Басты жаңалықтарДенсаулық

Жаңа қаулы шықты: сақтық шараларын қатаң ұстаныңыздар!

Ақтөбе облысы 30 наурыздан бастап коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қызыл аймаққа енді. Осы орайда кеше облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысын түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің биылғы жылдың 30 наурыздағы №ПГСВ-12 қаулысы бойынша өңірімізде конференциялар, көрмелер, форумдар, ойын-сауық, спорттық, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шаралар өткізуге, ас беруге, ойын-сауық мекемелерінің, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары және аттракциондардың, букмекерлік кеңселердің және лото-клубтардың қызметіне, кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен жалпы білім беру, орта және жоғары оқу ұйымдарындағы асханалардың, банкет залдарының жұмысына тыйым салынады.

  • Қаулыға сәйкес, алдағы рамазан айында ұжымдық ауызашар өткізуге, қалааралық, облысаралық және облысішілік тұрақты автобустардың қозғалысына, сондай-ақ театрлардың, кинотеатрлардың, концерттік залдардың, мұражайлардың, кітапханалардың жұмысына тыйым салынады. Ал сауда үйлері мен сауда желілеріне, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарларына, сауна-моншаларға, алдын ала жазылу бойынша сұлулық салондары мен шаштараздарға, басқа да орталықтарға жексенбі күнінен басқа (локдаун) жұмыс және сенбі күндері ішкі тәртіпке сәйкес жұмыс жасауға рұқсат беріледі. Дегенмен сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек, бұл індет тұрғындардың денсаулығына қауіпті. Сондықтан облыстағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз тұрғындарға адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармауға, көшеге шыққанда бетперде тағып жүруге, сондай-ақ қоғамдық көліктер мен көпшілік орындарда сақ жүруге кеңес береміз, — деді ол.

Айта кету керек, сәуір айында білім беру ұйымдарында 4-тоқсан басталады. Осыған орай жаңа қаулыға сәйкес, бала саны 300-ден асатын мектептерде қашықтан оқыту болса, контингенті 300 оқушыға дейінгі мектептерде сыныптағы бала саны 25 адамға дейін дәстүрлі форматта оқыту жүзеге асырылады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button