Спорт

Биылғы ең тартымды ойын

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 4:4

9-10 сәуір күндері 4-тур ойындары өтті. Бұл турдың екі оқиғасы ерекше есте қалды және оның екеуі де «Ақтөбе» командасына тиесілі болды. Біріншіден, ақтөбелік шабуылшы Игорь Сергеевтің алаңның өз командасына тиесілі бөлігінен жасаған соққысы голға айналуы өзіміз түгілі сырт жұрт тамсана айта жүрер көрініске айналса, екіншіден, «Ордабасы» соққан әр голға «Ақтөбе» де кешіктірмей әр голмен қарымта жауап қайтаруы да біздің команданың бұрынғы биіктіктерін қайта бағындыруға әбден қабілетті екенін танытты.

Сырт жұрт демекші, ресейлік футбол шолушысы Глеб Калинин: «Бұл текетірес, әңгіме жоқ, турдың ең тартымды ойыны болды. Тіпті тұтастай алғанда биылғы чемпионаттың да. Шымкенттіктер төрт рет алға шықты, дегенмен «қызыл-ақ түстілер» дереу қарымта қайтарды да отырды», — деп жазды.

Енді таратып айтар болсақ, «Ақтөбе» бұл турдың кездесуін де сырт алаңда, Алматыда өткізді.

Бұған дейінгі екі турда да жеңіске жеткен «Ордабасының» Премьер-Лигаға Бірінші лигадан биыл қайта оралған «Ақтөбеден» үш ұпай олжаламай қайтамыз деп ойламағаны даусыз еді.

Расында да, алғашқы голды шымкенттіктер соқты, 11-минутта соқты. Командаласы бұрыштамадан әуелете тастаған допты орнына суырыла көтерілген Пабло Фонтанелло тура қақпаға қарата соққанымен, ақтөбелік қақпашы Жасұр Нарзиқұлов оны кері қағып үлгерді. Дегенмен жерге түскен допты қорғаушыларымыз одан әрі теуіп жібере алмады да, абыр-сабыр сәтті оңтайлы пайдаланған Темірлан Ерланов қағілез қимылдап қақпаға енгізді де жіберді — 0:1.

27-минутта енді Қазақ футболының тарихында үнемі айтылып жүретіндей (әрине, биылғы маусымның ең үздік голдарының көшін бастайтындай) ерекше қарымта гол соғылды. Алаңның біздің футболшыларға тиесілі бөлігінде жүрген шымкенттік футболшылар өздерін тым сенімді сезініп кетті ме, әйтеуір, бір-біріне аспай-саспай пас тастасып, тіпті емін-еркін қимылдауға кірісті. Сондай сәтте осы маңда жүрген ақтөбелік шабуылшы Игорь Сергеев допты орта жолдан қақшып түсті де, еш кідірместен сол аяғымен қарсыластар қақпасына қарай туралап биіктете қақырата соққы жасады. Қақпадан ілгерірек шығып кеткен шымкенттік қақпашы жанталаса кері бұрылғанымен еш қайран жасай алмады, төбесінен аса ұшып бара жатқан допты көзімен ғана шығарып салды — 1:1.

36-минутта шымкенттіктер қайтадан басымдыққа ие болды. Кезекті шабуыл барысында біздің айып алаңымыздың сол қанатынан Тимур Досмағамбетов келесі қанатқа қарай әуелете пас тастады да, мұндай сәттерді пайдаланудың шебері Жоао Пауло қасында жүрген ақтөбелік қорғаушыдан оза көтеріліп, допты қақпаға баспен соқты — 1:2.

43-минутта ақтөбеліктер кезекті қарымта голды соқты. Алаң ортасында жүрген Еркебұлан Нұрғалиев аяғына іліккен допты ілгері жаққа тастады да, өзі айып алаңына қарай тура тартты. Допты қақшып түскен, қарсыластардың айып алаңының сол бүйіріндегі аңдысуларда шымкенттік қорғаушылардан айласын асырған Максим Федин сол маңайға зулап келе қалған Еркебұлан Нұрғалиевке қолмен қойғандай етіп тамаша пас берді. Еркебұлан допты қақпаның сол жақ төменгі жағына жер бауырлата теуіп, жібек торды бүлк еткізді — 2:2.

Бірінші тайм осылайша тең аяқталды.

Ал екінші таймда текетірес тіпті өрши түсті. Алаң алма-кезек сәтті, сәтсіз шабуылдарға толы болды.

