қойды. Сондықтан 1991 жылы КСРО-ны қорғауға ешкім де шыққан жоқ.

Қазақстанда атына заты сай, сапасы, деңгейі жоғары зияткерлік элитаны қайта құруға бағытталған кешенді бағдарлама қабылдануы тиіс деп санаймын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button