Басты жаңалықтарМереке

Рамазан айы құтты болсын!

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті қауым!

Баршаңызды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін!

Жаратушы Жаббар Иеміз әрбір ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын берекелі айда ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, оқыған намазымызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың берген садақаларын қабыл еткей!

Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан — кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ.

Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза — Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген.

Қадірлі жамағат!

Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ихсан ілімін» кеңінен насихаттап келеді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Бұл – әр амалды көркем түрде орындауға үйрететін ілім. Осы ретте рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылып, тұла бойымызда көркем мінез құндылықтарын қалыптастыруға тырысқанымыз абзал.

Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, адамзатты қауіп-қатерден аман еткей. Әмин!

Оразаларыңыз қабыл болсын!

Бүгін, 13 сәуірден хижри күнтізбесі бойынша Рамазан айы басталды. Осы айда мұсылмандарға парыз етілген ораза ұсталады.

Рамазанда әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Бұл,  әрине,  оразаға да қатысты.  Хадисте айтылғандай,  Алла Тағала: «Ораза — тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» — деп, Рамазан айында ұсталған оразаның ерекше маңызды екенін жеткізген.

Биыл Рамазан айы 30 күнге созылып,  12 мамырда аяқталады.  13 мамырда Ораза айт мерекеленеді. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн — Қадір түні.

Пітір садақаның мөлшері жан басына — 420 теңге. Тұрмысы жұпыны,  яғни табысы күнделікті тіршіліктен артылмайтын жандар пітір садақа беруге міндетті емес. Пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі.

Ал бір күндік підия мөлшері 2500 теңге болып бекітілген. Ораза ұстауға денсаулығы жетпейтін қарт кісілер мен созылмалы ауруы бар науқас жандар 2500 теңгені 30 күнге көбейтіп, мұқтаж жандарға садақа етіп беруіне болады.

Пандемияға байланысты Рамазан айындағы насихат жұмыстары онлайн түрінде жүргізіледі. Аптаның әр күні сағат 18.00-де облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің nur_gasyr инстаграм парақшасында онлайн дәрістер өтеді. Дәріс кезінде оразаға қатысты мәселелер, көркем мінез, тақуалық таныту, мешіттердің пандемия кезіндегі қызметі, т.б. тақырыптар қозғалады. Сондай-ақ осы парақшада күнделікті сағат 12.00-де қарилар онлайн Құран хатым түсірмек. Бұдан өзге оразаға қатысты сауалдарға жауап іздеген жандарға «Рамазан 2021» мобильді қосымшасын ұсынып отырмыз. Ол бағдарламаны Play market арқылы смартфонға жүктеп ала аласыз.

Баршаңызға Рамазан айының берекеті мен шарапатына бөленуді нәсіп етсін. Оразаны соңына дейін ұстап шығу үшін денімізге саулық бергей!  Ықыласпен ұстаған оразаларыңыз бен берген пітір садақаларыңыз қабыл болсын!

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button