Мұндайда, әдетте, қателіктерге жол берілетіні даусыз. Әуелі ақтөбеліктер сақалды қолдан берді. Біздің айып алаңымызға ентелей енген шымкенттік шабуылшы Жоао Паулодан допты тартып алуға әрекеттенген Лаша Тотадзе ойын ережесін бұзуға мәжбүр болды. Ол Паулоны шалып құлатты да, алматылық бас төреші Сергей Гороховодацкий еш ойланбастан он бір метрлік нүктені көрсетті. Пенальтиді «жапа шеккен» Жоао Паулоның өзі мүлтіксіз орындады — 2:3.

Осыдан соң ақтөбелік бас бапкер Алексей Бага құрамға өзгеріс жасап, алаңға жаңадан үш футболшыны шығарды. Сол футболшылардың бірі Рифат Нурмугамет 86-минутта есепті қайта теңестірді. Бұл ретте шымкенттік қорғаушылар мен қақпашының қатты қателікке ұрынғандарын айтып өткен жөн. «Ақтөбенің» кезекті шабуылы барысында доп оң қанатта жүрген Рифат Нурмугаметтің аяғына оралды да, Рифат бірден қақпа жақты нысанаға алды. «Қақпа жақты нысанаға алды» дейтін себебіміз, футболшымыз, бәлкім, сол маңайда жүрген әріптестерінің бірі оңтайлы пасты қақшып түсер деп те ойлаған болуы керек, әйтеуір, қитұрқы соққы жасады, мұндай соққыны күтпеген шымкенттік қақпашы мен қорғаушы бір-біріне сеніп қалды ма, әйтеуір, қалшиған күйлері тұрып қалды, ал сәл әуелей келіп жерге түскен доп еш кедергісіз сол қалпында қақпаға енді де кетті — 3:3.

Бұл ретте Рифат өткен 3-турда да алаңға 80-минутта шығып, екі минуттан соң гол авторы атанғанын атап өткен жөн. Р.Нурмугамет бұл жолы да алаңға 80-минутта шығып еді.

Осы есеппен кездесудің соңы да тақалды. Бас төреші заңды 90 минутқа қосымша 5 минут қосты. Осы азғана уақыт нағыз футбол қандай болатындығын тағы бір мәрте көрсетті.

Алашапқын арпалыстың түйінді кезеңінде, 90+1 минутта біздің команданың айып алаңының ішінде жүрген Сергей Хижниченко өзіне Жоао Пауло тастаған пасты баспен демеп қақпаға шалт енгізді де жіберді. Дұрыс-ақ шығар, бірақ бұл кезде шымкенттік басқа екі бірдей футболшы офсайдта жүрген болатын, ал қақпа алдындағы қарбаласта ойыннан тыс қалған футболшылар болған кезде гол есептелмеуге тиіс болатын. Дау туындады, дегенмен бас төреші голды заңды деп шешті — 3:4.

Қолда тұрған бір ұпайдан айырылып қалу қаупі төнген ақтөбеліктер (осы тұста қалай мақтасақ та лайық) тіпті де еңселерін түсірген жоқ. Жерлестеріміз тайлы-таяғымен «Ордабасы» қақпасына жаппай ұмтылды. 90+4 минутта бұрыштама добы орындалар сәтте шабуылға қақпашымыз Жасұр Нарзиқұлов та қосылып кетті. Кездесудің соңғы нүктесін осы Жасұр қойды деуге де болады. Бұрыштамадан берілген допты біздің футболшылар екі пас арқылы әуелете шаршысы толы шымкенттік қақпаға тура жіберді. Қаптаған қорғаушылар арқылы кері серпілген доп сол жерде құлшына қимылдап жүрген Жасұрдың алдына келе қалды да, Жасұр көз ілеспестей екпінмен жойқын соққы жасады, қақпаның жоғары діңгегіне тиген доп қайтадан кері серпіліп, осы жерде пас аңдып тұрған Михал Йерабектің кеудесіне тиді де, қайта серпіліп қақпаға енді де кетті — 4:4.

Сірә, футболшылар соңғы секундқа дейін ойнады деген теңеуді осындайда айтатын шығар.

Осылайша «Ақтөбе» биылғы маусымда көздеп отырған орны биікте екенін тағы бір сездірді.

Ал соңғы жылдары «Ақтөбемен» кездесуде жеңіске жетіп үйреніп қалған «Ордабасының» бапкері де, футболшылары да кездесу аяқталған бойда бұл ойында кездейсоқ жеңілдік-мыс деген түрлі желеулер айтып, жанкүйерлері алдында дереу ақталуға кірісті.

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 4:4

Гол авторлары: Темірлан Ерланов, 11-минут (0:1);  Игорь Сергеев, 27-минут (1:1); Жоао Пауло, 36-минут (1:2); Еркебұлан Нұрғалиев, 43-минут (2:2);  Жоао Пауло, 74-минут, пенальти (2:3); Рифат Нурмугамет, 86-минут (3:3); Сергей Хижниченко, 90+1 минут (3:4); Михал Йерабек, 90+4 минут (4:4).

Ескерту қағазын алғандар: Тонго Думбия, 24-минут; Рустам Темірхан, 33-минут; Лаша Тотадзе, 74-минут («Ақтөбе») — Самат Шәмші, 39-минут («Ордабасы»).

9 сәуір 2021 жыл. Алматы қаласы, «Жас қыран» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов, қақпашы, Армен Манучарян, Михал Йерабек, Лаша Тотадзе, Рустам Темірхан, Юрий Перцух (Рифат Нурмугамет, 80-минут), Тонго Думбия, Дидар Жалмұқан (Максим Самородов, 61-минут), Еркебұлан Нұрғалиев, Максим Федин (Эрвейн Мукам, 77-минут), Игорь Сергеев (Боян Дубайич, 81-минут).

Бас бапкер Алексей Бага.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 2 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1).

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 4 кездесуді де сырт алаңда өткізіп, 1 рет жеңді, 3 рет тең түсті.  Доп айырмашылығы — 9:7.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Жетісу»-«Тобыл» — 0:2

Гол авторлары: Алекса Аманович, 25-минут (0:1); Элгуджа Лобжанидзе, 74-минут (0:2).

10 сәуір 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақжайық»-«Қызылжар СК» — 0:1

Гол авторы: Эльдар Абдрахманов, 48-минут, автогол (0:1).

84-минутта Данило Алмейда («Қызылжар») ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды.

9 сәуір 2021 жыл. Орал қаласы, «Ақжайық» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Астана»-«Атырау» — 6:2

Гол авторлары: Алекс Джуниор, 11-минут (0:1); Абат Айымбетов, 23-минут (1:1); Абзал Бейсебеков, 30-минут (2:1); Абзал Бейсебеков, 38-минут (3:1); Абат Айымбетов, 64-минут (4:1); Брайан, 79-минут (4:2); Роман Муртазаев, 90-минут (5:2); Роман Муртазаев, 90+4 минут (6:2). 

35-минутта Алекс Джуниор («Астана») пенальтиден доп соға алмай қалды.

10 сәуір 2021 жыл. Нур-Сұлтан, «Астана Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Қайрат»-«Тұран» — 5:1

Гол авторлары: Айбол Әбікен, 2-минут (1:0); Камо Оганесян, 5-минут (2:0); Айбол Әбікен, 30-минут (3:0); Хосе Канте, 43-минут (4:0); Қасым Таипов, 89-минут (4:1); Адеринсола Эсеола, 90+1 минут (5:0);

Ойынның 38-минутында Бранислав Янкович («Тұран») ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды.

10 сәуір 2021 жыл. Алматы, Орталық стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Тараз»-«Шахтер» — 4:0

Гол авторлары: Фейт Обилор, 20-минут (1:0); Фейт Обилор, 44-минут (2:0); Педро Эуженио, 51-минут (3:0); Ненад Адамович, 90+2 минут (4:0).

9 сәуір 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион, 1500 адам.

«Қайсар»-«Каспий» — 2:1

Гол авторлары: Руслан Мингазов, 26-минут (0:1); Каролис Лаукжемис, 47-минут (1:1); Шоқан Абзалов, 81-минут (2:1).

9 сәуір 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. 1200 адам.

*   *   *

Үш турдан соң алғашқы алтылықта 10-7 ұпайдан жинаған командалар келе жатыр: «Қайрат» (Алматы) — 10; «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 8; «Тараз» (Тараз) — 8; «Тобыл» (Қостанай) — 8; «Ордабасы» (Шымкент) — 7; «Қызылжар» СК (Петропавл) — 7.

7-11 орын иелері: «Каспий» (Ақтау) — 4; «Қайсар» (Қызылорда) — 4; «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 3; «Ақжайық» (Орал) — 3; «Тұран» (Түркістан) — 2.

Ал 12-14 орындардағы «Жетісу» (Талдықорған), «Шахтер» (Қарағанды), «Атырау» (Атырау) командаларында әзірге еш ұпай жоқ.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен үш командадан — «Ақтөбе», «Жетісу», «Шахтерден» үш ұпай шегерілгенін (уақытша деуге болады) еске саламыз. Сондай-ақ «Ордабасы» мен «Қызылжар СК» командалары әзірге 3 кездесуден өткізді.

*   *   *

5-тур кездесулері:

13 сәуір, сейсенбі:

«ҚЫЗЫЛЖАР СК» — «АҚТӨБЕ»

«Шахтер» — «Ақжайық»

14 сәуір, сәрсенбі

«Атырау» — «Жетісу»

«Каспий» — «Қайрат»

«Тобыл» — «Қайсар»

«Ордабасы» — «Астана»

«Тұран» — «Тараз»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button